Ветеринария саласының маманы
Мектеп қабырғасында жүрген кезде ұстаздарымыз ауылдан түлеп ұшқан жақсылар мен жайсаңдарды бізге ұдайы үлгі етіп отыратын. Мектепті үздік бітіріп, қазір еліміздің басқа өңірлерінде абыройлы қызмет атқарып жүрген жерлестеріміз көп. Көзі қарақты оқырманға газетіміздің «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары арқылы еліміздегі ветеринария саласына өлшеусіз үлес қосып жүрген ветеринария ғылымдарының кандидаты, доцент Сәбира Алпысбаеваны таныстырғым келді. Біз бір ауылда туып, бір мектептен білім алдық. Десе де, Сәбира Егізбайқызы бізден бірнеше жас үлкен болғандықтан, ол кісі туралы өзім де жақында білдім. Және біліп қана қоймай, оқырмандармен бөлісуды жөн санадым.
– Сәбира Егізбайқызы, алдымен оқырманға өзіңізді таныстырып өтсек? Балалық шағыңыз жайлы айта отырсаңыз?
– 1978 жылы Сырдария ауданына қарасты батыр атын иеленген Нағи Ілиясов ауылында дүниеге келдім. Ата-анам қатардағы қарапайым еңбек адамдары. Әкем Егізбай – механизатор, ал анам Манат – ауылда сауыншы болып еңбек етті. Анам қазіргі таңда зейнет демалысында. Мен сегіз жасқа келгенде әкем дүниеден өтті. Үйдің, біздің бар ауыртпалығымыз анамыздың мойнына түсті. Тағдырдың тауқыметімен күресе жүріп анамыз бізді осындай дәрежеге жеткізді десем артық айтқандық емес. Отбасында негізі алты ағайындымыз. Тағдырдың ісіне қарсы келер амал барма, үйдің үлкенінен қапыда айырылып, қазір бесеуміз қалдық. Асыл анам барлығымыздың жоғары білім алуымыз үшін аянып қалмады. Магистратура, кандидаттық, доценттік атақ алуда да өлшеусіз үлесін қосып, әрдайым жанымыздан табыла білді.
– Қай білімнің қарашаңырағын алсаңыз да, өз түлектерін мақтан тұтады. Сіздің осы саланы таңдауыңызда қай ұстаздың еңбегі зор деп ойлайсыз?
– Негізінен бұл мамандыққа аяқ астынан келдім. Маған білім берген ұстаздарымды бөліп жарғым келмейді, барлығы да алтын кісілер. Өз ісінің нағыз мамандары. Сол кісілердің берген білімдерінің арқасында қазір осындай дәрежеге жетіп отырмын. Осы орайда білім берген барша ұстазыма алғысымды білдіріп, басымды иемін.
– Бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды? Мамандыққа деген қызығушылық неден басталды?
– Жоғарыда айтқандай, бұл мамандыққа күтпеген жерден келдім. Мамандыққа деген қызығушылық оқуға түскеннен кейін басталды. Латын тілін оқып, жан-жануарлардың ағзасын зерттеп, оларға тәжірибе жүргізу қызығушылықты арттыра түсті. Осылайша оқуға бет бұрып, бес жылдың қалай өте шыққанын да байқамай қалыппын. Қазақ Ұлттық аграрлық университетін қызыл дипломға тәмамдап, еліміздегі ветеринария саласының қарашаңырағы саналатын Қазақ ғылыми-ветеринариялық зерттеу институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылдандым. Осылай ветеринария саласындағы білімімізді тәжірибемен жалғастырып кеттік.
– Ветеринария саласында жеткен жетістіктеріңіз жайлы айтсаңыз? Әр саланың өзіндік қиындығы мен қызығы қатар жүреді емес пе?
– Ветеринария саласында жеткен жетістіктерім дейсіз бе? Әрбір адам өзі қалаған, жанына жақын саланы таңдаса, үлкен жетістікке жетеді деп ойлаймын. Менің ветеринария саласында мықты маман болуыма, ғылыми жұмыстар жүргізуіме көмектесіп, осы салаға баулыған жетекшілерім ветеринария-биология ғылымдарының докторы, профессор Виктор Борисович Тенге, Александр Львович Воробьевтерге алғысым шексіз. Ғылыми жұмысымды жүргізу кезінде университет қабырғасында алған білімімді іс-тәжірибемен ұштастыра отырып, бір монография, жиырма шақты патент, он бес шақты әдістемелік нұсқаулық, ғылыми мақалалар, жан-жануарлардың ауруларының қазақша-орысша сөздігін жазып шықтым. Шет елдерде бірнеше мәрте болып, білікті мамандармен тәжірибе алмастым. Еліміздің білікті мамандарымен жануарлардың аса қауіпті ауруларын анықтау үшін қолданылатын заманауи әдістерін игеруде ауқымды жұмыстар атқарып келеміз. Өмірде бір қиындық кездессе, оның міндетті түрде бір жеңілдігі болатындығы анық. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімнің барлығы табанды еңбектің арқасында деп білемін. Ештеңе де жеңіл келмейді. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК-ның «Азық-түлік қауіпсіздігі» бөлімінің басшысы қызметін атқарамын.
Осы жерде ең алғаш жұмысқа орналасқан кезім есіме түсіп отыр. Ол кезде еңбекақымыз бар болғаны төрт мың теңге болатын. Оның өзі бірде бар, бірде жоқ. Соған қарамастан ғылыми жұмыс жүргізіп жатқан зертханалық жануарларды міндетті түрде азықтандыру керек болатын. Осылай, жануарларды аш қалдырмас үшін азаннан қара кешке дейін Алматы қаласында орналасқан базарлардан зертханалық жануарларға азық іздеп кететін күндеріміз де болды. Әр сенбі, жексенбі шаруашылықтардан қан алып келіп, дүйсенбі күні оларға реакция қойып, нәтижесін оқитынбыз. Сынама қойылған зертханалық жануарларды сойып, бактериологиялық зерттеулер жүргізіп, соны қызықтайтынбыз. Көзге көрінбейтін микробтарды арнайы қоректік орталармен қоректендірудің өзі бір қызық саналатын. Айта берсе, жұмыстың қызығы да қиындығы да бітпес.
– Өмірлік ұстанымыз қандай? Кімнің шығармаларын оқып, үлгі тұтасыз?
– Өмірлік ұстанымым – «Біреуге пайдаң тимесе, зияның да тимесін». Негізі қазақ және шетел әдебиеттерінің алпауыттарын оқимын. Ы.Алтынсарин, А.Құнанбайұлы, С.Сейфуллин, Ш.Мұртаза, Ф.Достоевский, У.Шекспирдің шығармалары жаныма жақын. Негізі әр автордың өзіндік құндылығы бар, сондықтан да барлығынан өзіме қажетті тұстарын алып, өзімді дамытып отырамын.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Отбасыма тоқталатын болсам, ер жеткен бір ұлым бар. Бірақ, кішкентайынан анамның тәрбиесінде.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар? Балаларыңыз сіздің жолыңызды қуып ветеринария саласын таңдаймын десе қарсылық танытпайсыз ба?
– Жоспар жұмыс жағынан болса, ол өз реттілігімен болады. Өсіріп отырған балаларымызға үлгі-өнеге болып, оларды ертеңгі күнге нық қадам жасай алуға дағдыландырсақ, бұл – өмірдегі үлкен жетістігіміз деп білемін. Адам жоспарлағанымен, Алланың қалағаны болады. Ұлымызға мектеп бітіріп, мамандық таңдау барысында ветеринария саласын ұсындық, бірақ ол химия саласын немесе техникалық сфераны таңдайтынын айтып, инженерлік мамандықты бітіріп шықты. Болашақта өзі таңдаған саланың нағыз маманы болып, абыройлы қызмет атқарса одан артық ештеңе жоқ.
– Мектеп бітіргелі отырған жас талапкерлерге берер апалық ақыл-кеңесіңіз?
– Мектеп бітіруші әрбір жас түлек грант иегері болуды емес, болашақта білікті маман болуды ойлағаны жөн. Бұл ретте ата-аналар да балаға дұрыс бағыт-бағдар беруі керек. Мамандықты дұрыс таңдап, оны жетік меңгерсе, өз ісінің шебері болса, ол таптырмас маман болады. Ал ондай маман ел экономикасының дамуына өзінің айтарлықтай үлесін қосады. Сол себепті жаны қалаған салаға бағытталып, мамандықты дұрыс таңдай білуі керек.
– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Айдана ҚАЛИЕВА