Сапалы медициналық көмектің биік бағасы
Денсаулық сақтау саласында атқарылған еңбекті бағалау, медициналық ұйымдардың үздік тәжірибесін насихаттау және көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ынталандыру – бүгінгі медицинаның маңызды бағытының бірі. Осы мақсатта ұйымдастырылатын кәсіби байқаулардың орны ерекше.Биыл «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның 10 жылдығына орай ұйымдастырылған «Медициналық көмек флагманы – 2026» байқауы да медицина саласындағы үздік тәжірибелерді саралап, ел көлеміндегі медициналық ұйымдардың еңбегін бағалауға бағытталды.
Аталған байқау аясында «Бастапқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық және жедел медициналық көмек көрсету жағдайларында» бағыты бойынша Сырдария аудандық ауруханасы үздік деп танылып, арнайы диплом және кубокпен марапатталды.
Мерейлі марапат – аудан медицинасы үшін елеулі жетістік. Себебі аудандық аурухана – тұрғындардың күнделікті медициналық көмекке жүгінетін, алғашқы медициналық қызметтен бастап диагностика, емдеу және шұғыл көмекке дейінгі маңызды жұмыстарды атқаратын негізгі медициналық ұйымдардың бірі.
Сырдария аудандық ауруханасының бұл жетістігін бір ғана көрсеткішпен байланыстыруға болмайды. Оның артында күн сайын өз міндетін жауапкершілікпен атқарып жүрген салалық орынбасарлар мен дәрігерлердің, орта буын медицина қызметкерлерінің, жедел медициналық жәрдем мамандарының, диагностикалық қызмет пен басқа да бөлімдердің, сондай-ақ аурухананың барлық қызметкерлерінің еңбегі жатыр.
Медициналық көмектің сапасы – бір сәтте қалыптасатын нәтиже емес. Ол әрбір қабылдаудан, әрбір қойылған диагноздан, әрбір көрсетілген емнен, науқаспен жүргізілген жұмыстан және медициналық қызметтің дұрыс ұйымдастырылуынан құралады.
Әсіресе бастапқы медициналық-санитариялық көмек халық денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Аурудың алдын алу, оны ерте анықтау, пациентті дер кезінде тексеруге және қажетті маманға бағыттау – тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің алғашқы әрі маңызды кезеңі.
Ал консультациялық-диагностикалық көмек науқастың нақты диагнозын анықтап, әрі қарайғы емдеу тактикасын белгілеуге мүмкіндік береді. Жедел медициналық көмек қызметі болса, шұғыл жағдайда адам өмірі мен денсаулығына араша түсетін аса жауапты бағыт. Осы қызметтердің барлығының бір-бірімен үйлесімді жұмыс істеуі медициналық ұйымның жалпы сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан Сырдария аудандық ауруханасының аталған бағыт бойынша үздік деп танылуы – ұжымның жүйелі әрі жауапты жұмысына берілген жоғары баға.
Аурухана ұжымының жетістігі туралы пікір білдірген бас дәрігер Жанар Жұмабаева марапаттың ұжым үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.
– Медициналық көмек флагманы – 2026» байқауында өз бағытымыз бойынша үздік деп танылып, арнайы диплом мен кубокқа ие болу – біздің ұжым үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Бұл марапатты аурухананың бір ғана бөлімінің немесе жекелеген мамандардың жетістігі деп қарамаймыз. Бұл – күн сайын өз қызметін адал атқарып жүрген барша ұжымның ортақ еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі таңда медицина саласына қойылатын талап жоғары. Тұрғындарға медициналық көмекті уақытылы көрсету ғана емес, оның сапалы, қолжетімді әрі тиімді ұйымдастырылуы маңызды. Әрбір пациент медициналық ұйымға сеніммен келеді. Сол сенімді ақтау – біздің басты міндетіміз. Байқаудың маңыздылығы да осында деп ойлаймын. Мұндай іс-шара медициналық ұйымдарға өз жұмысына жан-жақты талдау жасап, жетістіктерін бағалауға, тәжірибе алмасуға және алдағы уақытта атқарылатын жұмысты саралауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің кәсіби ізденісіне серпін беріп, сапалы қызмет көрсетуге деген жауапкершілігін арттырады. Жауапты сәтте ыждағаттылықы танытқан салалық орынбасарлары мен тікелей осы бағытта жұмыс жасайтын сала мамандарына алғыс айтамын – деді бас дәрігер.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 10 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл байқаудың да өзіндік мәні бар. Бір жағынан байқаудың үздігі атану – біз үшін зор құрмет.









