Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өз кәсіптерін дөңгелетуде

Өз кәсіптерін дөңгелетуде

«Іңкәрдария» десе, бірден дәмі тіл үйіретін қауын-қарбызы кез келген жанның ойына бірінші келеді. Өйткені, Қызылқұмның қойнауындағы елді мекен жеріне егілген бақша дақылдарының ерекше дәмді болатын қасиеті бар. Оған қоса, бұл ауыл адамдарының ерінбей еңбек етіп, күннің аптап ыстығында маңдай терлерін төгуі де қауын-қарбыздың тәтті болуына септігін тигізсе керек.

Елжан Бегенов – Іңкәрдария ауылында біраз жылдан бері бақшалық өнімдерді егіп, содан несібесін көріп отыр. Ол жыл сайын ауылдың солтүстік-батыс беткейінен 2 гектар жер ашып, ерте көктемнен сол жерде еңбектенеді. «Еңбектің наны тәтті» дегенді жадында ұстаған диқан жерді егін егуге дайындап, оған дән себеді. Ала жаздай соның бап-күтімінде жүріп, жаз мезгілінің соңына таман мерейлі еңбегінің жемісін көре бастайды.

– Бес-алты жылдың көлемінде бақша өнімдерін егумен айналысып келемін. Өздеріңіз білетіндей, Іңкәрдарияның қауын-қарбызына сұраныс жоғары. Соған орай еңбектеніп, қара қауын, сары ала қауын, әміре, қарбыздың жаздық, күздік түрлерін егеміз. Содан шыққан өнімді аудан, облыс халқына ұсынып, өз несібемізді көріп келеміз. Биыл осы бақша егісіндегі жеткен жетістігім үшін «Үздік бақша өсіруші» атанып, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталдым, – дейді Е.Бегенов.

Ауыл азаматы Ғазиз Қайратов та кәсіпкерлікпен айналысып, өз шаруасын дөңгелетіп отыр. Ол мал басын асылдандыру бағытында еңбектенуде. 2014 жылдан бастап ата кәсіпке бет бұрып, мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен несие алған. Оған қазақтың ақбас сиырларын алып, асылдандыруды жүзеге асырып келеді.

Одан бөлек, жас кәсіпкер омартамен айналысуды да қолға алған. Соңғы екі жыл ішінде бал арасының 5-6 ұясын асырап, омарта ісіне машықтанған. Ал биылғы жылы осы кәсіпті кеңейту мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бо­йынша 2 млн теңге мемлекеттік грант жеңіп алған. Енді ұя санын көбейтіп, ауыл және аудан жұртшылығын балмен қамтуды көздеп отыр. Қазіргі таңда балдың келісі 2000 теңге болса, ауыл халқына арзандатып ұсынбақ.

Жалпы, биыл елді мекенде шағын және орта бизнесті дамытуға ден қойғандар жетерлік. Мәселен, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 5,3 млн теңгенің 3 жобасы қаржыландырылған. Үш кәсіпкер де мал шаруашылығын дамыту бағытын ұстанған. Ал «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 кәсіпкер 4 млн теңгенің грант иегері атаныпты. Оның бірі бал арасын өсіруге машықтанған Ғазиз Қайратов болса, екіншісі – ұлттық киімдер тігу мен безендіру жұмыстарын қолға алған Қарлығаш Білісбаева.

Айта кетейік, қазіргі таңда Іңкәрдария ауылында тіркелген кәсіпкерлер саны 63 болса, 35 шаруа қожалығы бар.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
17 қараша 2020 ж. 416 0