Жақсылықтың өлшемі – тұрақтылық
Күйбең тіршіліктің қамытын киген көпшілік қарапайым адами құндылықтарға аса мән бере бермесі анық. Әсіресе, жақсылықтың үлкен немесе кіші болып бөлінбейтінін аңғармай жатады. Бір күні ерекше жағдайға тап болып, кейіпкерімнің іс-әрекетіне таңғалдым. Бақшалық жерді суғарып жүргенімде үйге 17 жастағы тереңөзектік Еркебұлан деген жігіт келді. Ол амандаса сала әңгімесін бастап кетті.– Аға, үйде апам бар ма? Сүт әкеліп едім. Бүгін 5 литр сүт артылып қалып еді. Тұрақты тұтынушыларыма тегін таратып жүрмін.
– Тегін?.. Ол қалай?
– Апам менен тұрақты түрде сүт алады. Сондықтан артылған сүтті беріп кетейін деген едім.
Иә, Еркебұланның бұл әрекеті мені ұзақ ойландырды. Қазіргі қоғамда көпшілік өз пайдасын ғана ойлап, айналасындағы адамдардың жағдайына мән бере бермейтін кезеңде мейірімділік танытып жүрген жігітті көріп, еріксіз қуанасың. Халық даналығында «Жақсылық жаса да, суға таста» дейді. Демек, жақсылық ешқашан елеусіз қалмайды. Бір күні ол міндетті түрде өз иесіне сауап болып оралады.
Сол күні Еркебұлан 5 литр сүтті 1 литрден бөліп, әрбір тұтынушысына апарып берді. Он екі жасынан әкесі Жәнібекке еріп, мал шаруашылығына икемделген Еркебұлан Кеукенов – «Болашақ» жоғары колледжінің 3-курс студенті. Анасы сауып берген 15 литр сүтті Тереңөзекті айналып жүріп, күнделікті сатып шығады. Үлкеннің алғысын арқалаған кейіпкеріміз отбасында 8 ағайынды.
Бүгінде әлеуметтік желіде түрлі жағымсыз ақпараттар көбейген уақытта мұндай игі істер адамға үміт сыйлайды. Бір қарағанда сүт тарату үлкен көмек емес секілді көрінуі мүмкін. Бірақ, ол – мейірім мен жанашырлықтың белгісі. Кейде адамға материалдық дүниеден бұрын көңіл бөлінуі маңыздырақ болады. Біз секілді тегін сүтке ие болған әрбір тұтынушы бұл баланың ісіне риза. Қариялар ақ батасын беріп, ата-анасына алғыс айтып жүр. Өйткені ұл тәрбиелеп қана қоймай, елге жанашыр азамат өсіру – үлкен еңбек.
Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдасы тигені» деп айтқан. Көпшілік өмір бойы бақыт іздейді. Бірі оны байлықтан, бірі мансаптан, енді бірі атақтан көреді. Алайда адамға шынайы тыныштық сыйлайтын ең үлкен құндылық – жақсылық жасау екенін ұғынған дұрыс. Себебі жақсылық – тек әрекет емес, ол адамның ішкі жан дүниесінің тазалығы мен рухани деңгейінің көрінісі. Көпшілік аса мән бере бермейтін Еркебұланның қайырымды ісі оның ішкі рухани деңгейін көрсеткендей.
Жақсылық – адамды адам ететін қасиет. Егер әр адам күн сайын бір ғана игі іс жасауды әдетке айналдырса, қоғамда мейірім көбейіп, адамдардың бір-біріне деген сенімі артар еді. Әлемді өзгертетін үлкен күш – қару да, байлық та емес, адам жүрегіндегі шынайы жақсылық. Жақсылық жасап жарысқан Еркебұлан секілді жандар алдағы уақытта өз кәсібін гүлдендіретіні жасырын емес.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ










