«Руханият» орталығында кездесу өткізді
Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, аудандық мәслихаттағы депутаттық Фракция жетекшісі А.Ибрагимұлы «Руханият» орталығында кездесу өткізді. Кездесуде «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлуалды бағдарламасының орындалуы туралы айтылды.Сонымен қатар партиялық жобаларды іске асыру, оның ішінде «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобалары бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берілді.
– Сіздер жақсы білесіздер, қазір елімізде үлкен саяси реформалар жүзеге асуда. Ең маңыздысы, бұл реформалардың түпкі мәні – Тәуелсіздігімізді нығайту, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру арқылы Әділетті, Қуатты, Таза Қазақстанды құру. Бұл жұмыстарға «AMANAT» партиясы өз үлесін қосып келеді. Бұған сайлауалды бағдарлама аясында іске асып жатқан жұмыстар дәлел бола алады, – деді А.Ибрагимұлы.
Сырдария аудандық мәслихатының депутаты А.Ибрагимұлы ауданда 24 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейтінін, Тереңөзек кентінде 11, ауылдық округтерде 13 бастауыш партия ұйымы бар екенін айтып өтті.
– «AMANAT» партиясының Жарғысы, Тұжырымдамасы және сайлауалды бағдарламасы аясында бүгінде ауданымызда нақты жұмыстар қолға алынған. Партия халыққа берген уәделерін орындау мақсатында кешенді іс-шаралар атқаруда. Ал, партиялық жобаларды жүзеге асыру жергілікті бюджет, нысаналы трансферт және демеушілер есебінен қаржыландырылуда. Ауданымызда «AMANAT» партиясынан ұсынылып, сайланған 2 облыстық және 11 аудандық мәслихат депутаты бар. Облыстық мәслихат депутаттарының қабылдауы аудандық партия филиалында тұрақты түрде өткізіліп келеді, – деді А.Ибрагимұлы.
Жиында қатысушылардың да сұрақтарына жауап беріліп, ұсыныс-пікірі тыңдалды. Кездесу қорытындысында Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, аудандық мәслихаттағы депутаттық Фракция жетекшісі А.Ибрагимұлы «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының есігі әрбір тұрғын үшін ашық екенін айтып, бастауыш партия ұйымдарының мүшелерімен бірлесе атқарылатын жоспарлар туралы да кеңінен айтып өтті.










