Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Санитарлық талап үдесінен шыққан маман

Санитарлық талап үдесінен шыққан маман

Қоғам денсаулығын сақтауда ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерекше екені сөзсіз. Дегенмен емдеу мекемесінің қалыпты жұмыс істеуіне үлес қосатын, көп жағдайда көзге көріне бермейтін қызмет иелері де бар. Солардың бірі – ауруханадағы тазалық пен тәртіптің сақталуына жауапты кіші буын қызметкері екені даусыз. Осындай еңбек адамының қатарында Сырдария аудандық ауруханасының шаруашылық аяжаны Айгүл Басқараева да бар.

Біз білетін Айгүл Кенжеғалиқызы – өз ісіне адалдықпен қарап, жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған жан. Денсаулық сақтау саласында жиырма жылға жуық жыл еңбек етіп келе жатқан ол қарапайымдылық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісін көрсетуде. Оның күнделікті атқаратын жұмысы сырт көзге қарапайым болып көрінгенімен, шын мәнінде науқас­тардың қауіпсіздігі мен сауығуына тікелей әсер ететін маңызды қызмет.

Тазалық – денсаулық кепілі. Әсіресе, аурухана секілді емдеу мекемелерінде тазалық пен санитарлық талаптардың сақталуы аса маңызды. Мұндай ортада әрбір бөлменің, әрбір құрал-жабдықтың таза болуы науқастардың тезірек сауы­ғып кетуіне ықпал етеді. Осы жауапты міндетті мінсіз атқарып жүрген Айгүл Кенжеғалиқызы жылдар бойы аурухана ұжымының сеніміне ие болып келеді.

Кейіпкеріміз 1969 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. 1976 жылы №36 А.Жданов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, араға 10 жыл салып білім ошағын тәмамдайды. Еңбек жолын кондитерлік цехта бастап, адал еңбек пен табан­ды­лық­тың арқасында өмір­­лік тәжірибе жи­нақ­­тайды. 2009 жылы Сырдария аудан­­дық ауру­ханасына кіші буын қыз­меткері болып жұмысқа қабылданып, денсаулық сақтау саласындағы еңбек жолын бастайды. Сол уақыттан бері ол өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарап, еңбекқорлығының арқасында әріп­тестерінің құрметіне бөленіп келеді. Ұжым мүшелері оның әрдайым тиянақтылығын, ұқыптылығын және жұмысты ұйымдастыра білу қабілетін жоғары бағалайды.

Жылдар бойғы жемісті еңбегінің нәтижесінде Айгүл Кенжеғалиқызы 2024 жылы шаруашылық аяжаны қызметіне тағайындалды. Қазіргі таңда ол 25 кіші буын қызметкерінің жұмы­сын үйлес­тіріп, олар­дың қызметіне жетек­шілік етеді. Бұл қызмет үлкен жауап­кершілікті, ұйым­дас­тырушылық қабі­л­етті және адам­дармен тіл табыса білуді талап етеді. Айгүл осы міндеттердің барлығын абы­роймен атқаруда.

– Ауруха­на­дағы тазалық – науқас­тар­дың сауығуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан өз жұмысыма әрдайым жауапкершілікпен қараймын. Осы салада еңбек етіп жүргеніме жиырма жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт ішінде әріптестеріммен бір отбасының мүшесіндей болып кеттім. Ұжымның сыйластығы мен қолдауы маған күш береді. Еңбегімнің еленіп, құрметке ие болуы – мен үшін үлкен қуаныш. Алдағы уақытта да өз міндетімді адал атқарып, халық игілігі үшін еңбек ете беремін, – дейді Айгүл Кенжеғалиқызы.

Шынында да, емханадағы тазалық пен тәртіптің сақталуы – тек қызметтік міндет емес, үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты қажет ететін жұмыс. Күн сайын таңмен таласа келіп, емдеу мекемесінің әр бұрышын таза ұстауға күш салатын қызметкерлердің еңбегі қоғам үшін аса маңызды. Олар науқастардың жайлы ортада ем қабылдауына жағдай жасап, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Айгүл Кенжеғалиқызы – тек өз ісінің шебері ғана емес, сонымен қатар аяу­лы ана, ардақты әже. Бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген ол бүгінде төрт немеренің қызығына бөленіп отырған бақытты жан. Отбасындағы мейірімі мен қамқорлығын қызмет барысында да көрсете білетін кейіпкеріміздің өмір жолы жас буынға үлгі боларлықтай.

Еңбекпен есейіп, маңдай терімен абырой жинаған Айгүл Кенжеғалиқызының өмір жолы – адал еңбек пен қарапа­йымдылықтың жарқын көрінісі. Оның көп жылғы еңбегі мен адамгершілік қасиеті әріптестері арасында ғана емес, аудан тұрғындары арасында да үлкен құрметке ие болып келеді.

Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА
20 маусым 2026 ж. 83 0