Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайдарман – ұмытылмас әсер ордасы

Жайдарман – ұмытылмас әсер ордасы

Аудан әкімінің жүлдесіне арналған республикалық «Жайдарман» ойыны Сырдарияда жоғары деңгейде өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязов және қонақтар қатысты. Аудандық мәдениет үйінде жүзеге асқан іс-шара көпшілікке ерекше әсер сыйлаған тағылымды әрі көңілді кештердің біріне айналды.

Кеш барысында елімізге кеңінен танымал республикалық «Jaidarman Top» және Ұлттық лига сахнасында өнер көрсетіп жүрген үздік командалар өзара бақ сынап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әзіл мен астарлы ойды ұштастырған әрбір команда қоғамдағы өзекті мәселені де шебер жеткізіп, көрерменнің ыс­тық ықыласына бөленді. Жиналған көрер­мен әр командаға ерекше қолдау көр­сетіп, жайдарманшылардың өнерін зор қошеметпен қабылдады. Сайысты әзіл­кеш Әлиби Басаров жүргізді.

Айта кету керек, жайдарман – жас­тардың шығармашылық әле­уетін арттырып, олардың еркін ой­лауы­на, сахна мәдениетін қа­лып­тастыруға мүмкіндік беретін ма­ңызды алаң. «Жайдарман» арқылы жас­тар ұйымшылдыққа, тапқырлыққа, мәдени қарым-қатынасқа бейімделіп, қоғам­дық белсенділіктерін арттыра түседі. Жастардың шығармашылығын шың­дап, тапқырлығы мен сахна мә­дениетін дамытуға бағытталған жоба көптің көңілінен шықты.

Сайысқа төрелік еткен әділ қа­зылар алқасының құрамында аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязов, облыстық «Жастар Рухы» жас­тар қанатының төрағасы Әсетхан Баймұрза, Қазақстан КВН одағы Қызылорда филиалының директоры Нұрлан Сипанов, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов және аудандық мәдениет үйінің директоры Әзиз Садықов болды. Қазылар ал­қасы командалардың өнеріне әділ ба­ғасын беріп, қатысушылардың шы­ғар­машылық ізденістеріне жоғары баға берді.

– Республикалық байқау – жас­тардың тек әзіл айтып, көңіл көте­ретін алаңы ғана емес, олардың ой-өрісін, тапқырлығын, қоғамға деген көзқарасын қа­лыптастыратын ма­­ңыз­ды рухани орта. Бү­гінгі рес­пуб­ликалық деңгейдегі са­йыстың Сырдария ауданында жоғары деңгейде өтуі – аудан жастарының бел­сенділігінің, шығармашылық әлеуетінің айқын көрінісі. Көңілді кеште өнер көрсеткен командалардың дайындығы өте жоғары болды. Әсіресе, сахна мәдениеті, өзекті мәселелерді астарлы әзілмен жеткізуі көрерменнің ыстық ықы­ласына ие болды. Мұндай жобалар жас­тардың еркін ойлауына, мәдени ортада шыңдалуына үлкен мүмкіндік береді. Осындай мазмұнды іс-шараны ұйым­дастыруға атсалысқан барша аза­матқа алғыс білдіремін. Алдағы уа­қытта да жастарға қолдау көрсетіп, олардың шығармашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады деп сенемін, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Сырдария төрінде өткен рес­публикалық «Жайдарман» сайысы жас­тардың басын қосқан тағылымды кешке айналып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады. Осындай рухани-мәдени іс-ша­ралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, талантты жастардың қанатын кеңге жаюына мүмкіндік береді деген сенім мол.

Тартысты өткен сайыс қо­ры­тындысы бойынша жүлделі І орынды «Проект SU» командасы жеңіп алды. Команданың сахнадағы шеберлігі, өткір әзілдері мен тың әзірлемелері әділ қазылар алқасының жоғары ба­ғасына ие болды. Ал ІІ орын «Алмалы-Абырой» командасына бұйырса, ІІІ орынды «Тұмар» командасы иеленді. Бұл ретте, «Sweet» командасының ойын­­шысы Медина Аманжолова ерекше өнерімен көзге түсіп, «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
30 мамыр 2026 ж. 173 0