Кинолентадай өте шыққан балалық...
Адам екі аяғын тең басып жүргенде көп нәрсені ойлай бермейтіні де шындық. Дүбірлі өмірдің дүрбелеңімен жүріп, өмірдің жол ортасынан қалай асып кеткенін кейбір жандар байқамай қалып жатады. Сөйтіп, зырлауық уақыттың жетегінде кеткен қайран жастығын ой-өрісі толысқан шағыңда сағына еске алады екен. Мен де солай ақ желеңді 70 жастың ақ желкені көтерілген шақта, осыдан 62 жыл бұрын ауылдағы №174 А.С.Макаренко атындағы мектептің табалдырығын бірге аттаған кластас ұл-қыздарды еске алып, өткен шаққа көз жүгірттім.Сол бірге оқыған ұл-қыздардың ішінде қыздар барда, ұлдар жоқ бүгінде. Біздер о баста 1 класқа 4 ер бала мектеп табалдырығын бірге аттаған едік. Бізбен 18 қыз бірге оқыды. Сол 4 баланың бірі, Сырдария аудандық «Сырдария», облыстық «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарған, Сыр өңіріне белгілі журналист, марқұм Жалғасбай Қойшыбаев, екіншісі газ саласының мастер-технигі, марқұм Сәрсенбай Рахметов, үшіншісі жол апатынан өрім жаста қайтқан Дүйсенбай Қожахметов, төртінші мен осы жолдардың авторы.
Ойлап қарап отырсам, бақ пен дәулет секілді ұзақ ғұмырда әркімнің маңдайына бұйыра бермейді-ау, сірә, Бұл да болса тағдырдың жазуы шығар. Бұл үшеуіде Айдарлы мен Жетікөл ауылын жалғастырып жатқан үлкен күре жолдың бойындағы «Қожжан қожа» мазарында жатыр. Аракідік жол түсіріп соғып, әруақтарына құран бағыштап қайтам. Жалғасбай Қойшыбаевтың өмірден озғанына биыл 32 жылға жуықтады. Ал Сәрсенбай Рахметовтың қайтқанына 22 жыл толды. Міне, зуылдаған өмір ағып өтіп жатыр. Тұрлаусыз уақыт бір орында тұрмай зырғып барады. Тірі болғанда, үстіміздегі жылы бәріміз 70 жасты тойлар едік-ау.
Мен үшін олармен бірге өткен жастықшақ сағымға сіңіп бара жатқандай сезінеді екенсің. Себебі, балдәурен шақтағы есерлік кезеңді еске алып, сыр тарқататын жан достарым бұл күнде жоқ болғасын, маған осылай көріне ме, кім білсін?..
...Бала кезімізде мен «Айшағырға» мініп, көз ілеспес аяңымен қызықтыратын, ал арлан қасқыр көрседе ықпайтын «Алтайқасқаға» Жалғасбай отырып, алдынан қоян жібремейтін «Сұркөжекке» Сәрсенбай жайғасып, үшеуміз «ауыл сыртындағы «Бешко бауына» шие теруге жиі баратынбыз. Ауылдан ұзап, Маңабайкөлінің» табанына аттұяғы тиісімен аттың басын жіберетінбіз. Бірінен бір қалмайтын, бірінен бірі озбайтын тұлпардың тұқымдары еді. Бірақ осының ішінде «Сұркөжек» бәйгеге талай қосылып, талай бәйгені қанжығасына байлап үлгірген. Сүркөжектің егесі ауылдағы «Қожжан қожа» мазарының шырақшысы Меңліқожа көке болатын.
Ол кісі нағыз атсейіс болатын. Өзі Көрғұлыдағы ат сынгері Раушанбектей болмағанымен, өз атасы атсыншысы болғандығын жиі айтатын. Қандағы бар қасиет бұл кісінің бойында бар болса керек. Жасында саятшылық жасап, сейіскерлікпен айналысқан, серілік еткен Меңліқожа жасы ұлғайған шағында көңілі қайтадан ата кәсібі атсейістікті қолға алуды жөн санайды. Қартайған шағында бар ойы, бар арманы ұмыт қалған ісін жаңғыртып, елге өзінің шын атсейіс екендігін танытып, ауыл арасынан бір шабандоз баланы шығарып, соған білгенін үйрету еді. Көңіліне алған ісі бітпейінше, ас батпауға айналады. Содан айналадағы аяғы жеткен жерлерге барып, атқұмарларлармен кездесіп, сөйлесіп, «жақсы тұқымды қылқұрық болса, сатып аламын» деп ел аралап жүрді. Түркістан, Тараз, Алматы, Өзбекстан, Қарақалпақ асып текті жылқы тұқымын іздеп жүргендігін ауылдың үлкен кісілерінен естіп жүретінбіз. Қанша беріле іздесе де жолы болмай, салы суға кетіп ауылға оралатын. Бір күні жылқы іздеп Жетікөл ауылының оңтүстік беткейде жатқан «Асанас әулиенің» мазаратына жетіп, әбден шаршағанын байқап, сол жерде дәретін алып, құранын оқып, дұғасын бағыштап болып, сәл қисайып жатса көзі ілініп кетеді.
...Биік шыңның басында қаражалды топырақ түстес сұр атпен қалықтап ұшып жүреді. Жайлап еңкейіп қолтығына қарай көзін салса, қолтық астында пырақ барын байқайды. Сол қалықтаған қалпы басы айналып, дүниені шолып шыққандай болады. Ат үстінде көңілі өсіп, мәртебесі биіктегендей сезінеді. Осындай көңілі көкке өрлеп тұрған шағында қалың қара бұлт арасынан аққа оранған, қолында аса таяғы бар ақсақал шығып: – Әй, Меңліқожа, тұр орныңнан, іздегеніңді ауылдан табасың. Бір ақбоз айғыр бар, ақтығында бір мін жоқ. Үйірінің жанына жан жолатпайды. Кез келген уақытта барған жанға шабуыл жасайды. Өте қасиетті айғыр. Сол айғырдың белгісі суға түсіп шыққанда үсті домалақ қаралаға айналады. Соның алдында қаражалды сұр байтал жүр, содан пырақ туады. Іздегеніңді соның алдынан табасың, «орныңнан тез тұр» деп қолындағы аса таяқпен арқасынан салып қалады.
Атып тұрса, айналасында ешкім жоқ. Тілін кәлимаға келтіріп, әруақтарға құран бағыштайды. Түсін жақсыға жорып атына қонады. Таң сыз беріп қалыпты. Сол түсінің жобасы бойынша «Сүркөжекті» үш жыл іздейді. Содан күдері үзіле бастаған ол кісі дүдәмал сезіммен соңғы рет, Қайырсуат маңын түгел аралап, Кенбайтөбені артқа тастап, Маңабайкөлін басып өтіп, Желқазғанға жетіп, Райымбек қыстауы тұсынан «Көктіңкөлі» маңындағы жазық жағалау жиегіне іліне бергенде бір үйір жылқыны көріп, соған бет бұрады. Алыстан адам қарасын аңдап қалған ақбоз айғыр құйрығын шанша көтеріп азынай үйірін иіріп тастай сала, бұған қарай құйғыта шауып келеді.
Бұны байқаған Меңліқожа бірден ойпаңдау жерге қарай ойыса, бойын тасалады. Айғырдың көзінен тасаланып үлгірген ақсақал Терісөзектің ішімен бұқпантайлап жүріп отырып, үйірді көрді. Тасалай тұрып ақбоз айғырды көрді. Осыдан үш жыл бұрын түсінде айтқан айғырдың дәл өзі. Өз көзіне, өзі сенер емес. Жер-көктен іздегені табылды.
– Е, Алла өзің жар бол! Түсімде айтылған осы ат қой...
Меңліқожа бұдан әрі шыдай алмай орнынан қуанғаннан атып тұрды. Осы сәтте елгезек үйір дүр етіп үркіп, алды-артына қарамай безе жөнелді. Аң-таң болған ақбоз айғыр ербиіп тұрған адамды көрді де басын жерге сала қатты кісіней, шырақшыға қарай айбат шеге шауып келеді. Дарақ сексеуілдің тасасына тығылып үлгірді. Шауып келе жатқан ақбоз айғыр кілт бұрылып, үйірінің соңынан кетті. Сол күннен бастап ақбоз айғырдың үйірін көзінен таса қылмай, сұр қаражал байтылдың туып тұрған үстінен шығады. Сұрастырып жүріп, байталдың егесін тауып, жабағы кезінде аттың бағасын беріп, Сәдуақас қожадан осы «Сұркөжекті» сатып алады. Тайында құнан бәйгеден бас бәйгені алып, «Сұркөжектің» даңқы асқақтай бастайды. Сұркөжекке Сәдуақас жездемнің баласы Мұстафа шабады. Сол Мұстафа осы Сәрсенбай досымның туған інісі. Өмірдің соңында Меңліқожа мен Сұркөжектің өмірлері өте трагедиямен аяқталды. Бұл материалға оны сыйғызы жазу мүмкін емес-ті. Бірақ бұл жайлы кезінде газеттерге «Сұркөжек» деген атаумен жазған болатынмын.
Айшағыр мен Алтайқасқа құнан бәйгеге қосылған енді-енді нан талап қыл құйрықтар еді. Тайында құннан озған жүйріктер тұяқ дүбірінен арқалары қозып шапқан ауыздықпен алыса түседі. Кейде «Маңабайкөлін» маң басып, аяң жүріспен жүріп өткен шағымызда, ертедегі сал-серілердей әртүрлі қиялға берлетінбіз. Сондайда Сәрсенбай ән айтатын:
«Қыз қайда, Розадай гүл жайнаған,
Көл қайда, Мақпалкөлдей нұр ойнаған.
Мен келем, Сұркөжекпен сал-серідей,
Шығар ма, Розажан мың ойланам» – деп өзінше қиялға берілетін. Бірақ оның дауысы өте тамаша, барынша ашық болатын. Көл жағасын кернеп кететін. Қайран жастық-ай десеңші! Жалғас екеумізде қарап қалмай, оған қосыла шырқайтынбыз. Бала қиялды қойсаңшы, өзімізді құтты бір әншідей сезінетінбіз. Осындай сәтте қиялымыз көкке өрлей жөнелетін. Неше түрлі ойға беріліп бір сәт әнші, енді бірде ақын, журналист болып ой қуып, тарихшы болып шежіре шертіп, жазушы болып толғанып, қылқұйрықтың үстінде керемет сезімге бөленетінбіз...
...Балалықтың бал шырын дәмін бірге татып, таусылмастай ойынын бөліскен, қой қораға тығылып, қидың шуаш сасыған иісін бірге жұтқан, тас атып «атыспақ» ойнап, бір-бірімізді арқалаған шақтардағы кластас жан достарым Жалғасбай Қойшыбаев пен Сәрсенбай Рахиетов үшеуміз «Бешко бауындағы» шие мен өрікті, қызыл жиде мен қара жидекті майкімізге теріп салып алатын едік. Ол кездерде біздер 2 класта оқитынбыз. Әсіресе, шиенің қызыл шіреші сыртқа шығып, қарнымызға күн ыстықта жабысып қалатын. Бұнымыз шие алып келе жатқанымызды ешкім білмесін деген аңғалдығымыз еді. Ойласам, бейкүнә балалықтың тазалығы екен бұл. Сағынышқа айналған қайран балалық шақ десеңші.
Бала кездегі ауылдың жаз жайлауын айтсаңшы. Бірде қалың жоңышқалықтың ішінен қырғауылдардың сары үрпек балапандары үшеуміздің алдымыздан үрке жан-жаққа қаша жөнелді. Сәрсенбайдың есігінің алдында шаруашылықтың жоңышқалық алқабы болатын. Бала кезімі 2 сыныпта оқимыз. Үшеуміз жаңағыларды қуа жөнелдік. Біздер ойладық: «Тауықтың адасып қалған балапандары екен» деп. Жоңышқаны жапыра қуып келеміз. Оллар жүйрік пе, әлде, айламен қаша ма, бірде біреуін ұстай алмай, ентігіп, шаршап қалдық. Үшеуміз қалай қуғанымызды айтып, дабырласып келе жатқанымызда Сәрсенбайдың әкесі Сәдуақас жездем келе қалды.
– Әй, сендер не қуып жүрсіңдер? Шығыңдар, жоңышқаның ішінен жылан шағып алады, – деді. Сол кезде Сәрсенбай әкесіне: – Көке, біздің тауықтардың балапандары жоңышқаның ішіне кіріп адасып жүр екен, соларды ұстайық десек, ұстай алмадық, – деді.
– Әй, балдарым-ай, олар қырғауылдың балапандары ғой. Мыналарың не, жалаңаяқ жүрістерің, жылан шағып алады, тез шығыңдар, – деді. Жыланды айтқасын жанымыз қалмай жоңышқалық атыздан атып шығып, әңгімеміз қайтадан «тауықтың балапандары шығар деп ойлап қалсақ» деп олардаң қалай қашқандарын айтып мәз болып келеміз. Жалғастың үйінің сырты ойпаңдау, іші тола майда жыңғыл болатын. Содан өте бергенімізде Жалғас: – Анаң қараңдар, кішкентай қоянды – деп қолын алға шошайтты. Оның көрсеткен жағына қарасақ, майда жыңғылдың етегінде қоянның көжегі бұғып отыр екен. Басын көтеріп, бұғып қояды. Сәрсенбай айтты: – Үшеуміз үш жақтан шығып, ортаға алып ұстап аламыз – деді. Үшеуміз үш жаққа бөлініп, еңкейе түсіп, екі қолымызды қанат құсатып жайып, көжекке білдіртпей жақындап келеміз. Көзіміз қоянның көжегінде. Жақындадық та, жан екпінмен көжекті ұстауға ұмтылдық. Содан біріміздің бетімізді біріміз баспен ұрып, мұрындарымыз даладай қанап, үшеуіміздің көзіміз ісіп көгеріп, бетіміз томпайып, біреу сабағандай үйге келдік.
Түрімізді көрген үйдегілер шошып кетіп, «сендерді кім сабады?», – дейді. Айтсақ, сенбейді. Әй, қайран балалық-ай десеңші. Қара сирақ баланың қылығын қойсаңшы...
4-ші сынып оқитын кезім. Үлкен қарықтың жиегінде бақшалық, жоңышқалық жеріміз бар. Оның аумағы шамамен 3-4 гектардай болып қалады. Жазда қараша үй тігіп, жайлау етеміз. Сол қарыққа жазда ауыл балалары келіп суға түседі. Суға түсуге барсам, біздің үйдің 5-6 тауығы каналдың арғы бетіне жүзіп барады. Кәдімгі үйректер сияқты. Мойындарын алға созып жіберген. Тауықтың бұлай жүзгендерін бірінші рет көруім. Үйге, анама жүгіріп келдім. Көрген оқиғаны айтсам, анам сенбейді. «Сен-ақ, қайдағыны айтасың да жүресің» деп сенетін емес.
Ақыры қоймай анамды үйден алып шықтым. Арықтың жайпақ жерінде суға ентелей қарап бес тауық тұр.
– Ойбай балам, арғы бетке жүзіп шық та алып кел, – деді. Шешініп тастап, суға қойып кетіп, арғы бетке шықтым. Мен жиекке шыға бергенімде әлгі тауықтар бірінен соң бірі суға түсіп, келесі бетке қарай жүзіп кетті. Мойындарының бәрі алда. Құтты бір үйректер секілді. Мына оқиғаны өз көзімен көрген анам, тілін кәлимаға келтіріп, Аллаға сиынуда. Каналдың өздері жүзіп шыққан тауықтар жәймен деп жайылып кетті. Мен де аң-таң, анамда аң-таң күй кештік. Мұндай оқиғаны анамда бірінші рет көріпті.
Әлден уақытта Сәрсенбай мен Жалғасбай үйге келді. Суға түсіп, жалақ ойнауға кеттік. Олар келе жатып: –Сенің тауықтарыңды судан өткізген біз ғой. Сен «Бай әжеме» айтып қойма, – деді екеуі жалына. Мен болсам, істеріне таңғалып, оларды судан қалай өткіздіңдер? –деп қызыға сұрадым. Қайтадан өткізіп көрейік деп қоям.
– Каток жіпке жүгерінің дәнін өткіздік. Соны алдарына тастап едік жұтып қойды. Тартсақ кәдімгідей жүреді екен. Содан судан өткізіп көрейік дедік. Содан суға жүзгіздік. Кәдімгі үйрек секілді жүзеді екен–деп екеуі мәз. Әй, қайран балалықтың қиялға толы кезеңін қойсаңшы... Балалықтың қиялшыл әсері болмаса, осындай істерді жасау ойға келер ме, еді...
Ауылда көктем күні басталысымен егін егуге шығатыны белгілі. Осындай сәттің бірінде тың жер ашып қауын салдық. Сол жылы жазда еккен тарымыз бітік шықты. Басын көтере алмай қалды. Оны торғайдан қорғау ісі өте қиын. Бір күні осы тарыны Жалғас екеуміз суарып жүргенбіз. Тары ішіне кірсек, төбеміз зорға көрінетін. Осы уақытта тарыны жапырып бір дәу қара шошқа бізге қарай зуылдап келеді. Қалай дегенде де жан тәтті. Жалғас екеуміз жан ұшыра «Қожжан қожа» мазары жағындағы құмдағы «Үш ағашқа» қарай зытып келеміз. «Үш ағашқа» шығып кетіп, артымызға қарасақ, тарылықтың ортасында Сәрсенбай тұр.
Сөйтсек ол қарақшы етіп қойған бушлятты жамылып, бізді шошқа болып, қорсылдап қорқытқан екен ғой. Әй, қайран, балалық-ай десеңші. Ол кезде сол 4 класта оқимыз. Әй, аңқаулық-ай, не болса, соған сенген. Сағынышты сағымға айналған қайран балалықты қойсаңшы...
Сол балалықта жасалған қиялшыл кезеңдегі әдемі шақ енді оралмасқа кетті. Тек еске алып іштей жымиып қоясың енді. Балалықтың хикаяты өз алдына таусылмас жыр ғой.
3-ші сыныпта оқимыз. Диктант жаздырады. Бірде осындайда Жалғас дәуіттің үстіне сызғышты қойып, оның бетіне ручкасын салып басып қалады. Сөйтсе, ол төбеге қадалып түспей қалады. Содан менің ручкамды сұрап алып, оны да төбеге қадап қояды. Диктант жазу керек. Бірақ екеумізде ручка жоқ. Диктант жазудың жары ортасына келе бергенде, төбеде ручканың бірі Жалғастың өзінің төбесіне түсіп қадалып қалды. Жалғас «ойбай» деп қалғанда, класта ызғын шу басталып кетті. Ол кезде тәртіп қатты. Апай директорды шақырып келді.
Директор келді де, «мына ручка кімдікі?» – деді Қыздар, «Райымбековтікі» деп шу ете қалды. «Сен неге, Жалғастың басына ручкаңды тығып алдың?» деп Кеңес ағай сұрақтың астына алды. Мен болсам дыбысым айналамнан шықпай: «Ағай, ручканың өзі төбеден түсіп кеткен» дей бергінемде, ағай ашуланып: «Әй, сен не деп тұрсың? Ол қалай төбеден түседі» деп жоғары қарап қалғанда, екінші ручканың ілініп тұрғанын көріп, үндемей қалды. «Қәзір милиция келеді, көреміз сонда» деп мені кабинетіне алып кетті. Апай Жалғасты медпункт алып кетті. Істің ақ-қарасы ашылғасын, менің кінәлі емес екендігімді білгесін милиция ағай босатып жіберді. Бұл бір балалықтың бір парасы еді.
Жетікөл ауылының оңтүстік шетінде қыздың жанарындай мөлдіреп жатқан «Мақпалкөл» жатыр. Көктемде оның айналасына өте нәзік лалагүлдер қаптап шығатын. Талай қара қайыққа мініп қозы-лақа балауса құрақ оратынбыз. Көл шетінде ауыл мергендері Жақсылық ағамыз, бала Сақтаған көкеміз, Зұлпықар ағай, Иманғали көкеміз үйрек-қаз атып, балығын осы қайықпен аулайтын. Біздер ол кезде бала едік. Көл жиегіндегі құлаған тамға ойнап, Жалғас кесек арасынан жұмыртқа аламын деп, саусағын көкқарға тістеп айрылмай, зорға ажыратып алған тұстарда болған-ды. Мектепке келе жатып, тыққан қауындарымыздың орнын ауыстырып қоятын Марат бауырымда бұл күнде 70 жасқа келді. Міне, біздің балалық шақ киноға берегісіз еді. Сол кинолентадай бұл күнде өте шықты. Қайран, бабалық шақтың есерлігі мен естелігі осылай есімде қалды...
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,
ардагер журналист










