Әкенің үнсіз махаббаты

Бала кезімізде біз ананы іздедік. Құшақтадық, еркеледік, ашық айттық. Ал әке — алыстан бақылап тұратын бейне. Қатты сөйлемейді. Көп айтпайды. Бірақ сенің әр қадамыңа куә. Сен құлағаныңда бірінші жүгіріп келмейді, бірақ сенің өзің тұрып кетуіңді қалайды. Себебі ол сені ертеңгі өмірге дайындап жатыр. Бұл — оның махаббатының түрі.
Әке — отбасының іргетасы. Ол үйдің тірегі, бірақ сол тірек болу үшін көп нәрседен бас тартады. Өз армандарынан, еркіндігінен, кейде тіпті денсаулығынан да. Бірақ ол бұны ешқашан айтып көрсетпейді. Әке үшін басты мақсат — отбасының амандығы. Оның махаббаты — таңертең жұмысқа ерте кетіп, кешке шаршап келіп, балаларын үнсіз бақылау. Әкенің махаббаты — кеш оралу. Үнсіз еңбек. Қолындағы мүжілген құрал. Киімімен бірге шаршаған иығы. Ал бізге көрінетіні — тек «қатаң адам бейнесі». Бірақ соның артында – төзім, қорғаныш, құрбандық пен сөзсіз сүйіспеншілік жатыр. Бала есейгенде барып түсінеді: әкенің айтпағаны — айтқанынан көп. Ол ешқашан «қорқамын», «сағынамын», «жолың болсын» деп айтпайды. Бірақ бәрін көзқарасымен жеткізеді. Кейде үнсіз ғана жаныңда отырып, өмірің үшін уайымдап отырады. Бұл — нағыз махаббат.
Кейбір әкелердің махаббаты — қатал тәртіпте. Кейбірі — жылы сөзсіз, бірақ ісімен махаббат көрсетеді. Әр әке — өзінше сүйеді. Бірақ бәрінің жүрегінде бір ғана ортақ сезім бар: баласының амандығы үшін бәріне дайын болу. Жас кезде әкенің бұл үнсіздігін түсінбеу мүмкін. Тіпті кейде ренжу де мүмкін. Бірақ уақыт өте келе сол үнсіз махаббаттың дауысы жүректе жаңғырады. Сол кезде ғана шын мәнінде түсінесің: бұл махаббат — мәңгілік.
Әкенің махаббаты — бұл биік таудағы қар секілді суық көрінеді, бірақ сол қармен өзендер нәр алады. Ол — көзге көрінбейтін, бірақ өмірге қажетті махаббат. Жазылмаған хат. Айтылмаған дұға. Сездірілмеген сағыныш. Егер әкең тірі болса — жанында бол. Егер алыста болса — хабарлас. Егер өмірден өткен болса — дұға ет. Себебі әкенің махаббаты — бір рет қана бұйыратын, ерекше сый.
Нұрбекқызы Алтынай
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті
Фото: Ашық дереккөзден