Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Егіннің бабын тапқан ер

Егіннің бабын тапқан ер

«Дала академигі» атанған Ыбырай Жақаевтың «Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана. Ысырапсыз жинап алу – мәре» деген даналық сөзі бар. Міне, мәуелі күзде жақындап, егіннің бітік шығымын көретін кез алыс емес. Жалпы, бақшалық өнімді егуде аудан бойынша Іңкәрдария ауылының халқы қай кезде де көш басында тұрады.

Негізінен, жері жомарт елді мекен­нің брендіне айналған қауын-қарбыз егуді Төлегеновтер отбасы ерте кезден бастаған. Бұл ретте, еңбекпен есейген үлкен отбасының мүшесі Нұрлан Төлегеновпен егін­нің жайын білмек ниетте аз-кем сұхбаттасқан едік.

Биыл ағалы-інілі Өмірзақ, Мырзабек, Нұрлан Төлегеновтер 10 гектар жерге бақша дақылдарын орналастырған. Жыл сайын мол өнім алуға ниетті ағайындылар жер­дің бабын табуды жақсы біледі. Ерте көктемде жерді қоп­сытып, қарықтап, құнарын жақ­сартуға күш салған олар әрбір жылы егін егетін орынды ауыс­тырып тұрады. Негізінен, қауын-қарбыз, картоптың шығымы жақсы болу үшін уақытылы егістікке су жіберіліп, арам шөп жойылыды. Күні-түні көлік үстінен түспейтін Нұрекең осы жылғы өнімді ысырапсыз жинап алуды көздейді.

– Әкеміз Мергенбайдың ізінен ерген біздер бала кезімізден еңбекке шынығып келеміз. Қашан­да «Еңбек – адамды ер атандырады» деген тәмсілді жадымыздан шығармаймыз. Әрине, «Ексең егін, ішерсің тегін» деп аталатын сөзді өмірлік қағидаға айналдырған диқан қауыммен қатар егін егіп келеміз. Жыл сайын 20 тоннадан аса өнім алуға жұмыс жасаймыз. Қауын-қарбыз егуде асқан ыж­да­ғатылық керек. Күннің аптап ыс­тығына қарамастан, 10 гектар бақшалық жерді аптасына төрт рет суғарып тұрамыз. Бірнеше жылдан бері қара және сары қауын, қарбыздың ница, байбай сорттарын егіп келеміз, – дейді Нұрлан Төлегенов.

Төлегеновтер отбасы әркез нарық бағасына сай қауын-қар­бызды сатылымға шығарады. Олар­дың өнімін Қызылорда қаласы мен өзге өңірлерден көпшілік тапсырыс­пен алдыртады. Арнайы кө­лі­­гімен елді мекендерді аралап қау­­ын сататын еңбеккеш жанның күзде табысы еселене түспек.

– Сыр халқы Іңкәрдарияның қауыны мен қарбызын жоғары бағалайды. Дәмі тіл үйірілетін қауын-қарбызды «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан өткен әрбір жолаушы көптеп сатып алады. Біздің ауылымызда тынбай тіршілік етіп, ризық-несібесін жерден тиген шаруалардың ең­бегін жоғары бағалаймыз. Оның ішінде, төлегеновтер отбасының алдағы маусымда мол өнім алуына тілектестік білдіреміз. Қазіргі уақытта егінді ысырапсыз жинап алу мәселесі алдыңғы орында тұрады. Қауын-қарбызды саудаға шығарған әрбір шаруаның еңбегі еш кетпейтініне сенім мол, – дейді ауыл әкімі Сәулет Есдәулетов.

Бұл ретте, егін егумен елге танылып, адал еңбекті ту еткен берекелі отбасының кәсібіне береке берсін демекпіз.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
15 тамыз 2023 ж. 127 0