Өнегелі өмір өрнегі
Қоғамда өз еңбегімен елге сыйлы болып, саналы ғұмырын адал қызмет пен отбасы тәрбиесіне арнаған азаматтар аз емес. Солардың бірі – Ерлан Асанұлы Әбдікәрімов. Оның өмір жолы – еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің және берекелі отбасының айқын үлгісі.Ерлан Асанұлы 1971 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин ауылында дүниеге келген. Туған жердің қарапайым тіршілігі мен ауылдың еңбекқор ортасы оның мінезінің қалыптасуына әсер етіп, жастайынан еңбекке бейім болып өсуіне ықпал етті.
1978 жылы №137 мектептің табалдырығын аттап, білім жолын бастайды. Мектеп қабырғасында жүргенде тәртіптілігімен, алғырлығымен ұстаздарының сеніміне ие болды. 1986 жылы орта білім алып шыққан соң, сол жылы Сырдария ауданы орталығындағы №10 кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсіп, 1986–1989 жылдары кәсіби білім алады.
1989–1991 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп, әскер қатарында қызмет етеді. Әскери өмір оның мінезін шыңдап, тәртіп пен жауапкершілікке баулыды. Әскерден оралған соң туған жерінде еңбек жолын жалғастырып, 1991–1994 жылдары Сәкен Сейфуллин кеңшарында көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді.
1994 жылы оның өмірінде жаңа кезең басталады. Ол Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің мамандандырылған күзет бөлімінде қатардағы милиционер болып қызметке орналасады. 1994–1999 жылдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында еңбек етіп, тәртіп сақшысы ретінде өз міндетін адал атқарды.
Білімін жетілдіру мақсатында 2002 жылы Павлодар қаласындағы заң колледжіне оқуға түседі. Ал 2003 жылы Қызылорда қаласындағы Қылмыстық атқару жүйесіне бақылаушы болып қабылданып, осы салада ұзақ жылдар қызмет етеді. Қызмет барысында аға бақылаушы, жасақ бастығы сияқты жауапты лауазымдарды атқарып, әріптестерінің құрметіне ие болады.
2011 жылы 5547 әскери бөліміне қызмет ауыстырып, әскери салада да абыройлы еңбек етеді. Көп жылғы тәжірибесі мен жауапкершілігінің арқасында әскери наряд бастығы қызметіне дейін көтерілді. 2016 жылдың қыркүйек айында әскери наряд бастығы лауазымымен және аға сержант әскери шенімен құрметті зейнет демалысына шығады.
Ерлан Асанұлының өміріндегі ең үлкен жетістіктердің бірі – оның берекелі отбасы. Жары Айман Сақтағановамен шаңырақ көтергендеріне биыл 34 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде олар екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, балаларына жақсы тәрбие мен білім берді.
Отбасындағы тұңғыштары Асылзат бүгінде Астана қаласында Қылмыстық атқару комитетіне қарасты тергеу изоляторындағы арнайы есепке алу бөлімшесінде аға инспектор болып қызмет атқарады. Ал екінші қыздары Тоғжан Ақтөбе қаласында фармацевтика саласында еңбек етіп, фармацевт бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Үйдің кенжесі Әділхан Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінде аға бақылаушы болып қызмет атқарып жүр.
Балаларының әрқайсысы өз саласында еңбек етіп, ата-анасының берген тәрбиесін ақтап келеді. Бүгінде Ерлан Асанұлы мен Айман апай бес немеренің сүйікті ата-әжесі атанып отыр. Немерелерінің шат күлкісі – олардың өміріндегі ең үлкен қуаныш.
Өмір жолына қарасақ, Ерлан Асанұлы Әбдікәрімов – елге адал қызмет еткен, еңбегімен құрметке ие болған азамат. Оның саналы ғұмыры еңбек пен тәртіпке, отбасы мен ұрпақ тәрбиесіне арналған тағылымды жол. Осындай берекелі шаңырақтар қоғамның берік іргетасы болып қала беретіні сөзсіз.
Фатима МАРАТОВА,
Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық
жұмыстар бөлімшесі бастығының
(мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі)
аға көмекшісі










