Сапалы қызмет ұжым жұмысын оңтайландырады

Жиын барысында Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесінің басшысы Бауыржан Жұмамұратов өткен жылдың қорытындысы бойынша көпшілік алдында есеп берді.
– «Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесі Тереңөзек кенті және 13 елді мекендегі халықты таза ауызсумен қамтамасыз етуде. Өндірістік бөлімшеде 19 су кешені бар. Оның ішінде, 33 ұңғыма, 16 су жинайтын қойма, 19 су мұнарасы, 204 өрт гидранты, ұзындығы 238 317 метрді ауызсу тарату құбыры және 2790 құдығы жатқызылады. Сырдария ауданы бойынша 33 дана ұңғыма насосы мен 8 дана ІІ-су көтеру насос станциясы бар екен айта кетейін. Аудан бойынша ауызсуды тұтыну әр ай сайын су есептегіш құралының көрсеткіші арқылы журналға тіркеліп, облыстық филиал диспетчеріне жолданып отырады. Өндірістік бөлімшеге қарасты барлық насос станциясында хлоратор қондырғысы орнатылған. Аудан бойынша су қоймасы мен су мұнарасы арқылы халыққа ауызсу 24 сағат бойы берілуде. Барлық ауызсу қоймасы, мұнарасы мен құбырына көктем және күз мезгілінде жылына 2 рет тазалау, жуу, дезинфекциялау, залалсыздандыру жұмысы жүргізіледі. Және кварталдық сынама алынып, ауызсу сапасының санитарлық-химиялық және бактериологиялық сараптамасын алу қарастырылған. Шын мәнінде, аудан бойынша өткен жылы 1 599 213 текше метр су көлемі өндіріліп, жергілікті халыққа таратылды. Өз кезегінде межелі жұмыс сараланып, жоспарлы су қоры игерілді. Осы ретте Сырдария ауданы әкімдігінен қаржы бөлініп, 4 дана ауызсу мұнарасы, 4 дана лсв насосы берілді, – деді бөлімше басшысы.
Жалпы 2024 жылы аудан көлемінде 245 апаттық жағдай тіркелген. Тереңөзек кентінде қолданыстағы кәріз жүйесінің жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайды. 41 көпқабатты тұрғын үй кәріз жүйесіне қосылған. Жеке тұлға бойынша сарқынды су (КНС) қызметін пайдаланатын 317 үй бар. Жеке тұрғын үйлерді қосу жұмыстары тұрғындардың өтініштеріне сәйкес жүргізілуде. Былтыр кәріз жүйесінде 126 апаттық жағдай орын алған.
– Бүгін біз «Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесінің өткен жылы атқарған жұмысын саралауға мүмкіндік алып отырмыз. Қазіргі уақытта тұрғындар тарапынан қойылатын талап жоғары болғандықтан, сапалы қызмет көрсетуге мүдделіміз. Облыс көлемінде біздің мекемеге жергілікті бюджет есебінен қолдау көрсеткен Сырдария ауданы екенін айта кетейік. Техниканы жаңалау, қызметкерлердің жалақысын көтеру, ауызсу сапасын жақсарту мәселесі назардан тыс қалмайды. Әрбір тұтынушының пікірін ескеріп, өз жұмысымызды оңтайландырамыз, – деді «Сыр суы» облыстық филиалы директорының орынбасары Бақытжан Бакишов.
Келелі кездесуде жергілікті кәсіпкер Жалғас Есмұратов ауызсуға байланысты бірнеше мәселе көтерді. Тариф бағасының айырмашылығын да тілге тиек етті. Өз кезегінде сала басшылары кәсіпкердің сауалына жан-жақты жауап берді. Ал «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы жиынның маңыздылығына тоқталды.
– Қытымыр аяз бен аптап ыстықтың екпініне шыдас беретін сала мамандарының жұмысы қай кезде де қауырт. Қашанда тұрғындар уәжіне құлақ асып, күні-түні еңбек етіп келесіздер. Атқарушы билік тарапынан қашанда сіздерге қолдау жасалып келеді. Ең алдымен, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсаты тұр. «AMANAT» партиясы аудандық филиалына келіп, осы салаға қатысты мәселесін айтатын әрбір тұрғынның түйткілді дүниесін бөлімше басшылығына жеткіземіз, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Жиын соңында күн тәртібіндегі бірқатар мәселеге талқылау жүргізілді.
Б.ОРДАБЕКОВ