ТАЛАБЫ ТАУДАЙ ТҮЛЕК – ОН БІР ҮМІТ

Осыдан он бір жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған әрбір жас түлектің арманы сан түрлі. Келешекте биік белесті бағындыруға талпынған олардың мамандық тандауда талғамы әрқалай. Үлкен сынақтан сүрінбей өтіп, ата-ана үмітін ақтауды мақсат тұтады. Он бір оқушының қалаған мамандығына байланысты бағыт-бағдар беру мақсатында мектеп-лицей базасында «Мамандық таңдау – өмірді таңдау» тақырыбында еркін форматтағы ток-шоу өткізілді. Алғаш болып бітіруші жас түлек «Мың алғыс саған, ұстазым» деп аталатын вальс билеп, жиналған көпшілікке құрмет көрсетті. Бұдан кейін өз таңдауынан жаңылыспаймын деген олар қалаған мамандығы бойынша кеңінен ақпарат ұсынды. Әрқайсысының көкейінде түрлі арман. Болашақта білікті маман болудағы ескеретін ереже мен қағиданы қатаң ұстауға тырысады. Жаңа заман талабына сай сұранысқа ие кез келген мамандықтың білуге тиісті бағытын ой таразысына салып, бойындағы қабілет пен қажыр қайратты бір сынап алуға талпынады.
Ток-шоу барысында талай жыл еңбек етіп, өз саласының зор жетістігіне қол жеткізген ардагер қонақтардың пікірі тыңдалды. Әр жылдары осы білім ордасынан түлеп ұшқан ардагерлер қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлива, Асқар Тоқмағанбетов ауылының тұрғыны, заманында ауыл советтік председателі болып қызмет атқарған зейнеткер М.Есенбаева, мектеп-лицейдің «Бастауыш ардагерлер кеңесі» төрайымы А.Ізбасарова, ауданда құқық қорғау саласының ардагері, зейнеткер Қ.Әлшеров өмір дағдысына бағынбайтын уақыт еншісінде жатқан жылдар бойына жинаған тәжірибесімен бөлісті. Мектеп қабырғасында болған қызықты оқиғасын баяндады. Мамандық таңдауда жаңылыспау үшін ақыл-кеңесін айтты. Осы тұста бүгінгі күні әр салада өз орнын тауып, табанды еңбек етіп жүрген орта буын өкілдеріне кезек берілді. Аудан әкімінің орынбасары Е.Ахетов, аудандық аурухана дәрігері Т.Баджанов, аталмыш мектеп-лицей директоры Б.Бақбергенова сөз алып, мамандықтың қиындығы мен қызығы жайлы ойларын ортаға салды.
Мектеп оқушылары әуезді ән орындап, жиналғандарға шад-шадыман көңіл күй сыйлады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы бітіруші жас түлектерге ақ батасын берді.
Б.ОРДАБЕКОВ