Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЭКСПЕДИЦИЯНЫҢ «ҮЗДІК АРХЕОЛОГЫ»

ЭКСПЕДИЦИЯНЫҢ «ҮЗДІК АРХЕОЛОГЫ»

«Балапан» телеарнасы жастардың ту­ған жер тарихын біліп, танысу үшін өт­кен жылдан «Жұмбақ жер» реа­лити-шоуын ұйымдастырып келеді. Он­дағы негізгі мақсат – өскелең ұрпақ бойындағы өз Отанына деген махаббатты арттырып, бай тарихи мұрамен таныстыру. Жастар арасынан болашақ тарихшы, археолог мамандардың шығуына сеп болып, елімізде әлі сыры ашылмаған археологиялық орындарды зерттеуге үлес қосу. Бұл бағдарлама биыл да жалғасын тауып, жасөспірімдер тарихи орындардың сырына қанық болуда.
Жалпы кең байтақ қазақ жері тұнған тарих. Әрбір өңірде байырғы қоныстар мен қалалардың қирандысы, қорымдар, жартас суреттері, жазулар, мазарлар, археологиялық ескерткіштер көп. Мұндай тарихи орындар өзгелердің қызығушылығын туғызып, олардың бірқатары әлемдік рухани мұра санатына енді. Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан кейін байырғы қоныстардың бірқатарына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, өткен заманғы өркениеттің сырлары ашылуда. Мұндай зерттеу жұмыстарына белгілі археолог ғалымдармен бірге жасөспірімдер де атсалысуда.
Жуырда аталмыш бағдарлама аясында республиканың түкпір-түкпірінен жиналған жас зерттеушілер Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы қола дәуіріне тиесілі «Алат» қонысында жүргізілген археологиялық-танымдық экспедицияға қатысты. Олардың ішінде Қызылорда облысынан сырдариялық жас зерттеуші Ақбота Тоқтарбаева қатысып, тарихи орындағы қазба жұмыстарында белсенділік танытты. Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектептің оқушысы экспедиция барысында зерттеулерге атсалысты, мұндағы тарихи жәдігерлермен танысты. Екі аптаға созылған экспедицияда туған жер тарихына қатысты ой-пікірімен бөлісіп, Сыр бойындағы тарихи ескерткіштерге тоқталды. Сол еңбегі үшін «Үздік археолог» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды. Жас зерттеушінің мұндай жетістікке жетуіне жетекшісі Үлпат Қожаназарованың да қосқан үлесі зор. Экспедицияда жоғары ұйымдастырушылық кәсіби қабілетімен ерекшеленген тарих пәнінің мұғалімі телеарна басшылығының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Негізі «Алат» қонысынан қола жəне темір балқытқан пештер табылған. Қазіргі таңда сол пештерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Экспедицияда табиғи жағдайда кен балқыту жұмыстары көрсетілді. Сонымен қатар археологтар мен шетел ғалымдары, жастар 1500-1600 градус жоғары температурадағы темір балқыту ісіне куə болды.

Е.БЕРКІНБАЕВ
10 шілде 2019 ж. 396 0