Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

№74 газет

29 қыркүйек 2026 ж.

№73 газет

26 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Ұлт құндылығын дәріптеген тарихшы

Ұлт құндылығын дәріптеген тарихшы

Мектеп өмірінде әрбір пәннің алатын орны ерекше. Оның әрқайсысы оқушының тұлға болып қалыптасуына қажет. Соның ішінде, тарих пәні әр кезеңдегі қоғамдық, мемлекеттік, жаһандық қозғалыстар туралы білім береді. Жас ұрпақ бойына ұлт құндылығын дарытып, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектептің ұстазы Нұрхан Күдербаева – тарих пәнінің мұғалімі.

Қоғалыкөл ауылындағы мектепте сабақ беретін ұстаз оқушыларына ұлттық игілік пен адамзат құндылығын рухани-мәдени мұрамен сабақтастырып, білім мен тәрбие беруде. Әрбір оқушының санасына тарихты сіңіріп, өзіндік оқу әдістемесін қолданатын ұстаз алғашқы еңбек жолын бастаған кезден-ақ оқушылардың тарихи ойлау қабілетін, сыни тұрғыдан ойлауын, зерттеушілік дағдысын қалыптастыруға ерекше көңіл ау­дарады.

– Өзім туып өскен Қоғалыкөл ауылындағы мектепте оқып, тарих пәніне ерекше қызығушылық таныттым. Туған өлкенің тарихын, халқымыздың ұлттық құндылықтары мен тарихи мұрасын зерделеуге ынталы болдым. Ұстаздық мамандықты таңдауыма мектептегі мұғалімдерімнің еңбегі мен тәлімі үлкен әсер етті, – дейді ұстаздық жолды таңдаған Нұрхан Күдербаева.

Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы педагогикалық институтының түлегі «Тарих және қоғамдық пәндер негіздері» факультетін бітіріп, еңбек жолын 1994 жылы бастайды. Содан бері 32 жыл бойы ауданның білім беру саласында үздіксіз қызмет атқаруда. Ұстаздық жолдың барлық кезеңінде тарих пәнінің мұғалімі ретінде оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты міндетім деп біледі. Ардақты ұстаз сабақ барысында заманауи педагогикалық технологияларды, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға машықтануда. Топтық және жұптық жұмысты, жасанды интеллект пен жобалық-зерттеу әдістерін тиімді қолдануға, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жұмысты жүргізуді мақсат етуде. Ұлағатты ұстаз балаларға сапалы білім берумен қатар, олардың бойында отансүйгіштік, елжандылық, жауапкершілік, адамгершілік және ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда. Нұрхан Жетпісбайқызы әрбір сабағында шәкірттеріне ата-бабамыздың жүріп өткен жолын таныстырып, Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің маңызын түсіндіруге басымдық береді.

– Көп жылдық еңбек тәжірибемді жас мамандармен бөлісіп, әріптестеріме әдістемелік көмек көрсетіп, мектептің қоғамдық және педагогикалық жұмыстарына белсенді араласамын. Пән бірлестігінің жұмысына қатысып, ашық сабақ, сыныптан тыс іс-шара, әдістемелік семинарлар мен тәрбиелік бағыттағы жұмысты ұйымдастыруға атсалысамын. Оқушылардың пәндік білімін жетілдіруге, олардың түрлі олимпиадаға, ғылыми жобаға, тарихи-танымдық байқау мен сайысқа қатысуына бағыт-бағдар беремін. Педагогикалық қызметімде үнемі ізденіп, кәсіби біліктілігімді арттыруға, жаңа әдіс-тәсілді меңгеруге және білім беру саласындағы өзгерістерге бейімделуге ұмтыламын. Қазіргі заман талабына сай цифрлық ресурс пен жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісінде тиімді қолдану педагог ретіндегі мақсатым, – дейді тәжірибелі ұстаз.

Ұстаздықты үлкен жауапкершілік әрі абыройлы міндет деп бағалайтын, оқушылардың жетістігіне қуанып, олардың болашағына бағыт-бағдар беру – басты кәсіби құндылық деп санайтын ұстаз білім беру саласына қосқан үлесі үшін Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен, түрлі марапат және сертификаттармен марапатталды.

Нұрхан Жетпісбайқызының оқушылары биылғы оқу жылында жетістіктерге жетіп, ұстаз, мектеп абыройын асқақтатуда. Мектеп оқушысы Аяулым Балғабай білім саласының ардагері С.Нұртаев атындағы қазақстан тарихы пәнінен республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінің жеңімпазы атанса, дарынды оқушы «Менің Отаныма – менің бас­тамам» республикалық шығармашылық жобалар байқауының аудандық кезеңінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» номинациясы бойынша екінші орын алды. Тағы бір оқушысы Айару Дауылбай «Ақбота» зияткерлік олимпиадасының үшінші орын жүлдегері болды. Өткен оқу жылында ұстаздың оқушысы Мақсат Елтабар грант иегері атанғаны ұстаз еңбегінің жемісі.

Мерейлі мерекеге елеулі жетістікпен жеткен ұстаз отбасында аяулы ана. Бір қыз тәрбиелеп, екі немеренің әжесі атанған ардақты жан ұлағатты жолды жалғастыруда.


Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
03 қазан 2026 ж. 68 0