Тұрғындар тілегі орындалды
Тереңөзек кентіне қарасты Бауыржан Момышұлы көшесінде бір қауым ел тұрады. Темір жолдың бойын жағалай орналасқан жергілікті халық кенттің бір бөлігін алып жатқаны мәлім. Жақында ауызсудан мәселе туындап, тұрғындарға қиындық соқтырды. Бірнеше күн ауызсусыз отырған тұрғындардың уәжіне құлақ асқан жергілікті атқарушы билік пен «Сыр суы» облыстық филиалына қарасты «Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесі орын алған олқылықты жоюға атсалысты.Өткен аптада «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы мамандармен кездесіп, жұмыс барысына қанықты. Күні бойы еңбек еткен мамандардың жұмысын жоғары бағалады.
– Күнделікті өмірде ауызсусыз тіршілік тоқтап қалатыны жасырын емес. Темір жолдың арғы бетіндегі 40-қа жуық үйдің тіршілік нәрін уақытылы тұтына алмағаны әрине қиын. Осындайда жұдырықтай жұмылған ұжымның бірлігін көріп отырмыз. Техниканың көмегімен ауызсу құбырын тарту жұмысы жүргізілді. Бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде, жергілікті халық ауызсуға қол жеткізетін болды, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Айта кетейік, ауызсу құбырын қайта жөндеу барысында «Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесінің аға шебері Қазбек Сыздықов, еңбек қорғау және енбек кауіпсіздік қорғау ережелеріне жауапты маман Әмір Мәтібаев, инженер-технолог Нұрлыбек Сейл, жүргізуші Ғабит Тоғызбаев, Айдос Аймышев, Кұдайберген Кетебаев, слесарь Әбдразақ Әлиакпаров, Руслан Сейдахметов, Қыдырбек Кайырбеков, Абылай Ижазов табандылық көрсетті. Басшылықтан тапсырылған жұмысты ыждағаттылықпен орындады.
– Ауызсу тұтынушы халықтың мәселесін шешуге барымызды салып келеміз. Біздің мамандарымыз 5 күн бойы Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында дамылсыз еңбек етті. Басты мақсатымыз – тұрғындарға уақытылы ауызсуды жеткізіп беру. Бұл ретте аудан әкімдігіне қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін, – деді «Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесінің басшысы Бауыржан Жұмамұратов.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










