Басты қаруымыз – балаға деген сүйіспеншілік
Халқымыз «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» дейді. Сол дүниені жарық етіп, баланың шамшырағын жағатын ұлағатты ұстаз – әрбір жанды темірқазықтай жетелеп, нұрлы шырақ жаққандай тура жол сілтейтін тұлға. Сондықтан бұл фәниде мұғалімнің алдын көрмеген, ұлағатты ұстаздан тәлім алмаған жан жоқ шығар, сірә?! Шәкірттерінің жүрегінен жол тауып жүрген ұстаздардың бірі – Мұхитбек Тәжекеев.
Тарихшы мұғалімнің аудан орталығынан шалғайда орналасқан Айдарлы ауылындағы білім қабырғасында 22 жыл еңбек өтілі бар. Өзі осында туылып, ауылдағы №139 орта мектепте оқыған. Мектеп қабырғасынан соң Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде жоғары білім алды. Өзі жастайынан ел шежіресіне епті болған соң жоғары оқу орнында білікті ұстаздардан тарих пәнінің қыр-сырын меңгерді. Сондай-ақ сабақ берудің әдіс-тәсілдерін үйренді.
Жоғары білімі бар жас маман еңбек жолын жаңа ғасырдың басында өзі білім алған мектепте бастайды. Содан табан аудармастан 22 жыл бойына ауыл мектебінде оқушыларды қазақ тарихымен сусындатып келеді. Одан бөлек дінтану және құқық негіздері пәндері бойынша да шәкірт бойына білім дарытуда.
– Өткен тарихсыз болашақ жоқ. Әркім өз елінің, жерінің тарихын білуі керек. Сондықтан білім ошағында оқушыларға ел тарихы мен шежіресін, бізге егемендіктің қандай жолмен келгенін түсіндіріп, ұғындырып келемін. «Тарихты тұлғалар жасайды» десек, біздің ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойына қазақ елі үшін сан соқпақты жолдардан өтті, жан аямады. Міне, сол тұлғалар, олар жасаған тарих жас ұрпақ бойында сайрап тұруы тиіс, – дейді ұлағатты ұстаз.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді дана халқымыз. Ұстаздың елеулі еңбегі шәкірттерінің жетістігінен көрінеді. Бұған келгенде білікті тарихшының беделі жоғары. Олай дейтініміз, М.Тәжекеевтен тәлім алған оқушылар түрлі байқауларда топ жарып жүр. Мәселен, «Этносаралық татулық» тақырыбы бойынша Аягөз Тұрсынбай ғылыми жоба қорғап, облыстан жүлде алған. Ал құқық негіздері бойынша пәндік олимпиадада Ақбота Құрымбай облыстан І орын иеленді. Бұдан өзге шәкірттері де білікті ұстаздан тәлім алғандарын дәлелдеуде. Тағы айта кететіні, айдарлылық ұстаздың «Мемлекет басшысының Жолдауларын тарих пәнінде оқыту» және тағы да басқа тақырыптардағы авторлық бағдарламалары бар.
Қадірлі мамандық иесі әр жылдары құрметке бөленіп, арнайы марапаттарға ие болуда. Ұлағатты ұстаз Қызылорда облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімі мен кәсіподақтардың «Құрмет грамотасымен» және аудан әкімінің «Алғысымен» марапатталған. Одан бөлек, өз саласының білгірі өткен оқу жылында «Үздік дінтану пәнінің мұғалімі» атанды.
Тарихты тереңінен қаузайтын ұстаздың Құдай қосқан жұбайы да мұғалім. Айна Дүйсенбаева да ауылдағы мектепте бастауыш пәні мұғалімі болып, оқушыларға әріп танытып жүр. Қос мұғалім бүгінде ауыл балаларын тәрбиелеп, жұртшылықтың алғысына бөленнген. Елді мекендегі ұстаздар отбасында 2 қыз, 1 ұл тәрбиеленіп, бүгінде алды жоғары оқу орнында білім алуда.
– Мұғалімнің ең басты қаруы – балаға деген сүйіспеншілік. Өзіміздің тарихты білмесек, болашақты болжаудың өзі қиын. Сол себепті бала кезден таңдаған мамандық бойынша өскелең ұрпақты тәрбиелеп, тарихымызды ұғындырып, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге еңбек етудемін. Негізінен, қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған тарихы, мәдениеті, танымдық мұрасы мен дүниетанымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы – баға жетпес асыл мұра. Бұл рухани байлықты сақтап, әрі қарай дамыту, ұлы дала кеңістігінен шыққан өркениет жетістіктерін жеткізу – біздің міндет, – дейді тарихшы мұғалім.
Ердос БЕРКІНБАЕВ