Мерейлі марапат иесі
«Қожамұрат Сматұлы» десе, құрылыс саласы, «құрылыс» десе ардақты азамат ойға оралатыны жасырын емес. 77 жасқа келген ауданның арда азаматы құрылыс саласына бар уақытын арнаған. Бүгінде аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі атанып, әрбір келелі істің басы-қасынан табылып жүрген жан жақында, «Құрылысшылар күнінде», «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.Мерейлі марапатты құрылыс саласының ардагеріне «Өнер орталығында» өткен «Құрылысшылар күніне» арналған іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев табыстады. Қожамұрат Сматов – құрыш қолды құрылысшы. Құрылыс саласының майталманы Қызылорда гидромелиоративтік техникумының «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» факультетінде «Құрылысшы» мамандығын меңгерген. Алғашқы еңбек жолын 1971 жылы ПМК-1608 мекемесінде бастаған. Құрылыс шебері ретінде жұмысқа қабылданған біліктілігі жоғары маман кейіннен құрылыс алаңының басшысы ретінде еңбек еткен. Өз кезегінде 1986-1988 жылдары бас инженер қызметін атқарған. Әр жылдары ауданның құрылыс саласының өркендеуіне үлес қосқан азамат қашанда құрмет төрінде.
– Кәсіби мерекеде жоғары марапат алғаныма дән ризамын. Жылдар бойы ауданның құрылыс саласында еңбек етіп, қажыр-қайратымызды жұмсадық. Қай кезде де ауданда құрылыс қарқынын тоқтатпау үшін барымызды салдық. Бүгінгі «Ерен еңбегі үшін» медалі – талай жылғы еңбектің өтеуі деп білемін. Әрқашан абырой биігінде бола берейік, – деді Қожамұрат Сматұлы.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ











