Спортшыларға құрмет көрсетілді
Сыр спортшылары қашан да абырой биігінен көрініп, ел мерейін үстем етіп келеді. Саламатты өмір салтын насихаттап, спорттың көкжиегін кеңейту жолында аянбай еңбек етіп жүрген спорт саңлақтарының жетістігі – жас ұрпаққа үлгі әрі мақтаныш. Өңірдің спорт саласындағы толайым табыстары мен толымды жетістіктерінде аудан спортшыларының да өзіндік қолтаңбасы бар.Спорт күні кәсіби мерекесі 2003 жылдан бері аталып келеді. Бұл – спортты жанына серік еткен әрбір азаматқа деген үлкен құрметтің белгісі. Осы орайда аудан әкімі Берік Сәрменбаев спорт саласының ардагерлері мен спортшыларға құрмет көрсетті. Салтанатты жиынға спорт саласының ардагерлері мен мамандары, спортшылар қатысты. Өз кезегінде аудан әкімі сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, өңірде атқарылып жатқан игі бастамаларға тоқталды.
– Мемлекет басшысы «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спортты дамытудың маңызы айрықша» деп атап, спорт саласының инфрақұрылымын жақсартуға нақты тапсырмалар жүктеді. Президент тапсырмасына сәйкес, өңірімізде спорт саласында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. 2022 жылдан бері аймақта 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның 27-сі спорт кешені, бүгінде ел игілігіне айналды. Ауданымызда да спортты дамытуға үлкен қолдау жасалып, мәдени-спорттық шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Соның нәтижесінде, ауданда тұрақты спортпен шұғылданушылар 44 пайыздан асты. Аудан халқы 131 дене шынықтыру және спорт нысандарында тегін спортпен шұғылдануда. Мұнда 555 үйірме жұмыс жасайды. Өткен жылы ауданда Айдарлы, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Ақжарма, Қалжан ахун, А.Тоқмағанбетов ауылдарында спорт және балалар ойын алаңдары салынды. Биыл Тереңөзек кентінде ойын алаңдары салынатын болады. Осындай қолдаулардан кейін аудан спортшылары үлкен жетістіктерге жетуде, – деді аудан әкімі.
Одан кейін сала ардагерлері мен спортшыларға құрмет көрсетіліп, Алғыс хат табысталды. Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Алпысбайұлы құттықтау сөз алса, спорт ардагері Зұлқарнай Тасбергенов пен Мектепхан Елеусінов ризашылығын білдірді. Аудан өнерпаздары мерекелік қабылдауды думанға айналдырды.
Айта кетейік, жыл басынан бері аудан спортшылары Азия чемпинатынан 1 қола медаль, республикалық жарыстан 16 медаль, облыстан 199 медаль алып, аудан мерейін үстем етті. Биыл мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық спартакиадада аудан спортшылары жүлделі 2-ші орынды жеңіп алды. Сыр спортшылары қашан да абырой биігінен көрініп, ел мерейін үстем етіп келеді. Спорттағы әрбір жеңістің артында тынымсыз еңбек, табандылық пен жігер жатқаны анық. Осы жолда аудан спортшылары түрлі деңгейдегі додаларда топ жарып, туған жердің абыройын асқақтатып жүр. Олардың жетістігі өскелең ұрпаққа үлгі болып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға серпін береді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










