Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№57 газет

01 тамыз 2026 ж.

№56 газет

28 шілде 2026 ж.

№55 газет

25 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Ел дамуы – білімді жастардың еншісінде

Ел дамуы – білімді жастардың еншісінде

Газетіміздің «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары тұрақты оқырмандарына етене таныс. Бұған дейін айдар негізінде ауданда білім алып, туған жерден түлеп ұшқан, бүгінде үлкен қалаларда ел өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген кейіпкерлерімізбен сұхбат жүргіздік. Кезекті кейіпкеріміз – қазір Астана қаласында ұрпақ тәрбиесі ісінде елеулі еңбек етіп жүрген жерлесіміз Аружан Камалова.

– Аружан Серікқызы, туған жеріңіз Тереңөзектен жалынды сәлем жолдаймыз. Оқырманға өзіңізді таныстырып өтсеңіз...

– Туған жердің түтіні де ыстық екені рас. Аудандық газет редакциясынан хабарласқанда, шынымды айтсам, қуандым және толқу болды. Кезінде өзіміз кішкентай болып түлеп ұшқан аудан бүгінде бізді мақтан тұтып және іздеп жатса, бұл – өмірдегі ең үлкен мақсаттарымызға адымдай келеміз дегенді білдіреді. Өзім туралы айтсам, Тереңөзек кентінде дүниеге келдім. 1993 жылдың тумасымын. 2000 жылы мектеп табалдырығын аттап, 2010 жылы үздік тәмамдадым. Ата-әжемнің, әке-анамның тәлімін, тәрбиесін көріп, шексіз мейірімдеріне бөленіп өстім. Алаңсыз білім алуымызға жағдай жасаған ол кісілерге алғысым шексіз. Екінші сыныптан бастап ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын Фатима Шадиева апайдың сыныбында оқыдым. Бүгінде менің дәл осы саланы бағыт етуіме сол кездегі ұстаздарымның еңбегі, пәнге деген қызығушылығымды арттыруы себеп болды деп айта аламын. Ал жоғары сыныптарда жетекшіміз Маржан Қалқоразова апай білімімен де, өмірлік тәжірибесімен де бөлісе білді.

– Оқушы Аружан қандай болды? Бала күнгі арманыңыз қандай еді?

– Мектепте тілге, әдебиетке жақын болдым, өлең жазып, мүшәйраға қатысатын едім. Алайда мен үшін ең жақыны ағылшын тілі болды. Басқа елдің тілі, мәдениеті, адамдарымен тілдесу маған қызық болатын. Ізденіс пен қызығушылықтың арқасында ағылшын тілін меңгере бастадым. Содан мен 7-8 сыныптарда оқып жүргенімде америкалық Бетани есімді волонтер ауылға келгені есімде. Сол кісімен кездесу менің қызығушылығымды одан әрі арттырды. Бір жылдары жазғы каникул кезінде шетелдік ұстаздарды алғызып, оқушыларға дәріс беретін курстар ашу тәжірибесі білім саласында қолданылды. Мен ол кезде 10-сыныпта оқитын едім. Аудандағы №36 мектепте Малайзиядан келген екі мұғалім ағылшын тілі курсын өткізген. Сол сабақтарға үзбей қатыстым. Әрине, ол кезде бізге шетелдікті көрудің өзі бір ғанибет, қызық еді. Сол ұстаздардан тек білім ғана алып қоймадым. Олар маған үлкен мотивация берді. Кейін шет елді аралап жүру арманым болды. Қазір қарап отырсам, сол кезде көпке берілмейтін мүмкіндіктер болған екен. Тереңөзектей шағын кентімізге бір емес, екі шетелдік волонтердың келуі сирек еді.

– Жоғары білімді қайда алдыңыз?

– Мектеп бітіруге жақындағанда «қандай оқу орнына түсемін?», «қайда барамын?» деген сияқты асқақ арман түлектердің негізгі сұрағына айналады. Бакалавриат пен магистратураны Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Университетінде тәмамдадым. Айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Алматы – арман қала болса, ҚазҰУ – еліміздегі ең ірі әрі іргелі оқу ордасының бірі. Ол жақта тек білім алумен шектелмейсің. Әртүрлі қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, өмірден өз орныңды табуға жан-жақты дайындаласың.

– Маман Аружан туралы айтыңызшы. Қазір қайда жұмыс істейсіз, бұл қызметке қалай келдіңіз?

– Қазір Назарбаев Университетінің дайындық мектебінде жұмыс істеймін, Foundation бағдарламасында Көшбасшылық сабағынан беремін. Бағдарламада бака­лавриатқа дейінгі студенттер оқиды. Көшбасшылық курсы студенттерді сыни ойлауға, ғылыми мақалаларды баға­лауға, уақыттарын дұрыс пайдалануға, коммуникация және басқа да дағдыларды үйретеді. Студенттер Қазақстан бойынша іріктелген, көбісі мемлекеттік грант­тың иегерлері. Осы уақытқа дейін Назарбаев мек­тебінде 6 жыл жұмыс істедім. Әрине әр жолда белгілі тәжірибе жинадым. Шетелдік әріптестермен қатар жұмыс істедік. Қазіргі жұмыс орнымда шетелдік және жер­гілікті қызметкерлердің деңгейі, жағдайы тең. Еңбек қашан да бағаланғаны жақсы. Қай жерде болсын, негізгі мақсатымыз – саналы, білімді болашақ ұрпақ дайындау.

– Білімді ұрпақ – ел келешегі. Қазіргі оқушының болашақтағы орнын қалай бағалайсыз?

– Өзім білім саласында жүргендіктен, көзқарасым субъективті көрінуі мүмкін. Алайда сөзіңізге толықтай келі­семін. Білімді ұрпақ жаңашылдық алып келеді.Сол жаңашылдықтың нәтижелі болуы да келешек ұрпақтың қолында. Сондықтан еліміздің көркеюі, дамуы – білімді жастардың еншісінде. Білімді әрі тәрбиелі жастардың көп болғанына қуанамын.

– Жиі саяхаттайсыз ба?

– Кейінгі жылдары саяхаттауға уақыт бөліп жұрмін. Жаңа жерлерді зерттеген, түрлі мәдениетпен танысқан ұнайды. Соңғы саяхаттаған елім Ұлыбритания, соның ішінде Лондон, Оксфорд, Эдинбург қалалары болды. Сол сапар арқылы ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде саяхаттау бойынша армандарымның бірін орындадым десем болады. Дәл қазір әлем бойынша аралаған 20-шы елде жүр екенмін, Индонезия елінде демалыстамын. Яғни туған жеріме әлемнің бір түпкірінен сәлем жолдап отырғанымды мақ­танышпен айта аламын. Оған дейін Европаның Франция, Германия, Нидерланды секілді, Азияның Корея, Сингапур, Малайзия елдерінде болу бұйырған. Саяхатқа кейде достармен, кейде жалғыз шығамын. Мен үшін бұл үйреншікті, қалыпты жағдайға айналды. Барған жерімде сол елдің тарихын зерттеген, мұражайларына барған, табиғатын көріп, тау-тасын аралаған ұнайды.

– Өмірдегі ең үлкен жетістігім не деп ойлайсыз?

– Қиындау сұрақ екен... Жетістігім десем, өзім жеткен деңгей секілді естіледі. Ең үлкен жетістік – қазіргі жағ­­дайым, өмірім деп ойлаймын: жұмысым, хоббилерім, саяхаттауға берілген мүмкіндік, өмірді жеңіл әрі еркін сүре алғаным. Ал кәсіби жетістікке келсек, Кембридж институтының ағылшын тілінен халықаралық мұғалімдік сертификатының, Селтаның иегерімін. Халықаралық емтихан алушы, сырттай бағалаушымын. Назарбаев Универ­­ситетінің мұғалімдер сенатының мүшесімін. Әрине бұнымен тоқтамаймыз. Десе де әрбір жеткен биіктің артында еңбек, күш, жігер бар.

– Жас түлек, кейінгі буынға қандай кеңес айтар едіңіз?

– Өз өмірімнен түйгенім – өмірге деген қызығушылық болу қажет. «Мынау неге былай?», «мынаны қалай жасауға болады?» деген секілді сұрақтар қоя білген дұрыс. Өмірге құштар болыңыз, білуге, білімге асығыңыз, оқыңыз, сұраңыз. Ешқандай білімнің артығы жоқ. Оны қазір байқамасаңыз да, жиған біліміңіз ертең бір мүмкіндік ашыл­ғанда қажет болады. Сондықтан оқуға, білуге ерінбеңіз. Сол кезде сіз таңдайтын жолдар көбейеді, есіктер ашылады.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Бос уақытымда кітап оқимын, тауға шығамын, кал­лиграфияға қызығамын. Жалпы үш тілде,қазақ, ағыл­шын және орыс тілінде, еркін сөйлеймін.Түрікше, кәрісше бас­тапқы деңгейде сәл түсінемін. Арапша оқимын, жазамын. Қазір араб тілін әрі қарай меңгеруді ойлап жүрмін. Жалпы қол қалт ететіндей жағдай болса, тіл үйрену мен үшін қызық әрі пайдалы.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Кәсіби жоспарды айтсам, оқуымды әрі қарай жалғастыру ойымда бар. Қоғамдық жұмыспен де айна­лысқым келеді, яғни білім саласындағы волонтерлық. Сұхбат барысында айтып өткенімдей, кезінде шетелдік мұғалімдердің келіп дәріс беруі маған үлкен мотивация берген еді. Сол секілді мен де біліміммен бөлісіп, басқа оқушыларға да көмектескім келеді. Ал саяхаттау бойынша Португалиядағы Камино деп аталатын 260 шақырым жолды жүріп өту – болашақ еншісіндегі жоспарда.

– Өзіңіз айтқандай, еліміздің дамуы жастардың қолында. Қай қызметті қолға алсаңыз да сәттілік серік болсын! Әдемі әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
01 тамыз 2026 ж. 91 0