Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№2 газет

11 қаңтар 2025 ж.

№1 газет

07 қаңтар 2025 ж.

№103 газет

31 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Елге хабар таситын таратушы

Елге хабар таситын таратушы

Еңбек – адамның екінші анасы. Рас, адам баласы адал еңбегімен қашан да сыйлы, құрметті. Адам бойындағы ең ізгі қасиеттің бірі – еңбексүйгіштік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жария­лады. Бұл – бүкіл еңбек адамына, еліміздің жұмысшы мамандығына деген құрмет.

Күннің шіліңгір ыстығы мен қақаған суығына да қарамай, жыл он екі ай бойы редакция мен оқырман арасын жалғайтын газет та­сымалдаушылардың еңбегі әркез бағалы. Бүгінде өз ісінің майталманы, жергілікті баспасөзді дер кезінде оқырманға жеткізуде аянбай еңбек етіп келе жатқан таратушылардың бірі – Күлжан Қалыбай. Иә, бұл есім Нағи Ілиясов ауылының тұрғындарына етене таныс. Күлжан апай осы ауылдың тумасы, әрі 9 жылдан бері газет тарату ісінде тәжірибесі мол тасымалдаушы. Әр ісіне тиянақты маман редакция мен оқырман алдындағы жауапкершілігін бірінші орынға қояды. Күлжан Сұлтанғазықызы осы ауылда білім алып, оқу бітірген соң Қызылорда политехникумынан гидротехник ма­мандығын меңгеріп шығады. Ең алғашқы еңбек жолын туған ауылында, яғни осындағы шаруашылық – «Мағжан және К» ЖШС-де жұмысшы болады.

– Мен шаруашылықта жұмыс істеп жүрген кезде жолдасым Әділбек Құдабаевпен шаңырақ көтердік. Жылдар өте бала тәрбиесімен айналысып, жұмыстан алыстап қалдым. Балаларым есейген соң, үйде бос отырғаннан кейін ауыл әкімдігі пошта тасымалдау қызметін ұсынған болатын. Қай кезде де пошта қызметі сұранысқа ие болғандықтан, бір жағынан бала кезімнен газет-журнал оқығанды жақсы көргендіктен бірден келісе кеттім. Міне 2016 жылдан бері аудан айнасы «Тіршілік тынысы» газетінде жаңадан қосылған қызмет – тасымалдаушы болып еңбек етіп келемін, – дейді еңбегіне адал Күлжан Қалыбай.

Ауданнан күнәра келетін респуб­ликалық газеттен бастап, облыстық, аудандық газетті күтіп алып, мекемеге, үйді-үйге тарату оның сүйікті ісіне айналған. Күлжан апа осы ауылдың тумасы болғандықтан, әрбір тұрғынымен етене таныс. Сондықтан бұл жұмыс ол кісі үшін қиындық тудыра қоймайды. Әйтсе де қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін газет тасымалдаушысы жұмыс барысында оқыс оқиғаға тап болатыны да рас.

– Кез кел­­ген са­ла­­ның өзіндік қиын­шылығы мен қызық­шылығы бар екені мәлім. Біздің жұмыстың да өзіндік қиын­шылығы болады. Жылдың төрт мезгілінде, ауа райының ыстығы мен суығына қарамастан газет келген кезде оқырманға уақытылы, дер кезінде жеткізуге тырысамын. Қысты күндері мұзға талай құласам да, тұрып алып әрі қарай таратып кете беремін. Ал жазды күндері газетті таңертең ерте таратуға тырысамын. Осы жылдар ішінде ешқашан газет таратудан шаршаған емеспін. Өйткені бұл оқырман алдындағы басты міндетім. Жылда 500-ден аса газет таратамын, биыл 526 болып көбейді. Ауыл тұрғындарының баспасөзге жазылуы жылдан-жылға артып, көзіқарақты оқырманның көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады, – дейді өз саласына шынайы ықылас танытқан пошта тасымалдаушысы.

Бақытын қарапайым жұмыстан тапқан еңбек адамы биыл зейнет демалысына шыққалы отыр. Талай жылғы тәжірибесінің, жұмыс өтілінің арқасында жеткен ең үлкен жетістігі – халықтың алғысы, шексіз рақметі.

Пошта қызметінде еңбек еткен жылдар аралығында, адал еңбектің арқасында тұрғындардың құрметіне бөленіп отырған ардақты жанның жеткен же­тіс­тіктері де же­­­тер­лік.

– Редакция жанынан ашылған тарату қызметінде жұмыс жасап келе жатқан Күлжан өз ісінің маманы. Қанша жылдан бері жасап келе жатқан еңбегі мақтауға лайық. Әр ісіне тиянақтылықпен, жауапкершілікпен қарайтын маманға ауыл тұрғындары осы күнге дейін тек алғысын айтып келеді. Қазіргі кезде Нағи Ілиясов ауылына «Тіршілік тынысы» газетінен 330 дана, «Сыр бойы» газетінен 116 дана, «Кызылординские вести» газетінен 10 дана және «Ақмешіт жастары» газетінен 37 дана, сонымен қатар «Егемен Қазақстан» газетінен 11 дана, «Айқын» газетінен 2 дана, «Жас Алаш» газетінен 4 дана, «Халық» газетінен 13 дана, «Казахстанская правда» газетінен 5 дана барады. Осы басылымдарды уақытылы таратып, баспасөзге жазылу науқанында оқырман санының артуына да өз үлесін қосып келеді. Адал еңбегінің арқасында ұжымда абыройлы, – дейді редакцияның баспасөз маманы Роза Тұрғанбекова.

Бүгінде берекелі ша­ңы­рағының ұйыт­қысы болып отырған Күлжан Сұлтанғазықызы мар­құм жұбайы Әділбек ағамен 3 ұлды тәрбие­леп өсірді, 4 немеренің аяулы ата-әжесі атанды. Әкесі мен анасының тәлімді тәрбиесін алған ұлдары жоғары білімді азаматтар. Үлкен ұлы Әсет – Алматы қаласында электрик болып жұмыс істейді. Ал екінші ұлы Ғазиз – шаруашылықта механик, кенжесі Қазбек – вахталық жұмыс жасайды.

Қаламгерлер мен оқырмандар ара­сына көпір орнатып, редакцияның жұмысының ілгерілеуіне сүбелі үлес қосып жүрген таратушының еңбегі ерен.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
11 қаңтар 2025 ж. 48 0