Жерге дән сепкен жастар бригадасы
Соңғы 3 жылда аманкеділік жастар аудан көлемінде қолға алынған тың бастаманы қолдап, бір арнаға ұйысты. Яғни белсенді жас Бексұлтан Серікбаевтың жетекшілігімен құрылған жастар бригадасы егін егудің қыр-сырын меңгеруде. Көзге көрінген кәсіпті табысқа айналдырған жастар ерте көктемнен бастап машықтанған егін егу кәсібіне бейімделе бастайды.Аманкелді ауылындағы жастар еңбек бригадасы мүшелері алғаш 4 гектар жерге бірнеше бақша дақылы мен картоп егіп, мол өнім алған. 2023 жылы 5 жігіт бастама аясында жерді баптап, межелі жұмысты атқарса, қазіргі уақытта олардың саны 10-ға жеткен.
– Жерден ризық-несібесін терген Аманкелді ауылының халқы бүгінде бақша дақылдарын егу бойынша бірнеше іс-тәжірибе жүргізіп келеді. Бүгінде ауыл төңірегінен 5 гектар жер бөлініп, қауын-қарбыз, картоп, жүгері, асқабақ секілді бірнеше көкөніс түрі егілді. Әрине, еңбегі қаттының жемісі тәтті болатынын сезінудеміз. Көктем мезгілінен қолымызға кетпен мен күректі алып, егістік басынан табыламыз. Барлығымыз жұмылып, жер аударып, қарықтап, аяқсу келетін өзек жолын тазалаймыз. Арамшөптен бақшаны арылтып, қауын мен қызанақты зиянкестен қорғаймыз. Ең бастысы – жердің тозып, құнары кетпеуіне аса көңіл бөлеміз, – дейді Аманкелді жастар еңбек бригадасының жетекшісі Бексұлтан Серікбаев.
Расында, өткен жылы Жолдас Жұманазаров, Мейірхан Ишанбек, Азамат Жүзбай, Нұркелді Нұрболатұлы, Елнұр Әбсаттар, Ғалымжан Жанахметов, Ағаби Кеңес, Дархан Жансейтов, Дархан Тастаев, Азат Ханзадаев сынды жастар 4 тонна қауын-қарбыз, 7 тонна картоп жинаған. Биыл да сол межеден көріну үшін жастар қамдануда.
– Көктем келіп, жер жібіген сәттен бастап шаруалар тынымсыз еңбекке кіріседі. Топырақты жыртып, дән себеді. Күннің аптабында, жауын-шашын мен желдің өтінде жүріп, егінін баптайды. Сол бейнеттің өтеуі – күзгі жиын-терін екені мәлім. Ауылдағы шаруаның әр күні – тынымсыз еңбек. Таңмен таласа тұрып, жердің бетіне үмітін себеді. Ол жерді жәй ғана өңдемейді, оған жанын береді. Себебі бүгінгі тер – ертеңгі береке. «Жер – ырыстың кілті» деген сөз осыдан шыққан. Біздің жігіттер үлкенмен кеңесіп, ақсақалдар ақылына құлақ асып отырады. Әрбір жалынды жастың еңбекке араласуы, көптеп өнім алуға ұмтылуы – ата-баба айналысқан егіншіліктің әлі күнге тоқтамағанын көрсетеді, – деді еңбекқор жас Рүстембек Әубәкіров.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ







