Облыста Эпизоотикалық ахуал тұрақты
Биылғы жылы аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша және эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруға республикалық бюджет есебінен 7468,5 мың доза ветеринариялық препараттар қаралды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Облысқа бөлінген 7123,2 мың доза ветеринариялық препараттар аудандарға таратылды. 9 айлық жоспарға сәйкес 5726,9 мың доза препараттың 4987,4 мың дозасы алдын ала егіліп, жұмыстың 87 пайызы орындалды.
Салада атқарылып жатқан ауқымды істерді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев айтып берді.
– Өңірімізде сапалы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы арқылы облысымызға аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесі берілді. Бұл өңіріміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мол септігін тигізеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, ақпараттық жүйеге енгізілді. 1 қыркүйекке дейін ақпараттық жүйеге 1567,6 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелді. Ветеринария саласына аймақ басшысының да қолдауы ерекше. Биылғы жылдан бастап алғаш рет 10 шілде «Ветеринария қызметкерлері күні» болып белгіленді. Аймақ басшысының қатысуымен іс-шара өткізіліп, саланың ардагерлері мен үздік қызметкерлері марапат мінберінен көрінді. Сонымен қатар, биыл облыстық бюджеттен 26 арнайы автокөлік сатып алынып, ветеринария ұйымдарына берілді, – деді Шахмардан Қойшыбаев.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі