Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№59 газет

08 тамыз 2026 ж.

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

№57 газет

01 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » 500-ге жуық үй тұрғызған құрылысшы

500-ге жуық үй тұрғызған құрылысшы

«Еңбек – ырыстың бұлағы» деген халық даналығының мәнін өз өмірімен дәлелдеп жүрген жандар арамызда аз емес. Олар даңқ пен марапатты мақсат тұтпайды. Күнделікті адал еңбегі арқылы елдің алғысына бөленіп, қоғамның дамуына үлес қосады. Сондай азаматтың қатарынан аудан көлемінде танымал құрылысшы, тас қалаушы Жұмағали Таңсықбаевты ерекше атауға болады.

Құрылыс – үлкен жауап­кер­шілікті, тиянақ­тылықты, тө­зім­ділікті талап ететін маман­дық. Әрбір қаланған кірпіш, әрбір құ­йыл­ған іргетас та­лай жыл бойы адамның жайлы тұр­мысына қызмет етеді. Сондықтан құры­лысшының қо­лынан шыққан еңбек уақыт сынынан өтіп, ұрпақ игілі­гіне айналады. Жұмағали Әбілұлы осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған. Ол соңғы отыз жылдың ішінде бес жүзге жуық тұрғын үйдің бой көтеруіне ең­бек сіңірді. Әр ша­­ңырақтың қа­лануына адал ниеті мен маңдай тері сіңді. Ұзақ жылдағы табанды еңбектің, кәсіби шеберліктің және үлкен жауапкершіліктің айқын көрінісін нағыз еңбек адамының өмір жолынан аңғарамыз.

Кейіпкерімізбен кезекті құрылыс нысанында жүздестік. Жергілікті тұрғынның тапсырысы бойынша жаңа үйдің қабырғасын қалап жатқан сәттің әр минуты тынымсыз тіршілікке толы. Бірі – кірпіш әзірлесе, енді бірі ерітінді дайындайды. Ал Жұмекең әр жұмыстың барысын жіті бақылап, әр бөлшекке мән береді. Оның ісінен асығыстық байқалмайды. Әр кірпіш өз орнына дәл қалануы қажет деген ұстанымға берік.

– Үйдің ғұмыры іргетастан басталады. Іргетасы берік қаланған баспана ғана ұзақ жыл бойы халыққа қызмет етеді. Сондықтан құрылыс жұмысының алғашқы кезеңіне ерекше көңіл бөлеміз. Кейінгі жұмыстың сапасы да осыған байланысты. Қандай жұмыс болса да адал атқарылса ғана берекелі болады. Қолыңнан шыққан дүниеге ұялмай қарай алсаң, еңбегіңнің жемісін міндетті түрде көресің. Құрылысшының абыройы салған үйінің сапасымен өлшенеді, – дейді тәжірибелі құрылысшы.

Құрылыс саласына деген қызығушылығы туған інісі Уәли­ханның қасында жүріп қалыптасқан. Інісінен кәсіп­тің қыр-сырын меңгеріп, уақыт өте келе үлкен тәжірибе жинақтайды. Бүгінде елге сыйлы, кәсібіне берік шебер атанды. Сегіз ағайындының алтыншысы болған Жұмағали Әбілұлы еңбекке ерте араласып, маңдай термен келген несібенің қадірін жастайынан сезініп өсті. Жыл сайын жиырмаға жуық тұрғын үйдің құрылысына қатысады. Табандылық пен төзімділік – үлкен еңбектің нәтижесі. Әр үйдің жобасы әртүрлі болғанымен, сапаға қойылатын талап өзгермейді. Құрылысшы үшін сенім – ең үлкен марапат. Тапсырыс берушінің ризашылығы мен ақ батасы талай жылғы еңбектің өтеуі саналады.

Қазіргі таңда оның бригадасында бес азамат еңбек етеді. Жастары отыз бен елу аралығында. Әрқайсысы өз ісіне жауапкершілікпен қа­райды. Ұжымдағы тәртіпке Жұмағали Әбілұлы ерекше мән береді. Құрылыс алаңындағы қауіпсіздік, уақытты тиімді пайдалану, сапаны сақтау – күнделікті құрылыстың басты қағидалары.

Көпшілік оны тек тас қа­лаушы ретінде таниды. Алайда кейіпкеріміз нағыз әмбебап құрылыс шебері. Қалау жұмысы, сылақ жүргізу, бетон құю, әрлеу, түрлі құрылыс тәсілі – барлығы өзіне етене таныс. Жылдар бойы шыңдалған шебердің қолынан шыққан әрбір нысан сапасымен ерекшеленеді.

Еңбек жолында сан түрлі кезеңдерден өтті. Аптап ыстық, қыстың қақаған аязы, жауын-шашын, жел – құрылысшының күнделікті серігі. Табиғаттың тосын мінезіне қарамастан жұмыс тоқтамайды. Себебі әр тапсырыс иесі өз баспанасын уақытында аяқтауды күтеді. Осындай сәтте төзім мен жауапкершілік алдыңғы орынға шығады.

Жұмағали Әбілұлы құрылыс саласының бүгінгі тынысына алаңдаушылықпен қарайды. Оның айтуынша, қазіргі жастар арасында бұл кәсіпке қызығушылық танытатындар азайып келеді. Көпшілік жеңіл жұмысты құп көреді. Ал құрылыс саласы күш-жігерді, шыдамдылықты, кәсіби машықты талап етеді. Дегенмен адал еңбек еткен жанға бұл кәсіп әрдайым нәсібін береді.

Тұрғын үй – әр отбасының арманы, әр шаңырақтың берекесі. Сол арманның орындалуына үлес қосып жүрген құрылысшының еңбегі әрдайым құрметке лайық. Жұмағали Әбілұлының маңдай терімен тұрғызылған жүздеген үйде бүгінгі күні талай отбасы бақытты ғұмыр кешіп келеді.

Қоғамның өркендеуі көзге көрінетін үлкен жобамен ғана өлшенбейді. Әр кірпішті ұқыппен қалап, әр үйдің іргесін нықтап жүрген еңбек адамдарының маңдай тері елдің дамуына қызмет етеді. Осындай азаматтың өмір жолы жас ұрпаққа үлгі, адал еңбектің қадірін ұғындыратын тағылым. Жұмекеңнің ғұмыры да осы ақиқаттың айқын дәлелі.

Б.ОРДАБЕКОВ
08 тамыз 2026 ж. 65 0