Берекелі ауыл – бейбіт өмір бастауы
Көп қылмысқа ащы судың ықпалы зор. Бөтелкеге сыйғанымен, адамның ішіне сыймайтын «шайтансуға» сылқиған кей азамат ақыл-есінен айырылып, не істеп, не қойғанын білмей жатады.Ішімдік адамның денсаулығына ғана емес, оның отбасына, тұрмысына, еңбекке деген қабілетіне және қоғамдағы қарым-қатынасына кері әсер етеді. Оны әдетке айналдыру уақыт өте келе адам өміріне түбегейлі өз салқынын тигізіп, отбасы берекесінің бұзылуына, түрлі келеңсіз жағдайлардың орын алуына себеп болуы мүмкін. Ал дені сау, саналы әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу – кез келген қоғамның басты міндеті.
Бүгінде бұл бағытта ауқымды бастамалар қолға алынып келеді. «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасы аясында елді мекеннің тыныштығы мен тұрғындардың берекелі тұрмысын басты орынға қоятын ауылдардың қатары артып отыр. Бұл саламатты өмір салтын қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыс нәтижесі деуге негіз бар.
Ауыл тұрғындары арасында ішімдікке қарсы мәдениетті қалыптастыру, жастарға өнегелі тәрбие беру және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында бірқатар түсіндірме және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл бастама ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері, жастар және белсенді тұрғындардың қолдауымен жүзеге асуда.
– «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы – қоғамның қауіпсіздігі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ішімдікке тәуелділік жеке адамның мәселесі болып қана қалмай, отбасындағы ахуалға, қоғамдық тәртіпке және жас ұрпақтың тәрбиесіне де әсер етеді. Сондықтан мұндай келеңсіздіктердің алдын алу тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Тұрғындардың ішімдіксіз өмір салтын таңдауы – ең алдымен, ауылдағы тыныштық пен отбасылық берекені сақтауға жасалған нақты қадам. Заң бұзушылықтың алдын алу жазалаудан бұрын, оның себептерін болдырмаудан басталады. Осы тұрғыдан алғанда, ел азаматтарының саламатты өмір салтын ұстанып, қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді атсалысуы маңызды. Берекелі ауыл – қауіпсіз ортадан, ал қауіпсіз орта – саналы таңдау мен ортақ жауапкершіліктен қалыптасады. Аталған игі бастама ауылдағы қылмыстың, тұрмыстық жанжал мен құқық бұзушылықтың азаюына оң әсерін тигізіп, тұрғындардың бірлігі мен берекесін арттыруға ықпал етуде. Алдағы уақытта да қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жастар тәрбиесі және зиянды әдеттердің алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады, – дейді аудан прокуроры Абай Әлімбаев.
Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда жеті ауыл ішімдіктен бас тартып, жобаны қолдап отыр. Атап айтқанда, Іңкәрдария, Қалжан ахун, Жетікөл, Бесарық, Сәкен Сейфуллин, Ақжарма және Асқар Тоқмағанбетов ауылдары игі іске үн қосқан. Ауыл ақсақалдары мен жанашыр азаматтар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ауыл дүкендерінде ішімдік сатылуын тоқтатуда. Бұл бастама өзге де елдімекендерге үлгі болмақ.
Ішімдіксіз орта қалыптастыру арқылы отбасындағы татулықты нығайтып, қоғамдық тәртіпті сақтауға және жастардың саламатты өмір салтын ұстануға жол ашылады. Мұндай бастаманың нәтижесі әр тұрғынның жауапкершілігі мен ортақ ниетіне байланысты. Ауылдың тыныштығы мен балалар болашағы бәрінен қымбат. Сондықтан ішімдіксіз өмір салтын қолдау дені сау ұрпақ пен берекелі қоғам қалыптастыруға қосылған маңызды үлес деуге негіз бар.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Нұрболат Нұржаубай
Фото: Нұрболат Нұржаубай










