Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

№57 газет

01 тамыз 2026 ж.

№56 газет

28 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Баспана – басты мәселе

Баспана – басты мәселе

Баспана – басты мәселе. Бұрын да, бүгін де солай, ертең де солай болуы ғажап емес. Ал, қолма-қол ақшаға үй сатып алу көпшілік үшін арманға айналған. Себебі, тұрғын үй бағасы күн санап артпаса, арзандамай отыр. Табысы күнкөріс көзінен артылмайтын көпшіліктің қалтасына ипотеканың өзі артық салмақ салады. Қоғамда тұрмысы төмен отбасылар мен жалғызбасты аналар тағы бар. Әрине, оларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған.

Қазіргі таңда жеке баспанасында тұра­тындармен қатар жалға берілетін пәтерде күн кешіп жүргендер де халықтың көпшілік пайызын құрайды. Үлкен қалаларда бұл түсінікті жағдай. Бірақ шағын ауданымызда да жалға пәтер беретін және үйді жалдап тұратын жандар көптеп кездеседі. Бұл ретте, еліміздің жаңадан қабылданған заңында аталған мәселе де ескерусіз қалмады.

Қазақстандағы тұрғын үй саясаты соңғы жылдары арнайы жоба аясында жүргізіліп келеді. Себебі, ондай жоба шарттары жалпыға түсінікті. Дүниеге сәби әкеліп, әкесіз тәрбиелеп отырған яки баланың әкесі тарапынан көмек алмайтын жалғызбасты аналар туралы ресми ақпарат eGov.kz мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында тіркеледі. Ал, мемлекет тарапынан белгіленген бала тууға байланысты төлемдер баршаға ортақ. Яғни, жалғызбасты аналарға да жәрдемақы тағайындалады. Десе де, асыраушысынан айырылған яки ажырас­қан әйелдер емес, ресми түрде некеге тіркелмеген, бірақ дүниеге сәби әкеліп, өзі тәрбиелеп келе жатқан аналар да қоғамда бар. Мұндай мәртебедегі жандар тұрғын үй алу мәселесінде ажырасқан немесе жесір қалған әйелдермен, толық емес отбасылармен тең дәрежеде қарастырылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Заңында нақты көрсетілген. Онда мем­лекеттік қордан тұрғын үй кезегіне халықтың әлеуметтік осал тобының өкілдері ретінде баланы әкесіз тәр­биелеп отырған жалғызбасты аналар да қосыла алатыны жазылған.

Жалғызбасты аналарға арналған пәтер кезегіне қалай тұруға болады? Бұл сұрақтың толық жауабын білу үшін алдымен тұрғылықты жер бо­йынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгіну орынды. Сондай-ақ Gov.kz ресми сайтында тұрғын үй кезегіне қою шарттары анық көрсетілген.

Елімізде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекеттік қордан пәтер алу мүмкіндігі бар. Мұндай пәтер өтініш берушінің жағдайын жан-жақты анықтаған соң ғана беріледі. Толық емес отбасы немесе жалғызбасты ананың соңғы бір жыл көлеміндегі табысы бір отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспа­са, мемлекеттік қордан кезек бойын­ша пәтер жалдау мүмкіндігі қарас­тырылған.

Қай ел болсын өз тұрғындарына көмек қолын созуға әзір. Әрине, алдымен тұрғындардың көше кезбей, баспанамен қамтылуы маңызды. Осы ретте халықты әлеуметтік баспанамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Бұл мәселе әр елде әрқалай шешім табуда. Енді өркениетті елдер тәжірибесіне үңілейік.

Испания халқының 80 пайыздан астамы өз баспанасында тұрады. Бұл көрсеткіш бойынша 48 млн халқы бар ел Еуропа елдерінен көш алда. Тұрғындардың 10 пайызы ғана пәтерді жалға алады. Мұндай әрекетке көбіне балалы-шағалы отбасылар тәуекел ететін көрінеді. Ал, Еуропаның оңтүс­тігіндегі ел халқының тек 1 па­йы­зы әлеуметтік тұрғын үй қызметін пай­даланады. Бағдарлама игілігін көру­шілердің көбі берілген тұрғын үйді жалға алудан гөрі сатып алғанды жөн санайды.

Испан үкіметінің VPP бағдарламасы қатысушыларға субсидия мен пәтер сатып алуға жеңілдіктер қарастырады. Бұндай жағдайда жылжымайтын мүлікті өзге біреуге сатуға мүмкін болмайды. Әлеуметтік тұрғын үй мәр­тебесі 30 жылға дейін бекітіледі. Кейбір аймақта пәтер жас отбасыға 15 жыл ішінде сатып алу міндеттемесімен жалға беріледі. Бұл да арнайы бағ­дарлама негізінде жүзеге асады.

«Habitation a loyer modere» (HLM). Француз үкіметі өз азаматтарына беретін тұрғын үйлерді осылай атайды. Ал, HLM – ауданы 80 шаршы метрдей болатын көбіне төрт бөлмелі пәтерлер. Жалдау ақысы төмендетілген тұрғын үй – елдегі жалпы тұрғын үй қорының 20 пайызын құрайды. Егер сіз Франция азаматы болсаңыз және жалдау ақысы төмендетілген баспанаға қол жеткізуді қаласаңыз, жеті жылдай кезек күтуге тура келеді. Бұл уақыт аралығында өтініш беруші жыл сайынғы табы­сының нормадан төмен екенін құжат­пен растауы қажет. Әлеуметтік бас­пана алу үшін ел астанасы Париж тұр­ғындарының табысы айына 2 100 еуродан, басқа өңір тұрғындарының табысы 1 900 еуродан төмен болуы шарт. HLM пәтерлерін үш меншік иесі ала алады. Олар жергілікті билік өкілдері, тұрғын үй кооперативтері және жеке меншік иелері. Жыл сайын бес мыңға жуық әлеуметтік пәтерді жалға алушылар сатып алады. Көбіне «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынған жеке баспаналар сұранысқа ие.

68 млн халқы бар Францияда әлеу­меттік тұрғын үй жалпы пәтер жалдау нарығының 50 пайызын құрайды. Батыс Еуропа елінде аз қамтылған отбасыларға коммуналдық төлемдерді қамтитын қосымша жеңілдіктер де қарастырылған.

Әлемдегі ең ірі экономикалардың рейтингінде төртінші орын алатын Германия халқы тұрақты тұрғын үйі болмағанын құп көреді. Содан болар, мұнда жалға беру мен жалға алу сау­дасы қыза түскен. Тұрғындардың таңдауы жалдамалы пәтер болуына халықтың «көшпелі» өмір салты әсер ететін көрінеді. Ел азаматтарының көпшілігі уақытша баспананы қысқа мерзімге алып, ел ішінде жиі көшіп-қонып жүреді екен. Соғыстан кейінгі кезеңде Германия үкіметі тұрғын үй қорын көбейтуді бірінші кезектегі міндет етіп күн тәртібіне қойған болатын. 10 жылдың ішінде 5 млн тұрғын үйдің бой көтеруі – сөзімізге дәлел. Ал, үкімет әлеуметтік тұрғын үйлердің салу үшін жеке компаниялармен бірлесіп жұмыс істейді. Жалпы, немістер өткен ғасырдың ортасында-ақ аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік баспанамен қамтамасыз ету мәселесін толығымен шешкен. Бір қызығы, онда бағдарлама қатысушылары пәтерді тегін алмайды, әркімге жеке жарна тағайындалады. Егер ол төлем жасаудан бас тартса, қоғамдық жұмысқа орналасу немесе үй жағдайында белгілі міндеттемелерді алу ұсынылады.

Жері біздің Солтүстік Қазақстан облысынан екі есе кішкентай Нидерландта 18 млн халық тұрады. Еуропаның батысындағы осы елде жылжымайтын мүлік нарығы екіге бөлінеді. Нысандардың жартысы азаматтардың мешігінде болса, қалғаны мемлекет қарамағындағы жалға берілген нысандар. Пәтерді жалға алу үшін субсидия кірісті ескере отырып есептеледі. Елде мемлекеттік тұрғын үйдің пайыздық үлесі жоғары болғанымен, жалға алу мен беру ұсыныстары аз. Дегенмен, халқы дәулетті тұратын елге еңбек мигранттары мен студенттердің келуімен жалдамалы пәтерлерге деген сұраныс артып келеді. Халықтың бұл тобын бас­панамен қамтамасыз ету мәселесі бүгінде «Spacebox» (Ғарыш жәшігі) архитектуралық шешімінің көмегімен шешілуде. Мұндай ғимараттар үш қабат­тан құралып, адамның бір-бірі­мен еркін қарым-қатынас орнатуына ыңғайлы етіп орналастырылған.

Ұлыбритания халқының 70 пайызы өз атына тіркелген баспанада өмір сүріп жатыр. Дегенмен, тұманды Альбионда баспана құнының қымбат екені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ 67 млн халқы бар елде 1 млн-нан астам үй тұруға жарамсыз деп танылған. 500 мыңдай британдық өте тар баспанада күнелтуде. Тағы 700 мыңдай британдық әлеуметтік баспана кезегінде тұр. Мем­лекет жас отбасыларға баспана алуға да көмектеседі. Айталық, жылжымайтын мүлік құнының 17,5 па­йызын субсидия түрінде өтейді. Және қоғамдағы маңызды қызмет иелеріне – мұғалім, дәрігер, өрт сөндіруші және полицейлерге пәтер алудың арнайы жеңілдіктері қарастырылады.

Америкалықтар ұзақ жыл бо­йы­на несие төлеп өмір сүруден еш қорықпайды. АҚШ азаматтары 30-40 жылға ипотека алуға да әбден үйренген. Сондықтан мемлекет те ел тұрғындарына жылжымайтын мүлікті ипотека арқылы алуға жағдай жасауда. Бірақ, үш жүз миллионнан астам халқы бар АҚШ-та үйсіз-күйсіз жүргендердің қарасы қалың. Тіпті, өткен ғасырда билік жеке тұрғын үй иелерімен келісім жасап, нысанның бір бөлігін тұрмысы төмен отбасыларға арзан бағамен беруге келіскен. Және сондай «қайырымдылығы» үшін мемлекет тұрғын жайдың негізгі егесіне өтемақы да төлеп отырады. Мұнда нарықтық бағаны қалтасы көтермегендер қол­жетімді баспанаға қол жеткізе алады. Ол үшін өтініш иесінің жиынтық табысы өңірдегі орташа табыстың 50 пайы­зынан артық болмауы шарт. Міне, дамыған елдер баспана мәселесін осылай шешеді. Демек, өркениетті елдер тәжірибесіне бір сәт үңіліп қойған да артық етпейді.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап Қазақстанда тұрғын үйді сату және жалға беру кезінде қосылған құн салығына қатысты жаңа өзгерістер күшіне енді. Сондай-ақ жаңа Консти­туцияның 28-бабы тұрғын үй иелерінің құқықтарын қорғауды бекітеді. Атап айтқанда, бап тұрғын үйге қол сұқпау­шылық пен баспана құқығына арналған. Қабылданған жаңа норма жылжымайтын мүліктің заңды иелерінің құқықтарын абсолютті ба­сым­­дыққа қоя отырып, оларды заңды күшіне енген сот шешімінсіз тұрғын үйден шығаруына немесе тұрғын үйінен айыруға тыйым салады. Жаңа норма азаматтарды негізсіз тұрғын үйден шығарудан қорғауды ең жоғары заңнамалық деңгейде – Конституция деңгейінде қамтамасыз ету үшін енгі­зілген. Десе де, бұл – жаңа тәжірибе емес. Бұған дейін де заңнамада негізсіз тұрғын үйден шығаруға ті­ке­лей тыйым салынғаны белгілі. Атал­ған норманы Конституцияға енгізу, ең алдымен, жылжымайтын мүлік иелерінің құқықтарын қорғауды күшей­­туге, мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз етуге және тұрғын үй нары­ғындағы тәртіпті арттыруға, со­ның ішінде шарттық қатынастардың тұрақтылығын сақтауға бағытталған.

«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген екен Жиренше шешен жыртық лашығынан аяғы шығып жатып. Сол айтпақшы, тұрғылықты тұрғын жайыңның болғанына не жетсін?! Бірақ, жоғарыда жазғанымыздай, бас­пана бағасы шарықтап барады. Той-томалақтан қалған несиені әрең төлеп жүрген қарапайым халыққа бас­пана аларлықтай ипотеканы банктің бере салуы да қиямет. Жоғары нес­ие мөлшерлемесі де үйдің бағасын одан әрі шарықтатып жібереді. Нәти­жесінде, көпшілік мемлекеттік бағдар­ламаларға арқа сүйеп, сол негізде баспанаға қол жеткізіп жатыр. Бұл бір жағынан өте тиімді болғанымен, бәріне бірдей үйлі болу бақыты бұйыра бермейді. Жұртшылық баспана жайлы жаңалықтың ұшы шықса, құлақ түре қалатыны да содан...

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: syrboyi.kz
04 тамыз 2026 ж. 59 0