Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Келбетінен көркемдік көрем

Келбетінен көркемдік көрем

Қашанда жүзінен шуақты мейірім мен имани нұры төгіліп тұратын, үнемі жайдары, көңілді жүретін осы кісіге сыртынан қарап адами болмысына риза болатынмын. Қашан көрсең үлкенмен де, кішімен де баладай ақжарқын қалпымен қарсы алып, тез тіл табысып, өн бойынан ылғи жылылық лебі есіп тұратын.

Ең бірінші таныстығым қалай бас­талғаны әлі күнге көз алдымда. Қалада республикалық «Ақмаржан» деген газет ашылған болатын. Бас редакторы белгілі журналист, кезінде біздің облыста басшылық қыз­мет атқарған Дәдікбаев Марат Кенжебайұлы еді. Ол кісі де өзіміздің Сырдария ауданына қарасты Шаған ауы­лының тумасы.

Сол жерде мен әңгіме еткелі отыр­ған Ерімбетов Кенжалы ағай бас редактордың орынбасары қыз­метінде болды. Өзімнің маман­дығым мұғалім болғанымен қай жер­де газет ашылса сонда барып, мақала беріп, осы журналистік құмар­лығым артып жүрген кез еді. Содан бас редактор «Қазір орынбасарым сізге бірнеше тақырып ұсынады. Сол кісімен сөйлесіңіз» деп қысқа қайырып, Кенжалы ағайға жіберді.

Ол кісінің қашанда адам жатыр­қамайтын кең пейілдігінен болар, каби­нетіне жүрексінбей еркін кірдім. Ол кісі мені орнынан тұра жылы шыраймен қарсы алып, «Кел, кел, қарындасым, отыра ғой» деп отыратын орындықты меңзей көрсетіп, бәйек қағып жатыр. Содан менімен шамалы әңгімелескен соң ұзақ-сонар тақырыптар тізбесін берді. Кенжалы ағай «Осының қайсысы жаныңа жақын, соны жазып кел» деді. Газетті парақтап отырсам сын мақалаға көп мән береді екен. Газет­тің сапасы, материалдары да бір-бір жүк көтеретіндей салмақты екен. Ішімнен оны бір тоқып қойдым. Осы күннен бастап мен редакцияға кү­нара келіп жүрдім. Сын мақалалар мен өлеңдер жазып тұрдым. Газеттің белсенді, тұрақты авторына айналдым.

Байқаймын, бас редакторға менің жазғандарым ұнаған сияқты. Бірі­нен соң бірі берген материалдарым бұрқырап шығып жатты. Кем-кетігі болса, Кенжалы ағай тігісін жат­қызып, өңдеп жібереді. Менің қаламгерлік жолға келудегі алғашқы ұстазым, қиын жолдағы ақылшым, қамқоршым бола білген ақ жүректі Ерімбетов Кенжалы ағайым болды деп мақтана айта аламын. Кейіннен ағайдан үйренген газеттің макетін жасау, материалдарды ретімен қалай орналастыру жақтары менің жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болуыма пайдасы тиді. Кенжалы ағайдан үлгі алған менен де басқа шәкірттері жетерлік. Мәселен, атап айтар болсам, елге белгілі Жүргеновтанушы Бауыржан Иманғалиев, тележүргізушілер Хадиша Сержанова, Бауыржан Шамшатов, Болат Жұмабаевтар бүгінде елге белгілі танымал азаматтарға айналған.

«Жақсыда жаттық жоқ» деген сөзді осы Кенжалы ағамызға арнап айтқандай. Жуырда Кенжалы ағамыз, республикаға белгілі ақын Мұхамеджан Нұрхановтың құ­­жат­тарын Қазақстан Жазушылар одағына дайындап, 80 жасқа қарар шағында, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалы­ның жетекшісі, «Алаш» сый­лы­ғының лауреаты, ақын Қар­шыға Есімсейітова екеуі жүгіріп жүріп биыл одаққа өткізді. Бұл Сыр әде­биетіне деген үлкен қамқорлық, белгілі ақын аға­мызға көр­сетілген жана­шыр­лық болды. Бұның бас­­та­машысы осы Кенжалы ағамыз еді. Менің ойымша, азамат деген сөз осындай жылы жү­рек­ті жандарға қа­ра­та айтылса керек.

Кенжалы ағамыз 2011 жылы «Қызылорда медиа» ЖШС мен «Ақмешіт апталығы» газетіне дирек­тор-бас редактор болып кел­генде шығармашылық орта қалып­тасты. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев болған кезде газетіміз Алматы қала­сынан шығарылып, сапалы ақ қағазға бастырылды. Кейіннен Кенжалы ағай өзі ізденіп жүріп, сондай ақ қағазды «Принт» баспаханасына алдыртып, газеттің сапалы шығуына барынша күш салды. Осыдан бас­тап қалалық «Ақмешіт апталығы» газеті өз қаламыздан ақ қағазға басылып шыға бастады. Бұл іске қала әкімі қолдау көрсетті. Баспасөздегі К.Ерімбетовтің алар орны ерекше. Қалалық газетте бір кездері пәтер алушылардың көлдей болып тізімі жарияланып тұратын. Сондай кезеңдерде тізім жарияланған соң, тиісті мекеме оның ақшасын аударғысы келмей, қиқаңдап, созып жүретін. Осындайда Кенжалы ағай жолын тауып төленбей кеткен қара­жаттарды алып, журналистерге сыйақы етіп беретін.

Мені әрдайым, ақын Мағираштың сіңлісі деп, үнемі Ай-Гауһар деп ерке­летіп жүреді. Кейде мен байқамай қалып өтіп кетіп жатсам, «Гауһар-ай» деп Ай-ды соңына түсіріп тастап жатады. Мен де содан ағайды ренжітіп алғанымды бірден біле қоя­мын да, кешірім сұраймын. Осылай аға­лы-қарындастай сыйластықта ке­ле­міз.

Қазір байыптап қарап отырсам, 40 жылға жуық қаламгерлік еңбек өтілінде мен білмейтін қаншама жур­налистерді дайындағанын кім білсін?! Бүгінде Кенжалы Райым­бекұлы ақ желеңді 70 жасқа келіп отыр. Қазір «Сыр меди»» ЖШС жанын­дағы ардагерлер ұйымының төрағасы. Қолы қалт еткенде лири­калық өлеңдер, әңгімелер, мақа­лалар жазады. Оның өмірге деген құштарлығы, туған ауылына деген іңкәрлігі ақжарма жырларында сезіліп жатады. Қалам мен қағазын тастамаған ағамыз отбасында өте сыйлы, қамқор әке.
Абзал ағаның балалары тәрбиелі, өнегелі, білімді, өмірде өз жолдарын адаспай тауып, бүгінде қоғамның гүлденуіне үлестерін қосуда. Иә, айта берсем ол кісі туралы жылы әсерлер таусылмайды. Ең бастысы, Кенжалы ағайды бүгінгі 70 жасымен құттықтап, зор денсаулық, отының басына баянды бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз! Ақжан апай екеуіңіз өмір асуларынан жұптарыңыз жазылмай бірге өте беріңіздер дегіміз келеді!


Гауһар Қожахметова,
ақын,
Ақпарат саласының үздігі
18 шілде 2026 ж. 66 0