Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әрбір іске асқан жоба – мен үшін үлкен мектеп

Әрбір іске асқан жоба – мен үшін үлкен мектеп

Жақында елімізде атап өтілген құрылысшылардың кәсіби мерекесінде жерлесіміз, 28 жасар құрылысшы Дәуіржан Амануллаев «Алматы қаласының құрметті құрылысшысы» медалімен марапатталды. Бұл абыройлы атақ – жас та болса құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген сырдариялық түлектің үлкен жетістігі. Осы орайда жас құрылысшыны мерейлі марапатымен құттықтап, аз-кем әңгімелесудің сәті түсті. Оқырман назарына сұхбатты ұсынамыз.

– Дәуіржан Берікболұлы, ең алдымен мерейлі марапатыңызбен құттықтаймыз. Кәсіби мерекеде алған бұл атақ сізге ерекше қуаныш сыйлағанын білеміз. Ару қала Алматының құрылысын дамытуға атсалысып жүрген азамат өзі жайлы айтып өтсе. Оқырман сіздің туған жер, түлеп ұшқан алтын ұя мектебіңіз жайлы білгісі келеді... Құрылысшы мамандығын таңдауға не себеп болды?

– Көп рақмет. Ең алдымен туған жердің төл перзенті ретінде ауданның үнжариясы, аудандық газет мен секілді жастың мерей-мәртебесін арттырып, сұхбат алғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Әрине, өзім жайлы айтсам, қарапайым отбасында туып-өстім. Әкем Берікбол – жүргізуші, анам Мархабат – аспаз. Отбасымызда үлкеніміз, ақ жаулықты Ұлболған әжеміз бар. Сол кісі әулетіміздің берекесі мен ақылшысы. Өмір жасы ұзақ болсын. Біз төрт бала болып өстік. Үлкеніміз Мағжан ветеринария саласында мемлекеттік қызметте. Келіншегі Әсеммен ата-анама екі немере сүйгізіп отыр. Екі қарындасым бар. Ақтілек – студент, болашақ мұғалім, кенже қарындасым Гүлім – мектептің озат оқушысы. Ата-анамыздың берген тәрбиесінің арқасында еліміздің өсіп-өркендеуіне қызмет етіп келеміз.

Туған жерім – қасиетті топырақ Тереңөзекте 1998 жылы дүниеге келдім, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің 2015 жылғы түлегімін. Мектепте қарапайым оқушы болдым. Сабаққа жауапкершілікпен қарап, мұғалімдерді тыңдауға және жақсы оқуға тырыстым. Жалпы, мектеп кезі көңілді әрі есте қаларлық кезең болды. Барша ұстазыма мың алғыс. Құрылысшы мамандығын таңдауға не себеп болды десеңіз, бала кезімізде бәріміз де «кішкентай құрылысшы» болғанбыз. Таяқтардан, ағаш бұтақтарынан үй жасап, құмнан туннельдер салатынбыз. Сол бала кездегі қызығушылығым құрылыс саласын таңдауыма әсер еткен шығар. Сонымен қатар, оқушы кезімде математика мен физика пәнін ерекше жақсы көрдім, сандармен жұмыс істеген ұнайтын. Осы қызығушылықтардың барлығы қосылып, мені құрылыс мамандығын таңдауға алып келді.

– Құрылыс саласындағы алғашқы еңбек жолыңыз туралы айтсаңыз, қай жерден баста­дыңыз? Алғашқы жинаған тәжірибеңіз қандай болды?

– Алғашқы тәжірибемді университетте оқып жүрген кезімде ала бастадым. 2015-2019 жылдары Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да оқыдым. Практика кезінде бір аймен шектелмей, мүмкіндігінше көбірек тәжірибе жинауға тырыстым. Әдетте практика бір ай болатын, ал мен жалпы алты айға жуық уақыт практикадан өттім. Сол уақыттың ішінде ҚазҚСҒЗИ-да алған тәжірибемді ерекше атап өткім келеді. Университетте теория жүзінде оқып, талқылаған нәрселерді осы жерде өз көзіммен көріп, практикада түсіне бастадым. Шынында да, «бәрі практикада келеді» деген сөздің жаны бар екен. Маған саланың қыр-сырын үйреткен аға инженерлерге де алғысым ерекше. Олар темірбетон құрастырылымдарының бағыты бойынша түрлі жұмыстарға ертіп барып, қандай құралдың не үшін қолданылатынын, есептердің қалай жүргізілетінін көрсетіп жүрді. Сол кісілерден қарап, сұрап, көп нәрсе үйрендім.

Сонымен қатар салынып жатқан «Есентай Сити» тұрғын үй кешенінде зерттеу жұмыстарына қатыстым. Ол да мен үшін үлкен тәжірибе болды. ҚазҚСҒЗИ-да сабақ берген ұстаздарым мен тәжірибелі мамандардан алған білімді кейін практика жүзінде көру де үлкен мүмкіндік еді.

Университетті бітіріп, дипломымды қолыма алғаннан кейін алғашқы жұмысымды BI Group компаниясында бастадым. Алғашқы үш ай стажер болып жұмыс істеп, кейін техникалық құжаттама бойынша инженер қызметін жалғастырдым.

Қазір ойласам, құрылыс саласын таңдағаным дұрыс шешім болған екен. Себебі жұмыстың басынан бастап құрылыс процесінің әр кезеңін көруге мүмкіндік алдым: алғашқы идеядан бастап жобалау, құрылыс жұмыстары және нысанды пайдалануға беруге дейінгі кезеңдердің барлығымен таныстым.

Жас маман үшін бұл өте үлкен тәжірибе болды. Университеттегі теория, ҚазҚСҒЗИ-дағы практика және кейінгі жұмысым бір-бірін толықтырып, маған құрылыс саласының қалай жұмыс істейтінін жан-жақты түсінуге үлкен мүмкіндік берді.

– Құрылысшы ретінде өзіңіздің қолтаңбаңыз қалған ғимараттар туралы айтсаңыз, олардың көбісі пайдалануға берілген шығар, жалпы үлкен ғимараттар қанша уақытта салынып бітеді?

– Алғашқы үлкен жобаларымның бірі – BI Group компаниясында жұмыс істеген кезімде салынған «Гайд Парк» тұрғын үй кешені болды. Оның бірінші және екінші кезеңдерінің құрылысына басынан бастап соңына дейін қатыстым. Бірінші кезеңді 2020 жылы, екінші кезеңді 2021 жылы пайдалануға бердік. Нысанның алғашқы кезеңдерінен бастап, құрылыс барысын бақылап, соңында дайын объектінің пайдалануға берілгенін көру мен үшін тәжірибе болды.

Сонымен қатар, BI Group-та «Риверсайд» тұрғын үй кешенінің құрылысына да қатыстым. Бұл нысан 2022 жылы пайдалануға берілді.
BI Group-тан кейін «Everest» компаниясында жұмыс істеп, «Everest» және «Bella View» тұрғын үй кешендерінің құрылысына қатыстым. Әр нысанның өзіндік ерекшелігі бар, сондықтан әр жобадан жаңа тәжірибе алуға тырыстым.

Ал қазір Алматы қаласында «Kusto Home» компания­сында бесінші жылға аяқ басып келемін. Осы уақыт ішінде «Көктөбе Сити» тұрғын үй кешенінің 4-кезеңін сәтті аяқтап, пайдалануға беруге қатыстым. Қазіргі таңда «Diamond» тұрғын үй кешенінің құрылысына өз үлесімді қосып, жұмысымды жалғастырудамын.

Жалпы, осы жобалардың әрқайсысы мен үшін өзінше бір мектеп болды деп айта аламын. Бір нысаннан алған тәжірибе келесі жобада көп көмегін тигізеді. Ал ең қызығы – бастапқыда қағаздағы жоба болып көрінген нысанның біртіндеп нақты ғимаратқа айналып, соңында адамдар тұратын үйге айналғанын көру.

– Бізге белгілі болғандай, Қызылорда облысындағы жаңа жылу электр орталығы құрылысына да атсалыстыңыздар, компания қандай жұмысты атқарды?

– Иә, Қызылорда қаласындағы ЖЭО құрылысына да қатысуға мүмкіндік болды. Ол жерде түркиялық әріптестермен бірге монолитті жұмыстар атқарып, Oil Tank, газ компрессоры және жүк тиеу-түсіру жұмыстары жүргізілетін нысандардың негіздерін салуға қатыстық.

Бұл жобада көп уақыт жұмыс істеген жоқпыз, жалпы шамамен алты айдай болдық. Дегенмен, тұрғын үй құрылысынан бөлек, өндірістік құрылысқа қатысу мен үшін жаңа әрі пайдалы тәжірибе болды. Осындай ірі нысанның құрылысына өз үлесімді қосқанымды да жақсы тәжірибе деп бағалаймын.

– Қазір құрылысшы болу үшін қандай талап қойылады, жастар арасында бұл мамандыққа деген қызығушылық қандай, салаға жаңа кадр­лар келіп жатыр ма?

– Қазіргі таңда құрылысшы болу үшін ең алдымен өз ісіңе жауапкершілікпен қарап, үйренуге деген ниет болуы керек деп ойлаймын. Теориялық біліммен қатар, тәжірибе де өте маңызды. Жастар арасында бұл мамандыққа қызығушылық бар, жаңа мамандар да келіп жатыр. Ең бастысы – осы саланы шын жүрекпен таңдап, үнемі іздену қажет.

– Жас та болса жоғарғы марапат алдыңыз, бұл жемісті еңбектің нәтижесі деп білеміз, дегенмен бұл алғашқы наградаңыз емес шығар...

– Иә, бұл менің алғашқы марапатым емес, бірақ ең маңыздысы деп айта аламын. Құрылысшылар күніне орай Қазақстанның құрылыс салалары одағының атынан «Алматы қаласының Құрметті құрылысшысы» медалімен марапатталдым. Есімде, тағылымдамадан өтуші кезімде аға буын мамандардың осындай медаль алып жатқанын көретінмін. Сол кезде ішімде бір ой пайда болып, «мен де бір күні осы марапатқа міндетті түрде жетемін» деп өзіме мақсат қойдым. Арада уақыт өтіп, сол мақсатымның орындалғанына қуаныштымын.

Әрине, бұл марапаттың артында өзімнің ғана емес, бірге жұмыс істеген әріптестерімнің де еңбегі бар. Сондықтан осы марапатты еңбектің, төккен тердің жемісі деп қабылдаймын. Сонымен қатар, әр жылдары алғыс хаттармен де марапатталып жүрдім. Бірақ осы медаль мен үшін ерекше әрі қымбат.

– Болашақта өзіңіз секілді құрылысшылардың қолынан қандай ғимараттар бой көтергенін қалар едіңіз, елімізге ең қажетті деген объектілер не деп ойлайсыз?

– Болашақта Қазақстанда сондай ғимараттар салынса екен деймін, оларды көрген адамдар: «Мұндай ғимаратты Қазақстанда салғанына қалайша сенбейсің?» деп таңғалатындай болса. Бірақ ең бастысы – ғимараттың сыртқы келбеті емес, сапасы мен беріктігі. Адамдар ондаған жыл бойы қауіпсіз әрі жайлы өмір сүретін, сапалы нысандар салынса деймін.

Жалпы, елімізге ең қажет нысандардың бірі – қолжетімді тұрғын үй. Әр адам өзіне лайықты, сапалы баспанада тұрып, соған қуана алса жақсы болар еді.

Сонымен қатар, тек тұрғын үй немесе ойын-сауық орындарын емес, елге ұзақ жыл бойы пайдасын тигізетін өндірістік нысандарды көбірек салған дұрыс. Заманауи мектептер, ауруханалар, жолдар, көпірлер, жылу электр орталықтары және жаңа өндіріс орындары қажет. Адамдар сол жерде жұмыс істеп, елдің дамуына өз үлесін қосса – құрылысшы үшін бұдан үлкен нәтиже жоқ.

– Қазір жастар бір мамандықпен шектелмейді, бірнеше мамандықты алады. Өзіңіз де екі мамандықтың иесісіз. Екінші мамандығыңыз жайлы айтсаңыз, бұл мамандық қазіргі жасап жатқан жұмысыңызға қатысты ма?

– Менің екінші жоғары білімім де бар. 2022 жылы Алматы Менеджмент университетін «Қаржы» мамандығы бойынша бітірдім. Әрине, бұл білімім қазіргі жұмысыма да пайдасын тигізіп жатыр. Құрылыс – тек алаңда жұмыс істеу немесе ғимарат салу ғана емес, оның ішінде есеп, сандар, жоспарлау, шығындар сияқты көптеген қаржылық мәселелер бар. Қаржы саласында алған білімім осы дүниелерді жақсырақ түсінуге көмектеседі.

Жалпы, негізгі мамандығым құрылыс болғанымен, қаржы саласында да білім алуды өзіме қойған мақ­сатымның бірі деп санадым. Менің ойымша, адам бір саламен ғана шектелмей, өзіне қажет басқа бағыттарды да үйреніп жүргені дұрыс.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз? Құрылысшының жұмыстан тыс уақыты қалай өтеді?

– Құрылысшылардың бос уақыты көп бола бермейді. Белгілі нысанды мерзімінде аяқтап, пайдалануға беру үшін таңнан кешке дейін жұмыс жүреді. Ал бос уақыт бола қалса, оны көбіне туған-туыстарыммен, достарыммен бірге өткізуге тырысамын.

Сонымен қатар, балық аулағанды жақсы көремін. Балық аулау маған бір сәтке болса да тынығып, ойымды жинақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан маусым басталғанда, мүмкіндік болса, жарты күнге болса да балық аулауға барып тұрамын. Ал қыста шаңғы тепкенді ұнатамын.

– Өзіңіз секілді жастарға, жас түлектерге айтар тілегіңіз?

– Жастар, еңбектенуден ешқашан шаршамаңыздар. Батыл болыңыздар, қателесуден қорықпаңыздар. Ең бас­тысы – әр қателіктен сабақ алып, одан дұрыс қорытынды шығара білу.

Егер болашақ мамандық ретінде құрылыс саласын таңдасаңыздар, бір бағытпен ғана шектеліп қалмай, жан-жақты болуға тырысыңыздар. Үнемі ізденіп, жаңа нәрселер үйреніп, әртүрлі жобаларда тәжірибе жинаңыздар. Бір орында тоқтап қалмай, алға ұмтылу маңызды. Және ең бастысы – өз ойыңызды айтуға ешқашан қорықпаңыздар. Кейде жақсы идея дәл сондай батылдықтан пайда болады. Еңбек, ізденіс және табандылық болса, өзіңіз қалаған нәтижеге міндетті түрде жетуге болады деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рақмет, әрбір бастамаңызға сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Бибісара ЖАНӘЛІ
15 тамыз 2026 ж. 105 0