Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

№57 газет

01 тамыз 2026 ж.

№56 газет

28 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Ел ертеңі – жігіттің төресі

Ел ертеңі – жігіттің төресі

Ауданда ұлттық құндылықты дәріптеп, жастардың бойындағы өнер мен білімді, күш-жігер мен парасатты ұштастыруға бағытталған тағылымды іс-шара тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осындай мазмұнды жобаның бірі – Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Іңкәрдария ауылдық клубы ұжымының ұйымдастыруымен өткен «Заман жұлдызы» аудандық жігіт сұлтаны байқауы.

Атауына сай елдің ертеңі болатын жалынды жас­тардың жан-жақты қабілетін танытуға арналған бұл байқау көпшіліктің зор қызығушылығын тудырып, аудан көлеміндегі ең мазмұнды мәдени іс-шараның біріне айналды. Ұлттық рухты дәріптеген, салт-дәс­түрді жаңғыртқан байқау ауыл тұрғындары мен қонақтарға ерекше әсер сыйлап, көптің көңілінен шықты. Байқаудың басты ерекшелігі – оның ашық аспан астында ұйымдастырылуы болды. Табиғат аясында өткен кеш қазақы болмыс пен ұлттық нақышты үйлестірген ерекше сән-салтанатымен ерекшеленді. Сахнаның безендірілуі, ұлттық ою-өрнектермен көмк­ерілген көрініс, киіз үй мен этнографиялық бұйым көрерменді қазақы ортаға жетелеп, іс-шараның мазмұнын одан әрі байыта түсті.

Негізінен, байқауға әрбір қатысушы сахнада өзіне жүктелген тапсырманы жоғары деңгейде орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Олар ұлттық өнерді дәріптеп, қазақы тәрбиені насихаттай отырып, өздерінің шығармашылық қабілетін, ой-өрісін және сахна мәдениетін паш етті. Сайыстың кезеңі тартысты өтіп, көпшілік әр қатысушыға зор қолдау көрсетті.

– «Заман жұлдызы» тақыры­бындағы аудандық жігіттер сұлтанын өткізудегі басты мақсатымыз – ұлттық құндылықты дәріптеп, жастардың бойындағы өнерді, білімді, парасат пен азаматтық қасиетті насихаттау болды. Бүгінгі жас – елдің ертеңі. Сондықтан олардың ұлттық тәрбиемен сусындап, салт-дәстүрімізді құрметтеп өсуі – баршаның ортақ міндеті. Осы жылғы байқауды ауыл тұрғындарына ерекше әсер сыйлайтындай етіп, ашық аспан астында ұйымдастыруды жөн көрдік. Қазақы болмысты айшықтайтын көрініс, ақ жаулықты ананың ыстық бауырсағы, ауыл еңбеккерлерінің табиғи өнімдері мен қолөнер көрмесі – бәрі де халқымыздың кең пейілі мен ұлттық рухын танытуды мақсат етті. Жоба – жай ғана байқау емес, ауылдың ауызбірлігі мен берекесін көрсететін тағылымды мәдени мереке. Байқауға қатысқан барлық жігіттің өнеріне, біліміне және белсенділігіне көпшілік таңданыспен қарады. Олар өздерінің жан-жақты қабілетін көрсетіп қана қоймай, ұлттық өнер мен мәдениетке деген құрметін де айқын таныта білді. Мұндай жоба жастардың бойында жауапкершілік, отансүйгіштік және елдік қасиетті қалыптастыруға ықпал етеді деп сенемін.

Алдағы уақытта да ұлттық құндылықты ұлық­тайтын, жастардың шығармашылығын шыңдайтын осындай тағылымды жобаны жалғастыра беретін боламыз, – деді Іңкәрдария ауылдық клубының директоры Айгерім Жұмабекова.

Жігіт сұлтанының қорытындысы бойынша бар­лық қатысушының өнері, білімі, тапқырлығы, сахна мәдениеті мен ұлттық құндылықты дәріптеу дең­гейі әділ қазылар алқасы тарапынан жан-жақты бағаланды. Тартысқа толы дода нәтижесінде, Іңкәрдария ауылының намысын қорғаған Олжас Жолдасбекұлы үздік өнер көрсетіп, І орынға лайық деп танылды. ІІ орын жаңадариялық Әділет Бөбешке бұйырды. Ал ІІІ орын айдарлылық Әділет Ермахан, нағилық Нұрбақыт Бақытбекұлы, шіркейлілік Нұриддин Құлтайға берілді. Олар байқау барысында өздерінің жан-жақты қабілетін, өнері мен білімін жоғары деңгейде танытып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Жеңімпаздар мен жүлде­герлерге арнайы диплом мен бағалы сыйлық табыс­талып, олардың еңбегі мен өнері жоғары бағаланды.

Кеш аясында ауыл еңбеккерлерінің маңдай терімен өндірілген табиғи өнімдерден, ұлттық тағамдардан арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған сүт өнімдері, ұлттық тағам түрі, қолдан жасалған тұрмыстық бұйым мен сәндік қолөнер туындылары келген қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Ауыл тұрғындарының еңбекқорлығын, кәсіпке деген бейімділігін және ұлттық мұраны сақтауға деген ықыласын айқын аңғара алдық.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
04 тамыз 2026 ж. 59 0