Бесарықтық қарттар –сексеннің төрінде
Биылғы жыл Берекелі Бесарық тұрғындары үшін табысты да жемісті болды. Көркіне көз сүйсінетін ауылдың ажары келісті, адамдары тату-тәтті тірлік кешуде. Жыл бойына берекелі ауылдың тыныс-тіршілігін көруге мұнда ат басын тіреген меймандар қатары да қалың болды. Бесарықтық кәсіпкерлер тыңнан түрен түріп, жаңа бизнес бастап, ауылдың дамуына үлес қосуда. Мұның барлығы ауылдағы ардақты ардагерлердің, қадірменді қариялардың ақ батасының арқасы.Жылдағы дәстүрмен ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Әлжіков, әйелдер кеңесінің төрайымы Назира Жүсіпова, мәдениет үйінің қызметкерлерімен ауылдың 80 жасқа толған қарияларын мерейтойымен құттықтады. Әрбір қарттың үйіне барып, сәлем беріп, құрметтеген ауыл ардақтылары қазыналы қарттарға сый көрсетті.
– Бесарық ауылының тұрғындары қашанда игі істің қасынан табылуда. Биылғы жыл біз үшін берекелі, табысты болды. Бұл әрине, үлкендеріміздің берген батасының, ауылдың ауызбірлігінің арқасы. Жылдағы дәстүрмен биыл да қазыналы қарияларымызды арнайы құттықтап бардық. Жылы сөз, елеп, ескеру әр зейнеткердің көңіліне жылу сыйлайды. «Жақсы сөз – жарым ырыс», деп қазақ бекер айтпайды ғой. Жас кезінен елі үшін еңбекке араласып, бейбіт күнде ерен еңбегімен елдің тірегіне айналған еңбек адамдары, аулымыздың қадірменді қариялары, сүйектері асыл алтынның сынығындай болған қарттарымызды жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты сексеннің сеңгіріне де алып жетіпті. Ауыртпалығы мен жақсылығы қатар жүретін өмір өрісінде, абыроймен қызмет етіп, балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, ұяда түлетіп, қияға самғатып, білімді де мәдениетті азаматтар етіп қатарға қосқан жандар. Сондықтан биылғы жылы да мерейлі жасқа жеткен бірнеше ардагерімізге сый-сияпатымызды жасадық, – дейді ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев.
Биылғы жылы ауылдың қадірменді де аузы дуалы ақсақалдары мен ақ жаулықты аналардың қатарында Күнсұлу Қайранбаева, Ұзақ Телғозиев, Ілияс Сейілханов, Мүслима Жүрсінбаева, Үйсінбай Маханов бар. Олар берекелі ауылдың өсіп-өркендеуіне атсалысқан, қарапайым еңбек етіп, тіршілік еткен ауылдың үлкендері.
«Қарты бар ел – қазыналы ел» дегендей, өмірден көргені мен түйгені көп ақсақалдар мен аналардың өмір жасы ұзақ болсын.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ










