53 маман баспаналы болды
Ел тұрғындарының негізгі мәселесінің бірі – баспаналы болып, қоныс тойын тойлау. Қазіргі уақытта пәтер жағалап, «көшпелі қазаққа» айналған жандар қаншама. Шын мәнінде, еліміздің жастары «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының шапағатын сезініп келеді. Әрине, 20 миллион халқы бар республика аумағында баспана – басты қажеттілікке
айналды. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген 53 сырдариялық жас маман Жаңа жылды меншікті баспанасында қарсы алған болатын.
Жайлы тұрғын үйге қол жеткізбеген көпшіліктің тұрмыс сапасы төмендейтіні рас. Ұлттық статистика бюросының таратқан мәліметіне сүйенсек, тұрғын үй нарығындағы жаңа баспана бағасы 2022 жылмен салыстырғанда былтыр тамыз айында 4,4 пайызға өскен. Жылдар бойы пәтер жағалаған көпшілік үшін мемлекеттік бағдарламаның пайдасы зор. Бюджеттік саланың әрбір маманы үй алуға тиісті құжат дайындап, өз үйіне қол жеткізе алады. Аудандық экономика және қаржы бөлімі жүзеге асыратын «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жастардың тұрғын үй мен көтерме жәрдемақы алуына 2023 жылдың сәуір айында аудандық мәслихаттың шешімі шығарылған. Сонымен қатар арнайы аудан әкімінің Қаулысы негізінде сала мамандарына тиісті қаражат төленіп келген.
Өткен жылы тұрғын үй сатып алу үшін 269,1 млн теңге қаржы бөлініп, жекелеген жас маманға бюджеттік несие берілген. Баспаналы болған жастардың арасында денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп, мемлекеттік қызмет саласының қызметкерлері бар. Айта кетейік, мемлекет тарапынан берілетін атаулы жәрдемақыны былтыр 108 маман алған. Оларға аудан қазынасынан 37,2 млн теңге қаржы қарастырылған.
– Мемлекет жастардың баспаналы болуына айрықша қолдау көрсетіп отыр. Нарық заманында баспана салудың өзіндік машақаты көп. Негізінен, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аудан халқының өз баспанасына қол жеткізуіне барлық мүмкіндікті қарастырып отыр. Қазіргі уақытта тұрғын үй алу барысы «Отбасы банкі» бойынша жүргізіледі. Жыл басында 52 адамға тұрғын үй алуға қаржы бөлінсе, үнемделген қаражат есебінен қосымша 1 адамның үйлі болуына қолдау көрсетілді, – дейді аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ерлан Ахетов.
Осыдан 15 жыл бұрын қолданысқа енгізілген «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үйге қол жеткізген білім саласының маманы Жандос Сансызбаев игілікті бастама жөнінде пікірін білдірді.
– Мен үш жылдан бері білім саласында қызмет етіп келемін. Ең алғаш Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде студенттерге дәріс бердім. Негізінен, біздің әулетіміз Сыр өңіріне музыка саласын меңгерген майталман мамандармен танымал. Кейіннен туған ауылыма келіп қызмет ету бақыты бұйырды. Зайыбым – Гүлжанат Мұсаханова да ағартушылық саласының өкілі. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама негізінде Тереңөзек кентінен 4 бөлмелі баспана алған болатынбыз. Қазіргі уақытта біздің 1 бөпеміз бар. Әркез өнердегі аяқ алысымызға отбасымыздың үлкендері шын қуанып, тілектестік білдіріп отырады. Жаңа жылды өз баспанамызда қарсы алғанымызға дән ризамыз, – дейді Жандос Сансызбаев.
Жандос секілді ауданның кез келген жасы өз үйінің иесі атанса нағыз қуанарлық жағдай. Аталған бағдарлама биыл жалғасын тауып, үйсіз жүрген елдегі ағайынның қуанышы еселене берсін демекпіз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Halyqline.kz