Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ошақта жанған от

Ошақта жанған от

Жаз. Ауыл кеші. Ымырт үйіріліп ке­леді. Саман кірпіштен тұрғызылған тоқал үй­дің алдындағы ошаққа қи салынып, от тұтатылды. Көп кешікпей оның мұржасынан түтін көтеріліп, қара қазан шымырлап қайнай бастайды. Ұсақ малдың тұяғы таптаған қидың жа­лыны көмірден кем болмағанын аға буын ұр­пақ өкілдері өте жақсы біледі. Осы та­биғи отын ғасырлар бойы қазақы пеш­тің қызуын бәсеңдетпей келді емес пе? Ал үйдің іші мен сыртындағы ошақ­та қа­ра қазанға пісірілген тағамның дәмі тіл үйі­­ріліп тұратыны ұмытыла қояр ма екен.

Мұндай көрініс ел ішінде сексенінші жылдарға дейін сақталып келді. Кейіннен қидың орнын көмір, содан соң көгілдір отын алмастырды.
Ошақтар жойылып, әр үйге газ құбырлары тартылды. Сіріңкені бір тартып қалсаң бол­ды, көгілдір от лап ете түседі. Ендігі жерде тамақ қара қазанда емес, қалайы кос­трюлдерде пісіріле бастады. Бәрібір ошақта жанған от пен көкке бой соза көтерілген оның түтіні сол жылдардағы ауыл балаларының көкейінде жатталып калды.

Ошақта жанған оттың жанында, арбаның үстінде жатып бала-қиял жер-көкті шарлап кете барушы еді. Ошақ оты жүздеген, мыңдаған ауыл балаларының арманын ұштап, түпсіз терең әлемге жетектеп кете баратын. Ауылдың ұл-қызының арманшыл, мақсаткер болып өсуінің бір сыры ошақта жанған оттан ауысқан шексіз қуат па деп қаласың. Ал керісінше бір күн ошақта от жанбай қалса, ауыл баласының көңілі пәс, жабырқау бола қалатыны да бар. Көршілес қоныстанған қос үйдің сыртқы ошақтары да қатар орналасқан еді. Көршінің ошағында сатыр-күтір лаулап от жанып, біздің үйдің ошағы қарайып, үңірейіп тұрса, атам мен әжеме: ошақта неге от жанбай жатыр, деп ығырды шығарушы едім.

Мұндай ошақтар ауылдық жерде әлі де кездеседі. Көзіңе шоқтай басылатын сол тұрмыстық зат-мүлікті көргенде үй иелеріне мұны пайдаланып тұрасыңдар ма деген сауал қоясың еріксіз. Әрине. Әсіресе жаз кезінде оған ет асып жегенді жақсы көреміз. Оның дәмі мүлдем бөлек болады дейді жергілікті тұрғындар.

Ошақ деген сөзді жалаң қарастырмай, оған тереңірек мән берсек, ұя, отбасы деген мағыналы ұғым шығады. Мысалы, қазіргідей күрделі кезеңде індет қос өкпеден қысқан кезде ошағымыздың оты сөнбесін, ағайын! «Аш қарын жұбана ма, майлы ас жемей» деп дана Абай айтқандай, қазанымызда бүлкілдеп, былқылдап піскен майлы ет сізге шипа болып дарығай!


Темір ҚҰСАЙЫН,


01 тамыз 2020 ж. 428 0