Самаурынның шайы мен шоққа піскен нан
Қаланың шуынан, кейде мән-мағынасыз көрінетін тіршілігінен мезі болған Әкімбек туған ауылына бара жатыр. Әке-шешесі үлкендердің қолына берген жас жігіт білім қуып қалаға келгеніне он бес жылдан асып кеткен. Сексеннің сеңгіріне шыққан ата-әжесінің ауылы үлкен қаладан мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқан. Қазір ауылдағы өмір басқа. Қала мен ауылдың екі түрлі өмір салтын салыстыратын дихотомияны жақсы білетін Әкімбек туған жердегі көпшіліктің заманауи қалыпта тұрмысына тереңнен қанық. Үлкен үйдің ауласында атасы жүр. Немересін көрген қария кемпірі Зылиханы дауыстап шақырды. «Жарығым келді, немерем ауылға оралды. Неге далаға шығып қарсы алмайсыңдар?» Немере мен ата қауышуынан бөлек, маңайда ерекше көрініс байқалады. Самаурынның кернейінен шыққан көгілдір түтін аспанға баяу көтеріліп, ауылдың тыныш кешіне ерекше сән беріп тұр. Ошақтағы қызыл жалын анда-санда лап етіп, самаурынның сары денесіне алтын сәуле шашады. Қызуы бойына тараған самаурын баяу ғана ызыңдап, айналаға шайдың аңқыған хош иісін таратып тұрғандай еді. Қала тіршілігіне әбден үйреніп кеткен Әкімбек бәрінің өзгергенін байқады. Бірақ атасының ескі қараша үйінің ауласында тұрған сары самаурын ғана сол қалпы екен.
– Ата, осы самаурынды әлі ұстайсыз ба? Қазір бір батырманы бассаң, су қайнайды. Ауылға «көгілдір отын» келгелі сіздерді самаурынды ұмытқан шығар деп ойласам.
Біраздан кейін көрші үйдің қариясы келді. Артынша ауылдың тағы екі ақсақалы кірді. Бірі өткен күннің естелігін айтты, бірі әзілдеді, енді бірі жастарға ақылын қосты. Шай үстіндегі әңгіме созылып, бәрі бір-бірінің халін сұрап, көңілдері жадырап тарқасты.
Қонақтар кеткен соң атасы немересіне:
– Байқадың ба, балам? Мен бүгін ешкімді арнайы шақырған жоқпын. Бірақ самаурынның түтінін көрген жұрт өздері келді. Өйткені олар шайға емес, шынайы әңгімеге келді. Балам, самаурынның қадірі темірінде емес, түтінінде. Оның түтіні шыққан үйде әңгіме үзілмейді, үлкеннің батасы айтылады, кішінің күлкісі естіледі. Ал жалыны маздаған үйдің берекесі де маздайды. Самаурын суды ғана қайнатпайды. Ол адамдардың көңілін жылытады. Оның айналасына жиналған жұрт шай үшін емес, бір-бірінің халін сұрап, жүректегі сөзін айту үшін келеді. Бүгін бәрі тез қайнайды. Бірақ тез қайнаған су сияқты кейбір көңіл де тез суып кетеді. Ал самаурынның шайы баяу қайнайды. Сол сияқты адам да сабырмен өмір сүрсе, сөзі де салмақты, ісі де берекелі болады.
Сырттай ата мен немересінің әңгімесін тыңдап жүрген Зылиха шоққа нан пісіру үшін дайындалып жатты. Сонда немересі әжесіне:
– Шоққа нан пісірудің де қажеті жоқ қой. Ендігі келгенде нан пісіретін электрлі пеш әкеліп беремін. Таңазаңннан ошаққа тамақ пісіріп, дамыл көрмейсіз.
Әжесі ештеңе демеді. Ошақтың шоғына қамыр көміп қойды. Ерінің сөзіне араласпаған кемпірінің әрекетін көріп қария:
– Ал шоққа піскен нанның дәмі неге ерекше екенін білесің бе? Ол ұзақ күтіп піседі. Адамның мінезі де сондай. Сабырмен піскен нан тәтті болады, сабырмен қалыптасқан адам қадірлі болады. Қазіргі жұрт бәрін тез қалайды. Бірақ тез қайнаған су жүректі жылыта алмайды, тез келген байлық та бақыт әкелмейді.
Немересі сол сәтте ғана атасының айтпағын түсінді. Самаурын – адамдарды табыстыратын белгі екен. Шоққа піскен нан – сабырдың нышаны.
Қалаға қайтар күні ол атасының қолын қысып:
– Ата, сіз маған шай ішуді емес, өмір сүруді үйреттіңіз, – деді.
Атасы жымиып:
– Есіңде болсын, балам. Үйіңде самаурын болмаса да болады. Бірақ жүрегіңде мейірімнің оты өшпесін. Дастарқаныңда шоққа піскен нан тұрмаса да ешкім режімейді. Бірақ бөлісер ниетің таусылмасын. Сонда қай жерде жүрсең де, үйіңнің берекесі кетпейді.










