Сыйлы болам десең, еңбегіңді көрсет
Адам өмірінде мамандық таңдау – маңызды қадам болса, сол кәсіпке адал болып, ұзақ жылдар бойы маңдай термен қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Өз ісіне берілген, еңбекті өмірінің мәні санаған жандардың өнегелі жолы кейінгі буынға қашанда үлгі. Сондай еңбек адамының қатарында Әбдуахит Жүсіпов бар.Әбдуахит Қилымханұлы 1962 жылы дүниеге келген. Бала күнінен еңбекке ерте араласып, қарапайым тіршіліктің қадірін түсініп өсті. Ол №35 М.Калинин атындағы орта мектепте білім алып, кейін кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсті. Мұнда кірпіш қалаушы және ағаш ұстасы мамандығын меңгеріп, құрылыс пен жөндеу жұмысының қыр-сырын үйренді.
Жас маман алғашқы еңбек жолын күріш қабылдау мекемесінен бастады. Еңбекке деген жауапкершілігі мен тиянақтылығы оның кәсіби ортада өз орнын табуына жол ашты. 1981-1983 жылдары азаматтық борышын өтеп, ел алдындағы міндетін абыроймен атқарып келген соң, еңбек жолын қайта жалғастырды. Одан кейін құрылыс-жөндеу мекемесінде он жылға жуық еңбек етіп, тәжірибесін шыңдады. Құрылыс саласында жұмыс істеу адамнан төзімділікті, дәлдікті және ұқыптылықты талап етеді. Әбдуахит Қилымханұлы осы қасиеттің барлығын бойына сіңіріп, ағаш ұстасы кәсібінің білікті маманы ретінде қалыптасты.
Осыдан 31 жыл бұрын оның өмірінде жаңа белес басталды. Ел ағасының еңбек жолындағы ерекше кезең – аудандық ауруханаға жұмысқа қабылдануы. Сол кездегі бас дәрігер Рүстем Садықовтың сенімін ақтап, өзіне тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен атқарды. Кейінгі жылдары да аурухана басшылары мен әріптестерінің қолдауын сезініп, еңбек ұжымының бір мүшесі ретінде қызмет етті. Сол уақыттан бастап аурухананың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, талай жыл бойы мекеменің қалыпты жұмысына өз үлесін қосты. Осылайша аудандық ауруханада 31 жылға жуық ағаш ұстасы қызметін атқарып, жөндеу жұмысын жүргізді. Ауруханадағы әрбір ғимараттың, бөлменің, есік-терезесінің, жиһазының дұрыс әрі сапалы болуы – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, үлкен еңбекті қажет етеді. Осы жұмыстың барлығында Әбдуахит Қилымханұлының қолтаңбасы бар.
– Ауруханада жұмыс істеу мен үшін жай ғана қызмет болған жоқ. Бұл жердегі әр күннің өзіндік жауапкершілігі бар еді. Медициналық мекемеде ең бастысы – науқастарға қолайлы жағдай жасау. Сондықтан жөндеу, ағаш ұсталығы сияқты жұмысты атқарғанда барынша мұқият болуға тырыстым. Бір нәрсе дұрыс жасалмаса, оның артында адамның қауіпсіздігі мен жайлылығы тұрғанын жақсы түсіндім. Сол себепті өз жұмысыма әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарадым. Ағаш ұстасының жұмысы көзге көп көріне бермейді. Бірақ кез келген мекемеде оның еңбегі қажет. Бір есіктің дұрыс жабылуы, бір бөлменің жөнделуі, жиһаздың қалпына келтірілуі – бәрі де уақыт пен шеберлікті талап етеді. Мен өз мамандығымды жақсы көрдім. Жұмысымды адал атқаруды басты мақсат еттім, – дейді Әбдуахит Қилымханұлы.
Ол тек өзіне жүктелген міндетті орындап қана қоймай, әріптестерімен етене жұмыс істеп, мекеменің шаруашылық мәселелерін шешуге атсалысты. Сантехникалық шебер Мейрамбек Әбдіғаппаров, Ерлан Кенбай, электрші Өмірібек Арғынбаев сынды әріптестерімен бірлесе отырып, ауруханадағы жөндеу және техникалық жұмыстың уақытылы атқарылуына үлес қосты.
Аурухананың бас дәрігері Жанар Жұмабаева да Әбдуахит Қилымханұлының көп жылғы еңбегіне жоғары баға береді.
– Әбдуахит Қилымханұлы – аурухана ұжымында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, мекеменің шаруашылық жұмысына елеулі үлес қосқан тәжірибелі маман. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, тапсырылған жұмысты тиянақты орындайтын еңбекқор азамат ретінде ұжым арасында сыйлы болды. Ауруханадағы жөндеу жұмысында оның тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі талай рет қажетіне жарады. Осындай қарапайым еңбегімен мекеменің күнделікті жұмысының қалыпты жүруіне үлес қосқан азаматтың еңбегін ерекше бағалауымыз керек, – дейді Жанар Жұмабаева.
2025 жылдың желтоқсан айында Әбдуахит Қилымханұлы ұзақ жылғы еңбек жолын аяқтап, зейнет демалысына шықты. Бір мекемеде 31 жыл қызмет атқарып, талай буын әріптестерімен бірге еңбек ету – оның өміріндегі үлкен белес.
– Адамның еңбек жолында жақсы адамдардың көп кездескені – үлкен бақыт. Осы жылдар ішінде маған сенім білдірген, қолдау көрсеткен басшыларым мен әріптестерім көп болды. Аурухананың бас дәрігері Жанар Жұмабаеваға, сол кездегі кәсіподақ төрағасы Серік Маханбетовке, шаруашылық бөлімінің бастығы Қайрат Сүлейменовке, әріптесім Данабек Таюповке ерекше алғысымды білдіремін. Бірге еңбек еткен барлық әріптестеріме ризамын. Бірге өткізген жылдар, атқарған жұмыстар, арадағы сыйластық – мен үшін үлкен естелік, – дейді кейіпкер.
Еңбек жолымен қатар Әбдуахит Қилымханұлы отбасының берекесін де басты орынға қойған азамат. 1984 жылы Әлия Бөлебаймен шаңырақ көтеріп, бүгінде үш ұл тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасының әкесі. Жұбайы Әлия да ұзақ жылдар бойы балабақша саласында еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосты. Бүгінде олар бес немеренің қызығын көріп отырған бақытты ата-әже.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










