Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «ORDA» баспаналы болуға мүмкіндік

«ORDA» баспаналы болуға мүмкіндік


Аймақта тағы бір жаңа бағдарлама іске асты. Бұлтұрғын үйге мұқтаж жандар үшін берілген мүмкіндік. «Орда» деп аталған бағдарламаны жүзеге асырушы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі». Сыр шаһары Қызылорда қаласының сол жағалауынан жаңа үйлерден пәтер алуға өтініш қабылдау басталып, ол үш жылға жалғасады.
Баспана мәселесі қай кезде де өзекті. Басыңда баспанаң болмаса қандай күй кешетіні белгілі. Бұл ретте мемлекет тарапынан түрлі бағдарлама қабылданып жатса да оған қол жеткізетіндері шамалы. Әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілгендер үшін баспана алу қиынның қиыны. Міне, «Орда» бағдарламасы жалпыға бірдей болмағанымен, көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, І,ІІ топ мүгедектеріне, мемлекеттік қызметкерлерге, бюджет қызметкерлеріне, жасы 35-ке толмаған жас отбасыларға тұрғын үй алуға берілген мүмкіндік. Бұл санаттағылар жергілікте әкімдікте кезекте тұрған банк салымшылары болуы тиіс.
– Облыс әкімдігінің қолдауымен әзірленген бағдарлама шарты бойынша қатысушылар 8 жыл бойы жалға берілетін пәтерлерде тегін тұрады. Дегенмен, олар осы уақыт аралықта Тұрғын үй құрылыс жинақ банктегі өз шотына пәтер бағасының 50 пайызын жинауы керек. Содан соң пәтерді жеңілдетілген несиемен сатып ала алады, – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев.
Айта кету керек бұл бағдарлама арқылы бірінші кезекте банк шотында кем дегенде 500 мың теңге жинағы бар және ұпай саны ең көп салымшылар баспанаға қол жеткізе алады. Ал, жалпы баспана рәсімдеу мен қаражаты мәселесіне тоқталар болсақ, мәселен, 2 бөлмелі пәтер құны 6 млн. 960 мың теңге тұрады. Осы пәтерде 8 жыл бойы тегін тұрып келген азамат ай сайын шотына 36 888 теңгеден салып тұруы тиіс. Аталған мерзімде пәтер құнының жартысы жиналып, қалғаны несие түрінде рәсімделеді. Ол несиені ай сайын 32 200 теңгеден төлеп, қайтарасыз. Ал, ертерек несиеден құтылу үшін несие сомасын көбірек төлесеңіз де өз еркіңізде болмақ.
Иә, шын мәнінде қазір несие төлемейтін адам кемде кем. Барлығының басында тіпті бірнешеуден бар. Бұл көбіне тұрғындар тұтынуға рәсімдегендері. Ал, сол қаражатты баспана алуға жинап немесе баспана несиесін төлесеңіз, бәрінен де сол артық болар еді.

Б.ЖАНӘЛІ
19 қаңтар 2019 ж. 795 0