Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәлімгерліктен басталған жол

Тәлімгерліктен басталған жол

Ұстаз – ұлы есім. Осынау құдіретті есімнің шәкірт жүрегінде, қоғамда, бүкіл әлемде алатын орны ерекше болып қала бермек. Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп бекер айтпаса керек-ті.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, ұлағатты ұлы есімді ұлық­тап жүрген ұстаз Салтанат Кенебаева – үлгілі Н.Ілиясов ауылындағы Т.Айтбаев атындағы №132 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бүгінде бала жа­нының бағбаны өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беруде білімімен қоса білік­тілігі­нің арқасында жан-жақты қырымен оза шап­қан үлгі тұтар ұстаздың бірі. Салтанат Арыстанбекқызы – Қызылорда облысына қарасты Абай ауылының тумасы. Мектеп кезінен білімді, талантты оқушы оқу бітірген соң М.Мәметова атындағы педагогикалық училищенің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуын тәмамдаған соң өзінің ауылындағы мектепте ең алғашқы еңбек жолын тәлімгер болып бастайды. Екі жыл көлемінде жұмыс істеген тәлімгер Н.Ілиясов ауылына қоныс аударып, осындағы білім ордасында тәлімгерлік қызметін жалғастырады. Жаңа орта, жаңа мектепте қызметін бастаған жас ұстаз ұжым­дастарымен жақсы қарым-қатынас орнатып, оқушылармен көптеген қызықты іс-шаралар өткізіп, саналы ұрпақ дайын­дауда өз үлесін қоса біледі. Тәлімгерліктен бастап, мектеп директорының хатшысы, кадр бөлімінде, шағын орталық тәрбиешісі болып түрлі қызметте өзін сан қырынан көрсете білді. Осындай жауапты қызметті атқара жүріп, мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласты. Сондай-ақ білімін жетілдіру мақсатында «Болашақ» университетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түседі. Ең бастысы, «өз пәніммен және сыныппен жұмыс жасау мен үшін үлкен бақыт» дейді саналы ғұмырын ұлы қызмет жолына арнап, қызмет етіп келе жатқан білікті ұстаз.

– Өзімді дамытудан, ізденуден ешқашан жалыққан емеспін. Себебі біздің қолымызда келер ұрпақтың болашағы тұр. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, жан-жақты, білімді ұстазды көрген жас ұрпақ өздерінің бойына ұстаздағы жақсы қасиетті алып, ұстазына ұқсауға тырысатыны айтпаса да түсінікті. Бала – біздің болашағымыз. Олардың жұлдызын жағып, мемлекетіміздің саналы, білімді, тәрбиелі ұрпағы болып қалып­тасуына біздің қосатын үлесіміз өте көп екенін сезінемін. Балалармен жұмыс жасаудың қиын­дығы мен қызықшылығын түсіне білдім. Ұстаздық жолымды жетістіктер мен жақсы, сәтті күндерге толтыруға тырысамын. Өсіп келе жатқан ұр­пақтың жүрегінде еліне, же­ріне деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімін дамыту үшін әлі де күш-жігерімді саламын. Барша ұстаздарды төл мерекемен құттық­таймын! Қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметтік жолдарына толағай табыс тілеймін, – дейді шәкірт тәрбиелеу мен адал қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдыра білген Салтанат Кенебаева.

Өзінің 20 жылдық тәжірибесі арқылы жан-жақты дами білген ізденімпаз ұстаздың жеткен жетістігі бір төбе. Әрқашан оқушыларын өз пәніне қызықтырып қана қоймай, әр сабағын жаңа әдіс-тәсілмен өткізетін жаңашыл ұстаз Қызылорда облысы білім басқармасының дипломы, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің Құрмет грамотасы, аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мұнан бөлек, спорт пен өнерді қатар алып жүр­ген ұстаз Қазақстан Республикасының білім саласындағы кәсіподақ ұйымының 100 жылдығына орай мұғалімдер арасында ұйым­дастырылған 6 шақырым қашықтыққа жүгіруден жүлделі 1-орын иеленді.


Шәкіртінің жетістігі – ұстаздың еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Бүгінде республикалық, об­лыстық, аудандық байқауларда, пәндік олимпиада, мектеп театрында да өнер көрсе­тетін шәкірттері жетістікке жетіп келеді. Атап айтар болсақ, «Театрдың ғажайып әлемі» республикалық фестивалінде ІІІ орын, «Темірбек Жүргенов – тарихи тұлға, ұлт жанашыры» тақырыбында театрланған көрінісінде ІІІ орыннан көрінді. Сондай-ақ биыл «Театр­дың ғажайып әлемі» республикалық фес­тивалінде ІІ орын және де «Үздік жас актер» номинациясын шәкірті Айтөре Жалғасбай жеңіп алды. Бұл ұстаздың жеткен жетістігінің бір бөлігі ғана.

Қазіргі таңда қызметімен қатар отбасын да қатар алып жүрген асыл жар, аяулы ана. Жолдасы нағилық Нұржан Телеуовпен 4 бала тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы анасының жо­лын қуып, Абай атындағы педагогикалық университетінің 3-курс студенті. «Отбасында көрген-білгенін әрі қарай дамыту, шыңдау мақ­сатында балаларымның ұстаздық жолды таң­дауына қарсы емеспін» дейді ұстаздық сара жолды өнеге етіп көрсете білген ұстаз-ана.


Са­налы ғұмырын шәкіртінің өмірде тұлға болып қалыптасуына өз үлесін қосып жүрген ұстаздың еңбегі қашан да бағалы.

Таңшолпан Шанжарханова
05 қазан 2024 ж. 134 0