ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ

Наурыз мерекесін айрықша тойлауға бел буған сыныптастар өткен күннің естелігін айтып, қызықты кезеңдерімен бөлісті. Сондай-ақ, Асылбек Ахметовтың шаңырағында жиналған олар дәстүр сабақтастығын жаңғыртып, ұлттық әдет-ғұрпымызды дәріптеді. Келіндер мен қыздар бір-біріне сый-сияпат ұсынып, ер азаматтар төс қағыстырып, амандық-саулық сұрасты. Мерекенің басты тағамы наурыз көжеден дәм татып, кештің көркін қыздырды. Жұптары жазылмай, әлі күнге бір-бірімен арадағы қарым-қатынасы үзілмеген достардың әрқайсысы әр саланың тізгінін ұстап, ел қатарлы қызмет етуде. Отбасында да, қызметте де, сыныптастар арасында да белсенді қыздар, сырбаз жігіттер, әзілқой жандар баршылық. Олардың ішінде Ержан Мырқайдаров, Гүлнұр Салхадинова, Нұргүл Сарқыншақова, Сәуле Максимова, Әмір Мәтібаев, Гауһар Қонақбаеваны ерекше айта кеткеніміз жөн. Бүгінде олардың барлығы ибалы келін, аяулы ана, ақылды отанасы, білікті қызметкер болған жайы бар.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ