Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Редакциядағы қызықты оқиғалар

Редакциядағы қызықты оқиғалар

"БІР БУМА БАЙЛЫҚ"

Қайбір жылдары газетті облыс орталығынадағы баспаханаға бастырып әкелетін едік. Ол үшін жауапкершілік газеттің фототілшісі Мүслім Қалмұратұлына жүктелген.

Газеттің редакторы кезекті еңбек демалысында болатын. Жаз мезгілі. Сәрсенбі күні тарайтын газетті аптаның сейсенбі күнінде ертерек бастырып келген Мүсілім ағай редакция жанынан екі үлкен бума газетпен таксиден түседі. Әдеттегідей сыртта қызметкерлердің ешқайсысы көрінбегендіктен, ағай бір бума газетті алып ішке келеді. Сыртқа қайтадан шыққан ағай екінші бума газеттің жоқ екенін көріп, "қайда", қайда кетті", мына жердегі газетті кім алып кетті" деп түсініксіз жағдайдың орын алғанын айтуына аузы бармай терлеп-тепшіп ішке кіреді. Бәріміз не істерімізді білмей әбігерге түстік те қалдық. Осылайша бір мыңнан аса газет данасын кім қалай алып кеткенін білмей, тез арада шешім қабылдауға тура келді. Бас редактор демалыста болған соң мазасын алмауды жөн көрдік.

Мүсілім ағай Қызылорда қаласына қайта кетіп, баспаханадан жоғалған дананы қайта бастырып келуге кетті. Әйтсе де ертесіне газет оқырмандарына уақытылы жетті.

Оқиғанын мынадай қызықты жалғасы бар. Сәрсенбі күні редакцияға редактор қоңырау шалды. "Ау, біздің газеттің бір бумасы редакциядан бір көше әрі жолдың жиегінде неғып жатыр, барып көріңдерші, рас па екен, маған бір кісі хабарласты, түсінбей отырмын" деді. Сол-ақ екен кешегі болған оқиғаны айтып бердік. Бізге қабақ шытпай, "байқамайсыңдар ма" деп ескерткен басшымыздың түсіністікпен қарағанына қуандық.

"Не де болса көлікпен келе жатқандар "жолдың жиегінде жатқан не деген байлық" деп машиналарына салып алған ғой, сосын не нәрсе екенін көріп, қайта әкелуге ұялғаннан әрірек көшенің жиегіне лақтырып тастап кеткен. Ұялған тек тұрмас деген осы болар, не де болса ұят нәрсе болды", – деп редакция қызметкерлері көпке дейін осы оқиғаны ұмыта алмай жүрді.

Иә, аңқаулығымыздың бар екені рас. Дегенмен мұндай оқиға ешуақытта қайталанбаса екен.

"ХАНЫМНЫҢ КӨҢІЛ-КҮЙІ"

Редакцияда ұзақ жылдар еңбек етіп, алпыс жасында дүниеден өткен Ерғали Әбдіхалықұлының есімін аудан, облыстың баспасөз қызметі жақсы біледі. Өзі барынша ақкөңіл, аузын ашса көмекейі көрінетін, ақжарқын азаматтық жүрген жері қызыққа толы болатын.

Ерекеңнің жақсы қасиеті таңертең жұмысқа келгеннен соң алдымен ілтипатпен басшының кабинетіне кіретін. Басшыға сәлем беріп, көңіл күйін сұрайтын. Мұны редакцияның басқа қызметкерлері жақсы білетін. Ағайдың кабинеттен шыққанын бәріміз күтіп тұратынбыз. Әдеттегідей басшының кабинетінен шыққан ағай бас бармағын жоғары көтеріп, "Ханымның настроениесі воо-о!" деді. Содан бәріміздің де көңіл күйіміз көтерілетін, сол күні жұмысымыз да жақсы жүретін.

Мұндай көрініс редакцияның әрбір күнінде қайталанып, бір үйді баласындай, ауызбірлігі мықты ұжым атанатынбыз.

ТАҒЫ ДА ЕРЕКЕҢ ТУРАЛЫ

Ерекең туралы айтылар әңгіме көп. Солардың бірі қазіргідей сенбілік жарияланған маусыммен байланысты болатын.

"Ертең сенбілік" десе, ағай бірінші қуанатын. Бәріміздің көңілімізге қарайды ма, "сенбілік деген демалыс ғой" деп ертесіне бір сөмке азық-түлігін көтеріп, редакцияға келетін. Түс мезгілі жақындағанда ішке дастархан жайып, "мынау өзімнің көмген таба наным, мынау бақшадаға жүзім, қияр мен қызанақ та өзімдікі, алыңдар", деп тура таба нанды өзі жауып әкелгендей бәріміздің ішек-сілемізді қатыратын. Неше түрлі көкөніс пен жеміс-жидекке тойып алып, сенбілікті бітіріп, үйімізге тарайтынбыз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
13 қазан 2020 ж. 419 0