Сапалы ауызсу тұтыну маңызды

Күн тәртібінде Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыс барысы талқыланды. Өндірістік бөлімшесі басшысы Бауыржан Жұмамұратов мерзімді уақытта атқарылған бірқатар іс-шара жөнінде есеп берді.
– «Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесі Тереңөзек кенті және 13 елді мекендегі халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін қызмет жасап келеді. Өндірістік бөлімшесінде 19 су кешені бар. Оның ішінде, 33 ұңғыма, 16 су жинайтын қойма (резервуар), 19 су мұнарасы, 204 өрт гидранты қарастырылған. Жалпы ауызсу тарату құбырының ұзындығы 238 317 метр болса, 2790 құдықпен жабдықталған. Сырдария ауданы бойынша 33 дана ұңғыма және 8 дана ІІ-су көтеру насос станциясы жұмыс жасайды. Ауызсуды тұтыну бойынша есептегіш құралдарының көрсеткіші журналға тіркеліп, облысқа филиал диспетчеріне беріліп отырады. Межеленген ауызсу мөлшерімен жергілікті халық толықтай қамтылуда. Аудан бойынша 2025 жылдың 6 айында жалпы 159 апаттық жағдай тіркелді. Кәріз жүйесіне қатысты 9 апаттық жағдай орын алды. Барлық апат салдары жойылды. Алдағы уақытта мекемеге қарасты мекемелердің техникасын жаңарту басты міндеттің бірі саналады. Көпшілікті ауызсумен қамтамасыз ету – күн тәртібінен түспейді. Қашанда аудан әкімшілігімен бірлесіп жұмыс жасап келеміз, – деді Бауыржан Самалбекұлы.
Өз кезегінде «Сыр суы» филиалы директорының кеңесшісі Бауыржан Әбибулаев сөз алып, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Бұл ретте суды реттегіш құралдардың жөнделуі, есептегіш құралдарының сапасы, апаттық жағдайдың алдын алуға байланысты іс-шараны күшейту керектігі тұрғындар тарапынан сауал ретінде қойылды. Ауызсудың тазалығына аса мән беру керектігі жан-жақты қаралды. Хлормен залалсыздандыру мәселесі назардан тыс қалмады. Су құбырларына санитарлық тазалықты, құрылыс жұмысын жүргізу бойынша жиналған жұртшылыққа мәлімет берілді. Күнделікті ашықтық қағидатын ұстанып, сала мамандарының жұмысын ақпараттандыру керектігі ескертілді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ