Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Шатақ шал

«Ұлыңды – ұрымға, қызыңды – қырымға» деген заңдылықты ұстап қан тазалығы үшін неғұрлым алыс жерден қыз алып, қыз беруді жөн көрген екен ата-бабаларымыз. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, көрші аймақтан қыз алып құда болған жағдайлардың өзінде құдалықтың салт-дәстүрінде, кәде-құрметінде өзінше өзгешеліктер байқалады. Қазіргі құда күту бәсекеге айналып, тіпті түрленіп кеткен жағдайы бар.

«Үйленсем» деген жастарға құда­лық кәделерінің қымбаттап қол жет­кізбеуі де сұр бой­дақтардың санының көбеюіне әкеп соқтыруда. Біздің заманымызда жастардың қазіргідей құда түсіп үйленуінен гөрі, қызды алып қашып үйленуі көп кездесетін. Қазіргі замандас апа, әжелердің көбісінің «отбасын құру тарихы» осылай басталғанын мойындайды деп ойлаймын. Өз басым да үйдегі немерелерімнің әжесін алып қашып үйлендім. Талай бауырларымның, жиендерімнің кешірім құдалықтарына барып, қызықты оқиғаларға тап болғаным әлі де есімде. Сол кездері үйленем деп миллиондап қарызға батқан жандарды да көргенім жоқ. Ол – шындық. Заманына қарай ма, сол үйленгендердің бәрі де балалы-шағалы, алды немере сүйіп елмен қатар өмір сүріп жатыр. Он екі баласы бар бір ағамыз қалың мал беруден шаршап, сасқанынан «Әй, бас-басыңа қыз қайда?! Арасында байдан қайтқан қатын алсаңдар да болады» деген екен. Ол кездерде екінің бірі көпбалалы отбасы еді ғой.

Ілгеріде көрші отырған екі ауылдың жігіттері бірінен-бірі қыз алып қашып, ағайындары кешірімге баратын ыңғайлы адам таба алмай сасады. Іргелес ауылдағы қыздың әкесі аумаққа белгілі шатақ адам екенін ел біледі екен. Ағайынның ішінде жүрегі дауалап, кешірімге баратын адам шыға қоймаған соң, жан-жақтан жұмысты орындайтын ыңғайлы адамды іздейді. Ауылдың үлкендері ақылдаса келіп амал жоқ сырттан келген ерке жиенге тоқтайды. Қу тілді, мақтаншақтау, арқасы бар жиенді «батырға» теңеп, әурелеп әрең көндіреді. Қолына қара чемоданды ұстатып, совхоздың бас бухгалтерінің ауылдағы жалғыз «москвичіне» мінгізіп, арқасынан қағып-қағып елшілікке жібереді. Қалған ауыл адамдары тойды бас­тамай ақырын күтіп жолға қарап отырыпты. Кешірімге таң ата барған жиен, ауылдан жайылымға мал айдап шыққан бір кісіден жөнін айтып құданың үйін сілтеуді өтінеді. Ол кісі «алған келіндеріңіз шатақ шалдың қызы емес, немересі болады» деп өзінің туған әке-шешесінің үйін көрсетіп жібереді. Қуанып кеткен құдалар сілтеген үйге еркін кіріп барады. Бірақ әке-шешесі шалдан қорқып, құдаларды қабылдамай тіпті «бірге жүріңіздер» дегеніне де көнбейді. Амал жоқ, шатақ шалдың үйіне барса, кемпірі сиыр сауып, өзі қорада мал жайғап жүр екен. «Батырға да жан керек» дегендей, ішке кіруге құдалардың жүректері дауаламай, қораның сыртынан елшілікке келгенін айтып келіссөз жүргізеді. Айқай-шу басталып, кінәлі – кемпір болып, сүт шелегімен төңкеріліп, шал жын ұрғандай олай-бұлай жүгіріп, боқтыққа басады. Қораның есігін сыртынан тіреген – бұлар, ар жағында – қолында жалт-жұлт еткен айыры бар шатақ шал. Іс насырға шауып, айқай-шу үдей бастайды. Амал жоқ, бұл да қулыққа басып, шалға естірте шопырына қарай «Қап, ауылдағы ағайыннан ұят болды ау, кешірімге бақандай 600 сом беріп жіберіп еді, таудан да, тастан да қайтпаған басым, масқара болдық-ау» деп айқайлайды. Ол кезде кешірімнің ең көбі 150-200 сомның о жақ бұ жағы екен. «Машинаны оталдыр інім, қайтайық!» деп, қора жаққа құлақ түреді ғой баяғы қу құда. Сәлден кейін шопырға айтылған сөзді естіген болу керек, шатақ құданың ашуы басылып, қонақтарды жылы қабылдап, үйге кіргізіп төрге оздырған екен. Мал соямын дегеніне қарамай, ағайын-туыс тойды бастамай күтіп отырғанын айтып, қыздарының хатын беріп, нан ауыз тиіп, 200 сом ақшасы бар конвертті ашпай ортаға тастайды. Амал жоқ, шал батасын беріп, бұлар ақшаны санаймыз дегенше асығыс шығып кетеді. Той өтіп, кейін құдалыққа келген шатақ құда «Алаяқ құда қайда?» деп сыртта тығылып жүрген құдасын іздеген көрінеді. Әрі қарай болған оқиғалар ұмытылып, я анда-санда еске түсетін әзіл әңгімеге айналыпты Құдалық қатынас жалғасын тауып кете береді.

«Үйірі басқаны ноқта қосады, атасы басқаны неке қосады» деп білген атам қазақ. Әрине құда түсіп, қолдан келгенше ата дәстүрімізге лайықты кәде құрметімен қолжетімді құдалық жасалып жатқанға не жетсін?! Біздің заманымыздың тойлары көбінесе осындай қызықты оқиғалармен бас­талып ақыры баянды болғандай болып көрінеді маған. Осы кездегі күннен күнге қымбаттап бара жатқан тойдың кәде-құрметі мен махр деген жастардың үйленуіне үлкен кедергі болып мемлекеттік мәселеге айналып кетуі мүмкін. Жан-жағыңызға назар салып қарасаңыз, сүр бойдақ пен кәрі қыздар отбасын құрғандардан асып жығылады. Бұл – бүгінгі күннің үлкен мәселесіне айналып отыр.


Марат ОМАРОВ,
Фото: Болат Омарәлиев



29 наурыз 2025 ж. 107 0