Махаббат – мәңгілік тақырып

Әрине он жыл бұрын оқылған кітаптың кейбір тұстары санамнан өше бастағаны және бар. Ондайда кітап сөремде сақталып тұрған кітапты қолыма алып, бір шолып шыға қоямын. Жақында «Ғашықтар» романын қайта оқып шықтым.
Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетінде ғана емес, қазақ тарихының төрінен орын алатын дара тұлға. Әрине автордың «Көшпенділер» тарихи трилогиясы көпшілікке жақсы таныс. Ілияс Есенберлин Қазақ хандығының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресі тақырыбына қалам тартты. Жай қалам тартып қоймады, өзінің эпикалық құлашын кеңге сермеп, қазақ тарихының кемеңгер көсемдерінің қайталанбас бейнесін сомдай алды. Ал «Ғашықтардың» жөні бір басқа...
Романның басты кейіпкері – Жантас. Әкесі соғыста, шешесі аурудан дүние салған. Жастайынан әжесі «Қара кемпірдің» тәлімі мен тәрбиесін алып өскен. Одан басқа жалғыз сүйенері – қарындасы Базаркүл. Ағалы-қарындасты бір жылда студент атанып шыға келеді. Жантас Ленинградтағы Репин атындағы институтқа оқуға түссе, Базаркүл сурет өнері техникумына кіреді. Бірақ әрине үлкен қала өмірі оңайға соқпайды. Үлкен қаламен бірге бұл екеуінің үлкен өмірі басталып кетеді. Студент атанған алғашқы жылдары Мыстаудан «Әжең, қара кемпір, қайтыс болды» деген суыт хабар жетеді. Бұл жалғыз әжесіне қарап өскен бозбала үшін өте ауыр соққы болды. Тағдырдың соқтықпалы соқпағына көнуден басқа амал жоқ, ағалы-қарындасты бір-бірін жұбатып қала береді. Одан кейінгі роман бойы Жантастың басынан өткен оқиғалармен жалғас табады. Қарындасы Базаркүлдің тұрмысқа шығуы да байыппен суреттеледі. «Бірге туғанмен бірге тұрмақ жоқ» екенін білгенімен, аға жүрек қарындасының жат үйге ұзап бара жатқанына шыдас бере алмайды. Осылай бірінші жақта баяндалған роман қызықты оқиғалар желісімен жалғаса түседі. Одан кейін Жантастың ынтықтығы ауған Ұлбосын және Үміт, Шерубай, Аяужан бейнелері айқын суреттеледі.
Бір айта кетерлігі, Жантас өзі мүсінші ғой, содан болар қай кейіпкерді болсын бір қарағанда бет-бейнесіне қарап мінез-құлқын жобалап отырады. «Сырт бейне мен ішкі дүниенің арасында көзге көрінбес табиғи байланыс бар емес пе? Ол байланыс кейде өзгеруі мүмкін, бірақ жалпы жан сезімінің биологиялық тұрғыда бірін-бірі анықтайтын, бірін-бірі толықтыратын табиғи құбылыстар болуы сөзсіз тәрізді. Витринада не тұрса, дүкен ішінде де соны көресің» дейді кейіпкер. Шындығында, романда тек кейіпкердің өмірі ғана емес, өмірдің сан қыры, махаббат, сатқындық, достық, сезім, адамның небір күйі мен өмірдің сан бір қыры көркем суреттелген. Оқып отырып, ойланасың, ойға шомасың. Ал ең жақсы кітаптың негізгі мақсаты да сол – оқырманына ой салу деп білеміз.
Кітап оқығанда ұнаған жерін қаламсаппен белгілеп қоятын әдетім бар. Сондай бір белгіленген тұстан оқырманға қалдыра кетейін. «Кейде маған адам баласының дарыны гүл секілді болып көрінеді. Ол гүл қалай болса, солай өсе беретін арам шөп емес, оған алтын күн нұры, самал жел, нөсерлете құйған жауын керек деп ойлаймын. Гүлге сен қанша өс десең де, күздің қара суығында өсе ала ма? Дарын да сол гүл тәрізді, оны гүлдендіретін де, иісін жұпар аңқытып, шешек аттыратын да, бүрситіп сарғайтатын да – заманы. Заманы құр дарынды ғана билей ме? Заман адамның өзін билейді» деп бір түйеді. Иә, қолға алған бұл кітапта бұндай ұнамды, түртіп алар тұс көптеп кездеседі. Әрбір ой, әрбір абзац терең мағынаға, мәнге құралған. Оқып отырып, жан дүниең қуанышқа да бөленеді, бір тұста «әттеген-ай» деп кейіпкермен бірге мұңға батасың. Бұның бәрі, әрине, автордың шеберлігі.
Жалпы роман қаншабір қиыншылықтан өткен Жантас пен Аяужанның үй болуымен, одан арғы тіршілікпен өріліп, «Ендігі бар арманым – осы Аяужан секілді бақытымнан мәңгі айырылмасам екен. Ол шыққан сонау еңбек биігіне, мен өзімнің өнеріммен, дарыныммен көтеріле алсам, тілектері орындалған дүниедегі шын ғашықтар біз болар едік. Біздің алдымызда қалған арман тек осы ғана. Бұл арманға жететінімізге де мен қатты сенем, өйткені біз шын ғашықтар өтетін сыннан өттік. Ал өмірде ғашықтық сынынан қиын сын бар ма?» деп қорытындыланады.
Ұлы сезімнің ардақтылығы баяндалатын романды бір мақаламен талдап шығудың мүмкіндігі аздау. Сол себепті оқырман қауымға аталған кітапты оқып шығуды ұсынамыз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден