Өз саласының нағыз маманы
Ала жаздай маңдай терін төккен еңбекшілер науқандық жұмысты абыроймен аяқтап, астықты ысырапсыз қамбаға құйды. Соның нәтижесінде тағы бір мерейлі жыл артта қалып, ел несібесі молайды. Бұл істе сонау ерте көктемнен барлық тіршілікті үйлестіріп келе жатқан бригадирлерге артылған жауапкершілік мол. Ал мұндайда Батырбек Сарыбаев секілді тәжірибелі бригадирлер ерекше еңбегімен көрінді.
Қалжан ахун ауылындағы «БАҚ» шаруа қожалығының білікті бригадирінің егін саласына келгеніне 20 жылдан аса уақыт болды. Ол осы уақыт аралығында егін егудің қыр-сырына қанығып, кәнігі маман болған.
Кейіпкеріміз әке жолын қуып, егістік танапта еңбекпен есейген. Әкесі Қуандық Сарыбаевты ауыл жұртшылығы жақсы таниды. Ол кісі Қалжан ахун ауылындағы шаруашылықта диқан болып, ертелі-кеш егін басында еңбек еткен. Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнап, егіннен береке тапқан. Бүгінде сол еселі бейнетінің зейнетін Құдай қосқан қосағы Бибіғанша Әбіловамен бірге көріп отыр. Міне, сол әкенің егін саласындағы жеткен жетістігін көрген Батырбек Сарыбаев та өзінің мамандығын есейген шақтан диқаншылықпен байланыстырған.
– Тарихы терең Қалжан ахун ауылында өсіп-өндік. Жастайымыздан еңбекке, ауыо тіршілігіне араласып, шаруашылық жұмысына кірісіп кеттік. Жаңа ғасыр басталған шақтан осы елді мекендегі шаруашылықта күріш егіп, бастадым. Сырдың басты дақылы ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан күрішті мәпелей білсең, одан мол өнім аласың, мерейің тасиды. Мұны маған әкем үнемі айтып отырады. Сондықтан алғашқы жылдары әкемнің ақыл-кеңесін тыңдап, егін ектік. Шаруашылықтағы кәнігі диқандар да өздерінің көмектерін көрсетті. Одан кейін тәжірибе толысып, Сыр салысын күтіп-баптауға машықтандым. Соның арқасында құт қамбаға мол өнім құйып, айтулы жетістіктерге жетіп келемін. Диқан үшін астықтың мол болғаны олжа, – дейді еңбек адамы.
Ал Б.Сарыбаевтың «БАҚ» шаруа қожалығында бригадир болғанына биылмен 3 жыл. Егін саласындағы тәжірибесі толыққан, жауапкершілігі мол маманды басшылық құрам да бригадир етіп қойған.
– Батырбек – өз саласының нағыз маманы. Өзі еңбеккеш. Егін егетін еңбеккерлердің барлығы күнмен таласа жүріп егістік танапқа жетіп, маңдай терлерін төгеді. Ерте тұрып, кетпенін сайлап, жұмысқа шығады. Олардың егістігінің жағдайын бақылау, саладағы жұмыстарды үйлестіру, егін егу, оны жинау, барлығы бригадир міндетіне кіреді. Міне, осындай жауапкершілікті біз шаруашылық бригадирі Батырбек Сарыбаевқа жүктедік. Бұл салада оның тәжірибесі мол, сондай-ақ жұмыстың көзін біледі, өз ісіне жауаптылық танытады. Қандай мәселе де жұмыстың бітуіне іс қылады. Сондықтан шаруашылық жұмысы осындай білікті кадрлардың арқасында жүйелі жүргізіліп жатыр, – дейді шаруа қожалық төрағасы Серік Әбжәлиев.
Қазіргі таңда «БАҚ» шаруа қожалығында 1 бригада жұмыс істейді. Тәжірибелі маман басқаратын осы бригада биыл 523 гектар жерге егін еккен. Одан 57,1 центнерден орта өнім алған. Ел несібесінің молаюына Артур Нұрғалиев бастаған диқандар елеулі үлес қосқан. Диқан гектарына 73 центнерден өнім алып, қырманды астықпен көмкерген. Одан бөлек, шаруашылықтағы диқандар да жақсы көрсеткіш көрсетіп, алтын күзде мерейлері үстем болған.
Тәжірибелі бригадир Құдай қосқан қосағы Анар Қойшыбаевамен бірге 3 ұл тәрбиелеп отыр. Бүгінде олардың алды жоғары оқу орнын бітірсе, бірі әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеуде, енді бірі білім алуда. Кейіпкеріміздің жары А.Қойшыбаева да «БАҚ» шаруа қожалығында аспазшы болып еңбек етеді.
«Еңбегімен ер сыйлы» десек, егін саласындағы тәжірибесі мол бригадир өз бейнетінің арқасында құрметке бөленуде. Жұмысты ұтымды ұйымдастырып, диқандардың мерейге бөленуінде білікті бригадирдің еңбегі зор. Сондықтан да «БАҚ» шарау қожалығының тәжірибелі қызметкері Батырбек Сарыбаев егін егудегі жетістігі үшін көптеген марапаттар алса, бригадир болғалы да еңбегі лайықты бағалануда. Осындай тәжірибелі мамандардың еселі еңбегі күрішті өлке атанған Сыр елінің мерейін үстем етуде.
Е.БЕРКІНБАЕВ