Өнер керуені ауыл мәдениетін айшықтайды
Тереңөзек кентінің орталық саябағында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қолға алынған «Ауыл мәдениетінің өнер керуені – аудан төрінде» атты арнайы жоба аясында «Ритм» халықтық вокалды-аспапты ансамблінің «Сағыныш сазы – ретро кеш» атты мерекелік концерті өтті.Концерт басталмас бұрын аудандық орталық кітапхана және тарихи-өлкетану музейінің ұжымы арнайы кітап және құнды жәдігерлердің көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгерлерінің шығармалары, ұлттық өнер мен мәдениетке арналған басылым, сондай-ақ өңір тарихы мен мәдени мұрасын насихаттайтын көптеген кітап қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрме жұмысымен танысқан аудан басшысы Берік Сәрменбаев рухани құндылықтарды дәріптеудің маңызы зор екенін атап өтті.
Кештің басты мақсаты – ауыл мәдениетін дамыту, өнер ұжымдарының шығармашылығын насихаттау, аға буынның жүрегінен орын алған әндерді жаңғыртып, жастарға ұлттық және эстрадалық музыканың үздік үлгілерін дәріптеу болды. Кештің шымылдығын көпшілікке жақсы таныс «Ритм» халықтық вокалды-аспапты ансамблі ашты. Ұжым жылдар бойы ауданның мәдени өміріне өзіндік үлесін қосып, түрлі деңгейдегі мәдени іс-шарада өнер көрсетіп келеді. Ансамбльдің кәсіби орындаушылық шеберлігі мен сахна мәдениеті көрерменнің жоғары бағасына ие.
Ансамбль құрамындағы әрбір өнерпаз концерттің сәнін келтірді. Күйсандықта – Махмуд Сақтапов, бас гитарада – Жәнібек Әбдреев, барабанда – Абылайхан Байділдаев, ритм-гитарада – Ғалымжан Сансызбаев өнер көрсетіп, жанды дауыста орындалған әндерге ерекше әр берді. Музыкалық сүйемелдеудің үйлесімі көрермендерді өткен жылдардың әсем әуеніне жетеледі.
Аталған концерт – тек ән кеші ғана емес, бірнеше буынның басын қосқан рухани жүздесу болды. Өткеннің әсем әуені мен бүгінгі өнердің үндестігі көрерменнің жүрегінен орын тауып, сағыныш сезімін оятты. Ретро әндердің қайта жаңғыруы аға буынға жастық шақтың жарқын естеліктерін еске түсірсе, жастарға өткен дәуірдің музыкалық мәдениетімен танысуға мүмкіндік сыйлады.
«Ауыл мәдениетінің өнер керуені – аудан төрінде» жобасы мәдениетті ауыл-аймақта кеңінен насихаттауға, өнер ұжымдарының шығармашылығын қолдауға және тұрғындардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға бағытталған маңызды бастама екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай тағылымды әрі мазмұнды мәдени кеш аудан тұрғындарының рухани өмірін байытып, өнерге деген сүйіспеншілікті арттыра түсетіні сөзсіз.










