«Open Talk»: ұстаздың алақанындағы ел болашағы
«Әділет» партиясының Сырдария аудандық филиалы «Ұстаздың алақанындағы ел болашағы» тақырыбында «Open Talk» іс-шарасын өткізді. Іс-шараға білім беру ұйымдарының директорлары, ұстаздар, бастауыш партия ұйымының мүшелері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.«Open Talk» іс-шарасында «Әділет» партиясының Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асып жатқанын айтып, реформалардың түпкі мәні мен мақсаты – еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени дамуына тың серпін беру екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен, халықтың қолдауымен жүзеге асып жатқан реформаларды нақты әрі нәтижелі іске асыратын білікті, білімді кадрлар болса, сол кадрларды даярлайтын, дайындайтын, қарапайым тілмен айтқанда, елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын азаматтардың талабы менталантын ұштайтын, ол – ұстаздар қауымы. Сондықтан ұстаздарға артылатын міндет жоғары, жауапкершілік те орасан. Сәйкесінше, мұғалімдер қауымына құрметіміз бен ықыласымыз да ерекше. Міржақып Дулатұлы: «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген екен. Иә, расында да мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға, ол әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі зор, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Жиында №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің директоры, «Құндызды» бастауыш партия ұйымының төрағасы Д.Қожахметов, Оқушылар үйінің директоры М.Төлегенов және №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейі директорының бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасары Ж.Сәркеева сөз сөйлеп, пікір білдірді.
– Соңғы бес жылда елімізде білім саласын дамыту бағытында көп жұмыс істелді. Білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. Балалардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жасалуда. Бұл деректі халық білуі керек, себебі мемлекет жас ұрпақтың біліміне және ұстаздардың жағдайына баса назар аударып жатыр. Қазіргідей құбылмалы заманда сапалы біліммен қатар, саналы тәрбиенің маңызы ерекше. Біз осы мәселеге баса назар аударуымыз керек. Бұл іске мемлекет те, мектеп те, отбасы да бірдей атсалысуы қажет. Басты мақсат – жас ұрпақтың санасына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру, оларды отаншыл рухта тәрбиелеу, – деді №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің директоры, «Құндызды» бастауыш партия ұйымының төрағасы Д.Қожахметов.
Өз кезегінде Оқушылар үйінің директоры М.Төлегенов балалардың бос уақытын үйірмелерге арнау өте маңызды екенін айтып өтті.
– Үйірме арқылы бала өз қабілетін дамытып, жаңа нәрселер үйренеді және уақытын тиімді пайдалануға дағдыланады. Әртүрлі спорттық, шығармашылық немесе білім беру үйірмелеріне қатысу баланың қызығушылығын арттырып, өзіне деген сенімін қалыптастырады. Сонымен қатар балалар өз қатарластарымен араласып, достық қарым-қатынас орнатуды және топпен жұмыс істеуді үйренеді. Сондықтан ата-аналар баланың қызығушылығына сай үйірме таңдап, оның бос уақытын пайдалы әрі қызықты өткізуіне жағдай жасағаны дұрыс, – деді М.Төлегенов.
Ал №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейі директорының бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасары Ж.Сәркеева ұстаз бен ата-ананың өзара тығыз байланысы баланың тәрбиесі мен дамуына үлкен әсер ететіні туралы айтты.
– Балаға дұрыс бағыт беру үшін ата-ана мен мұғалім бір-бірімен үнемі пікір алмасып, оның мінез-құлқы, жетістігі мен қызығушылығы туралы ортақ түсінікте болғаны маңызды. Ұстаз білім берсе, ата-ана сол тәрбиені үйде жалғастырып, баланың жауапкершілігін, әдептілігін және адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады. Екі тараптың бірлескен еңбегі нәтижесінде бала өзін түсінетін, қолдайтын ортаны сезініп, жақсы қасиеттерді бойына сіңіреді. Сондықтан бала тәрбиесінде ұстаз бен ата-ананың бір бағытта жұмыс істеуі – маңызды шарт, – деді Ж.Сәркеева.
«Open Talk» іс-шарасында басқа да қатысушылар өз ойларын ортаға салып, білім саласын дамыту бағытындағы бастамалар жөнінде пікіралмасты. «Әділет» партиясының Сырдария аудандық филиалы алдағы уақытта да түрлі тақырыптарда «Open Talk» іс-шарасын өткізетін болады.
«Тт» ақпарат










