Астана – жай қала емес, еліміздің жүрегі
Қай кезде де сырдариялықтар туған жер топырағынан түлеп ұшқан жерлестерін мақтан тұтатыны рас. Қазіргі уақытта еліміздің бас қаласы – Астана шаһарында тұратын аудан мақтаныштары жеткілікті. Басылымның «Шалғайда жүрген түлек» айдары бойынша Елорда күні аясында Тереңөзек кентінің тумасы – Аяжан Әбдіхалықовамен дидарласу сәті түскен болатын.
Негізінен, жерлесіміз Аяжан Әбдіхалықова Астана қаласына осыдан 8 жыл бұрын көшіп келген екен. Бұл ретте, ол аудан орталығында бірнеше салада қызмет еткен. Жалпы, кейіпкерім отбасында 3 ағайындының үлкені. Өзінен кейін егіз 2 інісі бар. Өзіне жоғары талап қоя білетін Аяжан Құрманғазықызы №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейден түлеп ұшқан. Содан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алған.
– Шын мәнінде, өзім қалаған мамандық бойынша білім алып, ата-ана үмітін ақтау – негізгі мақсатым. Қолыма диплом алған сәттен ойлаған армандарыма қол жеткізуге ұмтылдым. Ең алғаш қызметімді сол кездегі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінде инспектор-методист ретінде бастаған едім. Кейіннен, «Ботакөз» балабақшасында есепші қызметінде тәжірибе жинақтадым. Әкем – Құрманғазы мен анам – Қалдыгүлдің берген саналы тәрбиесінің арқасында абырой биігінен көрініп келемін. Сонымен бірге білім мен білікті шыңдау барысында отбасымның ықпалы зор болды. Көркімен көпшілікті таңғалдыра білген әсем қалаға келгенімізде көптеген дүниеге қаныққан едік. Он-солымызды танып, барлық жағынан өзімізді дамыта алған секілдіміз, – дейді Аяжан Әбдіхалықова.
Бүгінде білімін қаржы саласы бойынша жетілдіріп келе жатқан Аяжан Құрмағазықызы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қаржы және әкімшілік жұмысы департаментінің бас сарапшысы қызметінде. Бастапқыда аталған министрлікке сарапшы ретінде жұмысқа орналасқан жас маманға басшылық мемлекеттік қызметті сеніп тапсырған. Сан саланы қамтитын министрлік аэроғарыш өнеркәсібі және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы байланыс, ақпараттандыру, «Электрондық үкімет», мемлекеттік қызметтерді көрсету салалары бойынша қызметті жүзеге асыратындықтан, Аяжанға жүктелер міндет аз емес. Сенім үдесінен шыққан жерлесіміз жоғарғы жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Өз кезегінде жерлесімізден күннен-күнге жанданып, жасарып келе жатқан Астана қаласы жөнінде пікірін білген едік.
– Шындығында, Астана – жай қала ғана емес, саяси ерік-жігер көрінісінің айқын нышаны болып табылады. Өзім бас қаланың шаңырағы әлі де болса, биіктей түседі деп ойлаймын. Жаңа астананың келешегі бүтіндей XXI ғасырдың еншісінде екені даусыз. Ал, оның ертеңгі еңсесін көтеретін бүгінгі жас жеткіншек, яғни біз жастар екені айдан-анық. Елорданың жарқын келбеті қалыптасып келе жатқаны шынайы қуантады. Бұрын Астананы тың игерушілердің астанасы ретінде біліп келсек, енді ол – Тәуелсіз Қазақстанның бас шаһарына айналды. Бұл – үлкен мәртебе! Ерекше айтатын бір жәйт, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп, кәсіби мамандар, көшедегі қарапайым көпшілік ана тілімізде сөйлей бастағаны көңілге медеу сыйлайды. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейіуін жасампаз қаладағы жақсы жетістіктердің бірі ретінде есептеймін. Жаңа, Тәуелсіз Қазақстанды бейнелейтін ерекше елордамен өскелең ұрпақтардың арманы мен үміті астасып жатыр. Астана, бір жағынан еліміздің мақтанышына, екінші жағынан ұлттық идеяны орнықтырудың және барша халықты біріктірудің нышанына айналды. Бас қаламыз ұланғайыр еліміздің әсем шаһары мен әлем таныған жас қала ретінде белгілі. Біздің қаламыз сәулеті келіскен алып мегаполис екені даусыз. Елорда – қазақ елінің жарқын болашағы саналады. Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Еліміздің көк туы желбіреген егемендіктің ордасы, – деді А.Әбдіхалықова.
Айта кетейік, Аяжан Әбдіхалықова жолдасы Руслан Жүнісовпен бірге осыдан 11 жыл бұрын отау құрған. Қазіргі уақытта жас ерлі-зайыпты 3 ұл тәрбиеп отыр. Негізінен, отбасының отағасы Руслан Жүнісов «Астана су арнасы» мекемесінде бригадир болып жұмыс жасайды. Өз кезегінде сырдариялық жерлестерімізді «Астана күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ