Сапа бар жерде тұтынушы құқығы қорғалады
Осы аптаның сәрсенбісінде Тереңөзек кенті мәдениет үйінде «Сыр суы» мекемесіне қарасты Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмысын қорытындылауға арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға «Сыр суы» филиалы директорының кеңесшісі Бауыржан Әбибулаев, өндірістік бөлімше басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Жұмамұратов, сала мамандары, жергілікті халық және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері қатысты.Жиында бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыс жан-жақты сараланып, алдағы кезеңге арналған міндет нақтыланды. Халықты сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету, су жүйесінің техникалық жай-күйі, кадрлық әлеуетті нығайту, су ұрлығының алдын алу, ауызсуды залалсыздандыру және өндірістік бөлімшенің материалдық-техникалық базасын жетілдіру мәселесі кеңінен талқыланды.
Өндірістік бөлімше басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Жұмамұратовтың айтуынша, бүгінде бөлімше Тереңөзек кенті мен ауданға қарасты 13 елді мекеннің тұрғындарын таза ауызсумен тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі таңда өндірістік бөлімшенің қарамағында 19 су кешені жұмыс істейді. Оның құрамында 33 ұңғыма, 16 резервуар, 19 су мұнарасы, 222 өрт гидранты, жалпы ұзындығы 238 шақырымнан асатын ауызсу құбыры және 2790 бақылау құдығы бар. Аудан бойынша 32 ұңғымадан өндірілген ауызсу 9 екінші көтеру насос станциясы мен 11 су мұнарасы арқылы тәулік бойы үздіксіз тұрғындарға жеткізілуде.
– Жартыжылдықта су нысандарын күтіп-ұстау және жоспарлы жөндеу жұмысы да жүйелі жүргізілген. Насос станцияларындағы құбырлар мен арматураларға техникалық қызмет көрсетіліп, камера мен бақылау құдығы тазартылған. Су көтеру станцияларына, ұңғыма ғимараттарына, өрт қалқандарына, өндірістік нысандардың ішкі және сыртқы бөліктеріне ағымдағы жөндеу, сырлау және әктеу жұмысы толық орындалған. Бүгінде Аманкелді ауылындағы көлемі 1000 текше метр болатын жерасты су қоймасында дезинфекциялау және залалсыздандыру жұмысы жүргізілуде. Жаңа насос қондырғысын іске қосу, құбырды қосу және дәнекерлеу жұмысы қолға алынған. Ал Сәкен Сейфуллин ауылында жаңа насос орнату жоспарлануда. Өндірістік бөлімше қажетті қосалқы бөлшектермен және жаңа насос қондырғыларымен кезең-кезеңімен қамтамасыз етілуде. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарына ауызсу тұрақты әрі үздіксіз жеткізіліп келеді. Ал Нағи Ілиясов ауылындағы ескі резервуардың апаттық жағдайға түсуіне байланысты шұғыл түрде 25 текше метрлік ауызсу мұнарасы іске қосылып, залалсыздандыру жұмысы жасалғаннан кейін халыққа су беру қайта қалпына келтірілді, – деді Б.Жұмамұратов.
Жиында ауызсу сапасы мәселесіне де ерекше назар аударылды. Барлық насос станциясында хлоратор қондырғысы орнатылған. Су қоймалары мен су мұнаралары жылына екі рет толық тазартылып, жуылып, дезинфекцияланып отырады. Тоқсан сайын су сынамалары алынып, санитарлық-химиялық және бактериологиялық сараптама жүргізіледі. Бұл жұмыс ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық сараптама орталығының Сырдария аудандық бөлімшесімен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Басқосуда Тереңөзек кентіндегі кәріз жүйесінің жұмысы да сараланды.
– Бүгінде кентте бес кәріз насос станциясы тұрақты жұмыс істеп тұр. Жалпы ұзындығы 15 шақырым болатын кәріз жүйесі арқылы 41 көпқабатты тұрғын үй, 15 бюджеттік мекеме және 5 кәсіпкерлік нысанына қызмет көрсетілуде. Жүйенің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық іс-шара тұрақты жүргізіліп келеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы жылдың алғашқы алты айында өндірістік бөлімше 733 мың текше метрден астам ауызсу өндіріп, тұтынушыларға жеткізген. Халықтың нақты тұтынған ауызсу көлемі жоспардан асып, 348 мың текше метрден асты. Осы кезеңде халықтан 21 миллион теңгеден астам қаржы жиналды. Ал бюджеттік мекеме мен заңды тұлғаның су тұтынудан қалыптасқан берешегі жоқ. Аудан бойынша бүгінгі күні 8233 жеке абонент тіркелген. Оның 7892-сіне су есептегіш құралы орнатылған. Дегенмен, 341 абонент әлі күнге дейін су есептегішсіз ауызсу пайдаланып келеді, – деді өндірістік бөлімше басшысының міндетін атқарушы.
Бұл мәселе де жиында көтеріліп, алдағы уақытта барлық тұтынушыларды есептегіш құралдарымен қамту жұмысы жалғасатыны айтылды.
Заңсыз су пайдалану мәселесі де кеңінен сөз болды. Мамандардың айтуынша, кейбір тұрғындардың рұқсатсыз су жүйесіне қосылуы немесе су есептегіш құралдарын айналып өту әрекеттері кездеседі. Мұндай заңсыздық су шығынын арттырып қана қоймай, кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан алдағы уақытта рейдтік іс-шара күшейтіліп, заңсыз су пайдаланушы анықталған жағдайда заң аясында шешім қабылданады.
Кадр тапшылығы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Су шаруашылығы саласында тәжірибелі инженерлер, дәнекерлеушілер, электр мамандары мен насос қондырғыларының операторларына сұраныс жоғары екені айтылды. Сондықтан жас мамандарды тарту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Материалдық-техникалық базаны жаңғырту да күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі болды. Су шаруашылығы нысанын жаңа насос қондырғысымен, арнайы техникамен және қажетті қосалқы бөлшекпен қамтамасыз ету жұмысы жалғасып келеді. Бұл өз кезегінде апаттық жағдайдың алдын алып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жиынды қорытындылаған «Сыр суы» филиалы директорының кеңесшісі Бауыржан Әбибулаев атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – кәсіпорынның ең басты міндеті екенін атап өтті.
– «Ауызсу – халық денсаулығы мен өмір сапасының негізгі кепілі. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – әрбір елді мекен тұрғынын тәулік бойы сапалы әрі қауіпсіз ауызсумен қамтамасыз ету. Ол үшін өндірістік бөлімшенің материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен жаңғыртып, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмысын жалғастырамыз. Кадр мәселесін шешу, жас мамандарды тарту және қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру бағытындағы жұмысқа ерекше көңіл бөлінетін болады. Заңсыз су пайдалану деректеріне жол бермеу – ортақ жауапкершілік. Әрбір тұрғын суды ұқыпты пайдаланып, оны үнемдеуге және заң талабын сақтауға атсалысуы қажет. Сонда ғана халыққа сапалы қызмет көрсетудің тұрақтылығын қамтамасыз ете аламыз», – деді филиал директорының кеңесшісі.
Жиын соңында қатысушылар көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасып, тұрғындардың ұсыныс-тілектері тыңдалды. Алдағы уақытта ауызсу жүйесін жаңғырту, инфрақұрылымды жетілдіру, техникалық әлеуетті күшейту және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі арттыру бағытындағы ауқымды жоба жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді. Таза ауызсу – елдің әл-ауқаты мен тұрғындардың денсаулығының басты кепілі екені тағы бір мәрте айқындалды.
Б.ОРДАБЕКОВ










