Жастарға баспана сыйлаған бағдарлама

Бағдарлама Астана, Алматы, Шымкент жастарына арналған. Себебі түсінікті болар, салыстырмалы түрде ірі қалаларда тұрғын үй бағасы қымбат. Бағдарлама арқылы уақытша пәтерлі болғандардың 5 жылда өз баспанасына алғашқы жарна жинап үлгеретін толық мүмкіндігі болды. Астана қаласының әкімдігі «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша 2024 жылға дейін барлығы 3 220 пәтер үлестірген. Биыл тұрғын үйді жалдау мерзімінің аяқталуына байланысты 778 жалға алушы пәтерін босатады. Осы тұста жергілікті әкімдік қарап қалмай, жастардың жеке тұрғын үй сатып алуына барынша жәрдемдескен. Тұрғын үй алудың тиімді тәсілдерін көрсеткен. Соның бірі әрі оңтайлысы ретінде «Елорда жастары» бағдарламасын ұсынған.
Енді «Елорда жастары» бағдарламасы туралы айтар болсақ, бастапқы жарнасы – 10%. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 5%. Несиелендіру мерзімі 19 жылға дейін. Бағдарлама шартына сәйкес 20 млн теңге шамасында жеңілдетілген несие беріледі. Осы сомаға жастардың бастапқы және екінші нарықтан тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі бар. Қазір жалдамалы пәтерін босатқандардың дені осы өңірлік бағдарламаның шарапатын көре бастады. Жиған қаражатына қарай «Otbasy bank»-тің басқа да бағдарламаларына қатысып, үйлі болып жатқандар кездескенімен, олардың үлес салмағы салыстырмалы түрде аз.
Биыл 17 ақпаннан «Otbasy bank» АҚ-да несиелендіру рәсімдерінен өту үшін 778 азаматқа жолдама берілген. Біз мұнда жалпы статистиканы емес, тек жалдамалы пәтерде тұрып келген тұлғаларға қатыстысын айтып отырмыз. Сәйкесінше, олардың тұрғын үйді жалға алу шарттары биыл аяқталады. Нақ қазір 778 азаматтың 467-сі «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үй сатып алса, 17 жас, жас отбасы үй іздеп жатқан көрінеді. Тұрғын үйді жалға алу мерзімі аяқталған 600-ден астам адам баспанасын босатқан. Енді босаған үйлер тұрғын үй заңнамасының талаптарына сәйкес мұқтаж азаматтарға беріледі.
Бағдарламаның шарапатын көрген жастардың арасында Қарағанды қаласының тумасы Айман Серікқызы бар. Ол Астанада 2013 жылдан бері тұрады. Қаланың тыныс-тіршілігіне мәдениет саласында жүріп үлес қосып келеді. Яғни тұрақты жұмысы бар. Жалға беретін тұрғын үй бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі келген соң, өтініш қалдыруға бекінген. Көп ұзамай ойдағысы орындалып, комиссия шешімімен Ш.Уәлиханов көшесінің бойындағы бір бөлмелі пәтерге көшкен. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті сәтті пайдаланған ол, алғашқы жарнасын уақтылы толықтырып отырған.
– Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бізге зор мүкіндік сыйлады. Бес жылда бір бөлмелі пәтерімізге ай сайын төлеп келген ақымыз – 7 мың теңгеге де жетпейді. Күйеуім Арман екеуміз 2016 жылы отау құрып, 2020 жылға дейін пәтер жалдап келдік. Оның құнын төлеуге жалақымыздың жартысы кететін. Арман энергетика саласында жұмыс істейді. Екі баланың ата-анасымыз. Енді, міне, «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша үйлі болдық. Себебі қалада жеңілдікпен берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысуды көздеп жүргендер көп-ақ. Пайыздық үстемесі, шарттары өте тиімді. «Otbasy bank»-тің мамандары бізге бағыт-бағдар көрсетіп отырды. Құжаттарымызды түгендеп, конкурсқа қатыстық. Банк тарапынан төлем қабілетімізді растадық. Жастарға осындай мүмкіндік сыйлап жатқан Үкіметке, кеңесін беріп отырған «Otbasy bank»-тің мамандарына алғысымыз зор. Қаланың дамуына сан салада үлес қосып жатқан жастардың, жас отбасылардың арманы орындалсын, тезірек баспаналы болсын, дейді Айман Серікқызы.
Кейінгі жылдары ел Үкіметі жастардың білім алып, бәсекеге қабілетті болуына, кәсіп ашып, жұмыспен қамтылуына және баспаналы болуына жүйелі түрде қарайласып келеді. «Otbasy bank»-тің әдепкі бағдарламаларынан бөлек, өңірлік деңгейде жергілікті әкімдіктің араласуымен тұрғын үйге жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр. Бұл ретте тізім «Елорда жастары», «Алматы жастары», «Қарағанды жастары», «Әулиеата жастары», «Қостанай жастары», «Алатау жастары», «Атырау жастары» бағдарламасы деп жалғасып кете береді. Осылардың ішінде жалдамалы тұрғын үй бағдарламасының тиімділігі зор болды. Жастар бес жылда өз баспанасының алғашқы жарнасын жинап үлгереміз десті. Өйткені мемлекет ұсынған жалдамалы үйдің тұрғындары пәтерақыға ай сайын 5-15 мың теңге ғана ақы төлейді. Бағдарламада отбасын құрып, өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқан ерлі-зайыптыларға, балалы отбасыларға басымдық берілген. Осы аралықта алғашқы жарнасын жиып үлгерген жастар мемлекет ұсынған мүмкіндікке алғысын жаудырып жатыр. Жыл соңына дейін жалдамалы үйде уақытша тұрып келген әлі талай жас пәтерін мұқтаж жандарға босатып, өз баспанасына қоныстанады.