Жол қателікті кешірмейді
Жол жауапкершілікті талап етеді. Бір сәттік алаңғасарлық, асығыс шешім немесе жол ережесін елемеу адам өміріне орны толмас өкініш әкелуі мүмкін. Күн сайын көлік қозғалысы қарқын алып, жолдағы қауіпсіздік мәселесінің де маңыздылығы артып отыр. Жол-көлік оқиғаларының артында адам тағдыры, орны толмас қасірет жатады. Сондықтан жолда әрбір жүргізушінің сақтық танытып, өз өмірі мен өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарауы аса маңызды. Өйткені жол қателікті кешірмейді, ал қауіпсіздікке немқұрайлы қараудың салдары тым ауыр болуы мүмкін.Осы орайда аудан көлемінде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында қала көлемінде қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтың, әсіресе заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын автобус және такси көлік құралдары анықталды.
Темірден келер қауіп көп. Мамандардың айтуынша, көлікті басқару барысында бір сәт ұялы телефонға назар салу көптеген қауіпті оқиғаның негізгі себебі болады. Жылдан жылға техниканың сан түрі пайда болуда. Бұл орайда қоғам мен адам өміріне төнген қауіптің басым көпшілігі де осы темірден болып отыр. Заман қажеттілігімен қатар қатер де көбейіп тұр. Сондықтан аталған мәселе күн тәртібінен түскен емес.
– Үш күнде 64 құқық бұзушылық анықталып, 12 автокөлік айып алаңына жеткізілді, 11 мемлекеттік белгі тәркіленді. Бір жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылған күйде көлік жүргізгені анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы рәсімделіп, соттың қарауына жолданды. Бұндай тексеру жұмыстары біреуге кедергі келтіруге яки қорқытуға бағытталмаған. Әрбір көлік жүргізушісі сол сәтте өзімен бірге қаншама адамның тағдырына жауапты екенін естен шығармауы керек. Жол-көлік оқиғаларының алдын алудың ең тиімді жолы – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, көлік басқару кезінде барынша мұқият болуы. Жолдағы қауіпсіздік тек полиция қызметкерлерінің немесе жол қызметінің міндеті емес, бұл – әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі. Жылдамдықты шамадан тыс арттыру, көлік жүргізу кезінде телефонға алаңдау, шаршаған күйде рөлге отыру секілді қарапайым қателіктердің өзі ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Сондықтан жолға шыққан әр адам «бір сәттік асығыстық өмір бойғы өкінішке айналмасын» деген қағиданы ұстануы керек, – дейді аудандық полиция бөлімінің подполковнигі Сейілхан Кеукенов.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИҚЫЗЫ










