Ауыл өнері айшықталды
«Ауыл мәдениетінің өнер керуені – аудан төрінде» жобасы аясында соңғы екі аптада Аманкелді, Жетікөл, Айдарлы, Қалжан ахун, Асқар Тоқмағанбетов, Сәкен Сейфуллин ауылының өнер ұжымдары аудан тұрғындарына мерекелік концерттік бағдарласын ұсынып, көрерменге рухани кеш сыйлады. Әр ауылдың мәдениет саласы қызметкерлері мен өнерпаздары тыңғылықты дайындықпен келгені анық байқалып, концерттік бағдарлама мазмұны мен көркемдік деңгейі жағынан көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.Жобаның негізгі мақсаты – ауыл мәдениетінің әлеуетін насихаттау, талантты өнерпаздарға қолдау көрсету, ұлттық өнерді дәріптеу және мәдениет ошағының шығармашылық байланысын нығайту. Негізгі міндет концерт барысында толық көрініс тауып, ауыл өнерпаздарының шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігі көпшілікке кеңінен таныстырылды.
Орталық алаңдағы кеште ауылдық мәдениет үйлерінде жұмыс істейтін барлық үйірме мүшесі белсенділік танытып, сахна төрінде өз өнерін ортаға салды. Әсем әуенмен шырқалған ән, күмбірлеген күй мен, ұлттық және заманауи би, театрландырылған қойылым, көркемсөз оқу шеберлігі мен ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін тәрбиелік мәні зор көрініс көрерменнің зор қошеметіне ие болды. Әрбір қойылым мен нөмірден ауыл мәдениетінің тынысы, өнер ұжымының шығармашылық әлеуеті мен ұлттық өнерге деген шынайы сүйіспеншілігі анық сезілді.
Концерттік бағдарламада әр ауыл өзіндік ерекшелігін, өнердегі қолтаңбасын көрсетуге тырысты. Бірі – халық әнін нақышына келтіре орындаса, енді бірі – ұлттық би өнерінің көркемдігін паш етті. Театр үйірмесінің сахналаған қойылымы мен ұлттық құндылықты насихаттайтын көрініс көрерменді терең ойға жетелеп, қазақ халқының бай мұрасы мен салт-дәстүрінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мерекелік кештің сәнін арттырған тағы бір жаңашылдық – танымал әншілердің қатысуы болды. Белгілі өнер иелері өздерінің әсем әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Олардың орындауындағы халық және эстрадалық әннің басым бөлігі көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, концерттің әсерін еселей түсті. Көрермен сүйікті әншілерін зор қошеметпен қарсы алып, әрбір әннен кейін ұзақ қол соғып отырды.
Өнер керуені тек концертпен ғана шектелген жоқ. Кеш аясында қолөнер шеберлерінің арнайы көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы бұйымдар, сәндік-қолданбалы өнер туындылары мен жергілікті шеберлердің қолынан шыққан жұмыс жұртшылық назарына ұсынылды. Киізден, ағаштан, былғарыдан және басқа да табиғи материалдан жасалған бұйым ұлттық қолөнердің бүгінгі тынысын көрсетіп, келген қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің елді мекендердегі кітапханашылары де мәдени шараға белсене қатысып, арнайы кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге Сыр өңірінен шыққан ақын-жазушылардың шығармалары, өлкетану бағытындағы еңбектер мен тарихи-танымдық басылым қойылып, оқырмандарға кеңінен таныстырылды. Кітапхана мамандары жергілікті қаламгерлердің шығармашылығы жөнінде жан-жақты мәлімет беріп, жастарды кітап оқуға, туған өлкенің әдеби мұрасын танып-білуге шақырды. Аталған бастама мәдени іс-шараның мазмұнын байытып, өнер мен руханияттың өзара сабақтастығын айқындай түсті.
Кеш бойы көрерменнің белсенділігі ерекше байқалды. Концерт өтетін алаңға жиналған халықтың қарасы көп болып, әрбір өнер нөмірі зор қошеметке ие болды. Аудан тұрғындарының өнер мен мәдениетке деген қызығушылығының жоғары екенін, ауыл мәдениетінің қоғам өмірінде маңызды орын алатынын көрсетеді.
Өнер керуені ауыл мәдениетінің шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, өнер ұжымдарының тәжірибе алмасуына, жаңа шығармашылық ізденістерге жол ашты. Әрбір ауыл өнерпаздары өзара тәжірибе бөлісіп, мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік алды. Өз кезегінде мәдениет саласының дамуына тың серпін беретін маңызды қадам болды.
Алдағы аптада ауқымды жоба қорытындыланып, жеңімпаз ауылдар анықталатын болады.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ











