Жалған психологтардың заманы бітті
Бүгінде желі қолданушыларының саны ондаған миллиардтан асып түседі. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, кез келген нәрсенің пайдалы яки зиян тұстары бар. Онлайн сауда, ақпарат көзі, қолжетімділік сияқты ұтымды жағына елітіп жүргенде, құлдырап, тұтылып отқан жағымызды бағамдап жатпаймыз. Әлеуметтік желі миды тұсап, ой-сананы шектеп жатыр.Бұл ретте үлкен дау туғызып отырған тақырыптың бірі – жалған психологтар. Өзін «коучпын», «психологпын» деп таныстырып, әлеуметтік желіде парақша ашқан адамдар жұртқа қандай да бір ақпарат таратып, елді «емдеумен» айналысып жүр. Бірақ олардың нақты маман немесе құлқынның құлы екенін ешкім анықтай алмайды. Көрсететін қызметіне, құнына қарап, қызметті пайдаланады, ақылын тыңдайды. Ең сорақысы, сондай жалған білгіштерге еріп, өмірін күрт өзгерткен, тіпті барынан айырылғандар да бар.
Енді бұндай жалған психологтарға тосқауыл қойылады. Биыл психологиялық қызмет туралы заң қабылданды. Енді елімізде психологтар қызметін реттейтін дербес заң бар. Мәжіліс депутаттары «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда-ақ мақұлдауы – мәселенің кезек күттірмейтін әрі күрделі тақырып екенін анық аңғартады. Өтірік мамандар мыңдаған адамның, отбасының тағдырын күл-талқан етіп үлгергені өкінішті.
Аталған заң негізінде психологтар мемлекеттік тізілімге тіркелуге міндетті. Басты бағыттың бірі – енді дипломсыз және реестрсіз психолог болмайды. Арнайы дипломы жоқ және мемлекеттік тізімге тіркелмеген адамдар өзін психолог ретінде атап, адамдарды «емдеуіне» жол берілмейді. Ол реестрге маман ретінде тіркелген адам арнайы талаптарға сай болуы шарт. Бір жақсысы, маманның реестрде бар немесе жоқ екенін оңай тексере алады. Сондай-ақ психо-коуч, психо-кеңесші деген атауларға да, талапқа сай болмаған жағдайда, тыйым салынады. Сондай-ақ екі апталық курс оқығандар да «маман» санатына өте алмайды.
Әлеуметтік желі арқылы ең көп жарнамаланатын нәрсе – ақылы курстар. Беретін ақылы аз, алатын ақысы көп бұндай курстарды шынымен білімді адамдар ілім үйрету мақсатында үйлестірсе, жөн екен. Көбі ақша табуды ғана көздейтінін жасыра алмаймыз. Білім алуға, жаңа нәрсені үйренуге деген қызығушылықтың артып отқаны, әлбетте, көңілге қуаныш ұялатады. «Ғасыр оқып, ғасыр жаса» деген сөз бар ғой. Сол секілді ақылы курс арқылы қай жаста да көп нәрсе үйретуге, үйренуге болады. Бірақ бәрі өз орнымен болса дейсің.
«Аңқау елге – арамза молда» дейді бұндайда халқымыз бір-ақ ауыз сөзбен қайырып. Сапасыз әрі үстірт білім ұсынатын курстар мен тренингтердің жаппай көбеюі біріншіден бағыттың қате берілуіне әсер етсе, екінші жағынан қыруар қаржыны қағып алады. Яғни кей курстар сапаға емес, жарнамаға негізделген. Аталған заң негізінде енді бұндай басбұзарлыққа да тоқтау бар. Енді онлайн-жарнама бақыланады. «Психолог екенсің, реестрдегі нөмер мен біліміңді ашық көрсет» деген ұстаным алға тартылады. «Бір күнде өмірді күрт өзгерту, жүз пайыз нәтиже» деген жалған желеуге орын жоқ. Күрделі тақырыптар тек кәсіби мамандармен талқыланады. Әйтпесе, соңғы уақытта елдің бәрі «балалық шақтың травмасымен» әлек болып кеткені жасырын емес.
Заң аясында психолог пен психиатрдың да аражігі ажыратылады. Психолог – дәрігер емес, жантану іліміне негізделеді. Оған медициналық диагноз қоюға, дәрі-дәрмек жазуға немесе адам санасына әсер ететін психоактивті әдістерді қолдануға қатаң тыйым салынады. Егер пациентте ауыр психикалық ауытқу белгілері болса, психолог оны бірден дәрігер-психиатрға бағыттауға міндетті. Бұл мәселе де жаңа заң аясында анық көрсетілген. Сондай-ақ құпия ақпарат заңмен қорғалады. Психологқа сеніп айтқан құпияңызды ешкім ешқайда жариялауға хақы жоқ.
Адам жаны – өте нәзік, ал жантану ілімі білімсіз маманның «ойыншығына» айналмауы керек. Себебі адамның ішкі әлемімен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті, терең білімді, кәсіби біліктілікті және адам тағдырына деген құрметті талап етеді. Сондықтан психолог қызметіне жүгінген әр адам маманның кәсіби деңгейіне мән беріп, ал осы саланы таңдағандар өз білімін үздіксіз жетілдіруді басты міндеті санауы тиіс. Жантану – жай ғана кеңес беру емес, ол адамның жан дүниесіне жол табу өнері әрі үлкен жауапкершілік. Сол себепті бұл саланы кездейсоқ әуестікке емес, кәсібилік пен адалдыққа негіздеу – қоғамның психологиялық саулығы үшін аса маңызды.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөз










